Он екі айдың он екі оқиғасы
Өткен он екі ай ішінде басылым бетінде жарық көрген басты жаңалықтарды оқырман назарына ұсынып, қайта жаңғыртқанды жөн көрдік.
Қаңтар. Жыл басындағы ең маңызды жаңалық Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы болса, оның басымдықтары мен жүзеге асыру бағытындағы барлық істер басылым бетінен көрініс тауып отырды. Соның ішінде «Смарт сити» стандартын енгізуге қатысты газеттің 23 қаңтар, №6 санында «Смарт сити» бұл жоба Атырауда қалай іске асады?» атты тілші Айбөпе Сабырованың сараптамалық мақаласы жарық көрді.
Ақпан. Талай тарландар түлеп ұшқан өнер ордасы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры деп аталды. Аталмыш хабарды «Атырау» газеті 23 ақпан күнгі 16-санында алғашқы болып, сүйіншілеп жариялады. Хабарда мәртебелі дәрежені ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің облыс әкімі мен театр директорына салтанатты жағдайда табыс еткендігі айтылды.
Наурыз. «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері». Осындай атаумен Атырауда алғаш рет өткен халықаралық форум газетіміздің 22 наурыз, 23-24-сандарында кеңінен көрініс тапты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұлттық дәстүрді жандандыруды көздеген форумға бес елден 700-ге жуық әртіс қатысты.
Сәуір. Бұл айдың алғашқы күнінің «Атырау» газеті ұжымы үшін орны бөлек. Олай дейтініміз, 1 сәуір күні газетке 95 жыл толды. Облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Атыраудың» алғашқы нөмір, яғни, 1923 жылдың 1 сәуірінде «Ерік» атауымен жарыққа шыққан. Аталмыш датаға орай ұжым мүшелері басылымының өткен тарихы мен бүгінгі тынысынан, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың және көптеген сала басшыларының жылы лебіздерінен тұратын басылымның арнайы санын жариялады.
Мамыр. Көктемнің бұл айы біз үшін мұнайлы өлкедегі Астана қаласының мәдениет күндерімен есте қалды. 22 мамыр күнгі газеттің 41-нөмірінде жарияланған «Еңселі eлордадан – арайлы Атырауға!» деп аталатын шаралар топтамасында «Жастар» театрының қойылымдары «Астанаға арнау», «Астанадан ақ тілек» атты және елордалық академиялық оркестрдің концерттері жайында жазылған.
Маусым. Соғыста із-түссіз кеткен, Құспанғали Боранбаев есімді жауынгер сүйегі маусым айында, 75 жылдан соң туған жеріне қайта жерленді. Бұл ерекше оқиға туралы тілші Бақытжан Жұматтың басылымның 22 маусым күні, 50-санында жарияланған «Ер есімі – ел есінде» деп аталатын мақаласында айтылды.
Шілде. Елорданың туған күніне Атырау жұртшылығы тарту еткен алып көпірдің ашылу салтанаты мен оны тамашалаған жұртшылықтың көңіл-күйі кім-кімді де ерекше әсерге бөлегені рас. Ұзындығы – 313,5, ені 10,5 метр болатын «Атырау» көпірінің ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысып, жаңа көпірдің Атырау облысының лайықты тартуы екендігін атап өткен еді. Газеттің бас редакторы Исатай Балмағамбетов жаңалықты жұртшылықпен бөлісіп, 3 шілде, басылымның 53-санында «Ерке есілді жалғаған алып көпір» атты мақаласын жариялады.
Тамыз. Аталмыш айдағы Мемлекет басшысының Атырау өңіріне сапары ерекше жағдай ретінде есте қалды. Елбасы аймақтағы инвестициялық жобалар барысымен, кластерлік негізде құрылған кешенді өндірістік нысандар жұмысымен танысты. Бұл жайында 24-тамыз газеттің 68-санында жарияланды.
Қыркүйек. «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам». Осылай деп аталатын газеттің 21 қыркүйек, 76-санында жарық көрген мақалада Атырауға келген Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты жайында айтылады. Көшпелі қор көрмесін облыстың бас басылымы тілшілері назарынан тыс қалдырмай, маңызды жоба туралы жан-жақты насихаттап отырды.
Қазан. «Бұл айдағы басты жаңалық қандай?» дер болсаңыз, ойға ең алдымен облыс орталығындағы қоғамдық көлік бағдарламасының бастау алуы оралады. Атырау қаласының күніне орай ұйымдастырылған шаралар барысында жаңадан 20 автобус пайдалануға берілген еді. Аталмыш жаңалық басылымның 9 қазан, 82-санында жарық көріп, тілші Гүлдана Жамбозова елеулі жаңалықты елмен бөліскен болатын.
Қараша. Айдың алғашқы аптасы ұжым үшін естен кетпес, тарихи сәт ретінде есте қалды. Қарашаның 2-сі күні «Атырау» газеті 95 жылдық мерейтойын атап өтіп, аймақ басшысы, елге танымал қоғам қайраткерлері мен қаламгерлердің қатысуымен республикалық медиа-конференция өтсе, «Атырау-Ақпарат» ЖШС базасында ашылған медиа-музей мен интернет-канал өңір журналистикасы дамуындағы соны жаңалық болды. Бұл туралы «Еріктен» «Атырауға» дейінгі шежіре» атты 6 қараша, 90-шы санда жарияланған мақалада кеңінен айтылды.
Желтоқсан. Бұл жолы кәсіпкер меценат Мағауия Мерғалиевтің демеушілігімен Жылыой ауданында Төремұрат, Нарынбай, Өтен батырларға арналған еңселі ескерткіш бой көтерді. Газеттің 21 желтоқсан, 102-санында жарияланған «Тарихқа тағзым» атты мақалада кәсіпкер қаржысына тұрғызылған үш батырдың бейнесі Тәуелсіздікке тамаша тарту болды.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА