Жарнама
Жаңалықтар

ӨЛКЕДЕГІ ӨРКЕНДІ ІСТЕР ӨРІСІ

 

Аймақ басшысы БАҚ өкілдерін соңғы екі жылда американдық, италияндық және ресейлік технологиямен жұмыс жасайтын екі үй құрылысы комбинаты іске қосылғандығынан және мұның өзі өңірді қажетті темір-бетон бұйымдарымен толық қамтамасыз етіп отырғандығынан хабардар етті.

«Қазақстанда алғаш рет жеті шақырымдық тереңдікті бұрғылайтын ауыр бұрғылау қондырғысы жасалды. Шығарылып жатқан бұрғылау қашаулары батыстың техникалық сапа стандарттарынан еш кем емес. Құны шетелдік өнімдерге қарағанда анағұрлым арзан. Тек отандық компаниялардан ғана емес, Ресей Федерациясынан да тапсырыстар алуға мүмкіндік туып отыр. Бұрын тек шетелден қымбат бағамен әкелінетін салмағы 500 тонна болатын аса ауыр металл құрастырмаларын шығаруды бастадық. Бұл кәсіпорын шығарған өнімінің халықаралық сертификаты бар, Атырау мен Павлодар мұнай өңдеу    зауыттарымен жұмыс істейді.

Елбасы күзде Атырауға келген сапарында аталған «АтырауНефтеМаш» зауытында болып, осындай инновациялық жобалардың маңыздылығын атап өтті. Бес мың шақырымдық оптикалы-талшықты кабель шығаратын өндіріс жолға қойылды. Оның өнімдеріне «Қазақтелеком» компаниясы тапсырыс беріп отыр.

Биылғы жылы Индустрияландыру картасымен жалпы сомасы 29 млрд. теңге тұратын 11 жобаны іске қосу жоспарланған. Келесі жылы бастапқыда 50-ден астам дәрі-дәрмек дайындайтын ТМД-дағы ең ірі фармацевтика зауытын ашуды  жоспарлап  отырмыз»  деген Бақтықожа Салахатдинұлы одан әрі өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, халықтың еңбекке жарамды бөлігі, әсіресе,  жастарды жұмыспен қамту, өнеркәсіп өнімдерін өндіру мәселелерін БАҚ өкілдеріне көрнекі слайд  арқылы  жеткізді.

Бұдан әрі облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов әлемдік нарықта мұнай бағасының құлдырауына қарамастан аймақта мұнай мен газ өндіру көлемі азаймағандығын,  тіпті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары екендігін мәлімдеді.

Ауылдағы айшықты істер

Дағдарысқа қарсы алынған шаралардың екінші бағыты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мәселеге тоқталған әкім соңғы үш жылда ауыл  шаруашылығын дамытуға 22 млрд. теңге қаражат бөлінгенін айтып, аймақта ет, сүт және басқа да мал өнімдері мен құс өсіру, жұмыртқа өндіру, егін шаруашылығын дамыту жөніндегі тың жобаларға жан-жақты тоқталды.

Ауыл шаруашылығын дамыту – жұмыс орындарын ашуға да, азық-түлік бағасын сақтауға да мол мүмкіндік берді. Екі жылдан бері 1100 бас голландтық голштино-фриз сауын сиыры бар тауарлы сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Өткен жылдан бастап 20-дан астам ешкі сүті өнімін шығаратын еліміздегі алғашқы ешкі өсіру фермасы жұмыс жасай бастады. Сербиядан әкелінген асыл тұқымды «Заанен» ешкілерінің сүті неміс және италияндық технологиямен өндіріліп, өңделеді.

Испандық технологиямен мал азығын өсіріп, дайындайтын «Гидропоника» іске қосылды. Екі  тонна арпадан күніне 10 тонна жасыл балауса алынады.

Биылғы жылы іске қосылған индустриялды жобалардың ішінде екі құс фабрикасы бар. Екеуі жылына 92 млн. дана жұмыртқа шығарады. Ал, облыс тұрғындарының сұранысы – 82 млн. дана. Артылғаны көрші Маңғыстау облысына сатылып жатыр. Қазір облыста өндірілген 10 жұмыртқаның бағасы 170 теңге. Ал, шеттен әкелінген жұмыртқа – 220 теңге.

«Өткен жылдан бері көкөніс және бақша дақылдарымен толық қамтамасыз етіп келеміз. Артығын былтыр көршілерге шығарып сатсақ, биыл құтылап шығара  бастадық.  Ол үшін  оннан астам салат түрін шығаратын өндірісті іске қостық. Бұл өндіріс орны 370 тонна салат және 75 мың дана көкөніс қалбырларын  дайындайды.

Мал шаруашылығын дамыту өңірде ет өңдеу ісін жолға қоюға мүмкіндік берді. Жеке инвестордың қаржысына жылына 12 миллион 600 мың дана ет құтысын шығаратын кәсіпорын ашылды.  

Осы желтоқсан айында бөдене жұмыртқасын шығаратын және жылқы, қой, түйе етін құтылау кәсіпорындарын іске қоспақпыз. Сонымен қатар, 2 600 тонна бройлер балапан етін өндіретін кәсіпорынның құрылысы салынуда.

Тауарлы бекіре балықтарын өсіріп, өндіретін  екі кәсіпорын ашылды».

Аймақ басшысы облыс халқының денсаулық жағдайын жақсартудағы қолға алынған шаруаларды журналистерге нақты салыстырмалы деректермен жеткізді. Облыс тұрғындарының өмір сүру жасы соңғы 20 жыл ішінде 9 жасқа өсіп, қазір 72 жасқа жақындады (1994 жылғы 63,2-ден 2014 жылғы 71,8-ге дейін). Осы уақытта жалпы өлім-жітім көрсеткіші 1,5 есе төмендеген, оның ішінде, туберкулезден – 8, жұқпалы аурулардан – 6, қан айналымы ауруларынан – 3, ал, сәбилердің шетінеуі 4  есе азайды. 2000 жылдан бастап облыс аумағында 60 жаңа нысан салынып, пайдалануға берілді, оның ішінде жалпы саны 570 кереуеттік тоғыз аурухана (4 аудандық, 5 туберкулезге қарсы), 100 кереуеттік бір перзентхана, ЖИТС орталығы, ауысымына жалпы көлемі 2560 адам қабылдайтын тоғыз емхана, 21 амбулатория, 13 фельдшерлік-акушерлік пункт бар.

Сондай-ақ, аймақтың әлеуметтік мәселелерін шешуде, халықты сумен, газбен қамтуда тындырылып жатқан шаруалар төңірегінде де журналистерге толық мағлұмат берілді.

«Жыл басынан бері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Жастар еңбек биржасы жұмыс жасайды. Аталмыш биржаға жұмыссыз жастар келіп, компьютер мен интернетті пайдаланып, түйіндемелерін толтырып, бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысады. Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын түсіндіру, жастармен адрестік жұмыс жасау мақсатында 2013 жылы Атырау қаласының «Көктем» базарында, 2014 жылдан бастап «Дина» базарында кеңес беру  орталығы  ашылды. Орталықта жұмыспен қамту орталығы, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, жергілікті басқармалар мамандары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды таныстырып, ақпараттармен қамтамасыз етеді. Орталықтар жұмыс жасаған мерзім аралығында 970 жас өзіне қажетті ақпарат алды», — деді әкім.

Облыста 2010 жылдан бері ағымдағы жылы алғаш рет негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін өсіруге қол жеткізіліп, соңғы 10 айда инвестиция сомасы 1 трлн. теңгеден асты. Бүгінгі таңда мемлекеттік бюджетке берілетін салықтар  мен төлемдер 131 пайызға орындалған.

– Атырау облысында бес институционалдық реформа аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын сәтті жүзеге асыру үшін барлық алғышарттар бар. Жергілікті атқарушы билік жаңа экономикалық жағдайларға дайын, — деп қорытты өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған брифингтегі баяндамасын.

Бұдан соң брифингке қатысушы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері облыс әкіміне өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды. 

«Жайық  батпаққа айнала қойған жоқ»

«Тoday.кz» тілшісі А.Мұқышеваны қатты қалдықтарды жоятын зауыт құрылысын салу, батпаққа айналып бара жатқан Жайық өзенінің арнасын аршу, тереңдету мәселелері толғандырады екен. Сондай-ақ, оның облыста 1,5 мыңдай  шетелдік маманды жұмысқа тарту жөніндегі әңгімеге қатысты қойған сұрағына да тиісті жауап берілді.

«Қауіпті қатты қалдықтарды жоятын зауыт құрылысын салу мәселесі бірнеше рет талқыланды. Бірінші нұсқа кейбір талаптарымызға сай болмады және қаржыландыру мәселесі де толық шешілмеген еді. Бүгінде бізде жобалық-сметалық құжат бар, енді бұл жобаны қаржыландыру мәселесі қарастырылады. Жоба шетелдік инвестиция арқылы қаржыландырылады, бүгінде осындай жұмыс жүргізілуде. Екінші сұраққа орай:  Жайық  әзірге батпаққа айнала қойған жоқ. Бұл тым әсірелеп айтқандық  шығар. Жайық өзенінің тартылып бара жатқаны рас. Қазақстан-Ресей аймақаралық ынтымақтастық форумы барысында мен осы мәселені үш рет көтердім, бірінші рет – Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметінде жүргенде және екі рет Атырау облысының әкімі қызметінде жүргенде. Бұл мәселе үкіметтік деңгейде де бірнеше рет көтерілді», — деген әкім  Жайық өзенін тазалап, оның тереңдігін қадағалау үшін қолдан келгеннің бәрі жасалып отырғандығын айтты.

«Жайық өзенін қорғау жөніндегі қор құру туралы ұсыныс айтылған болатын. Біздің Үкімет бұл бастаманы толықтай қолдағанымен, өкінішке орай, Ресей тарапынан ол осы уақытқа дейін қолдау таппады. Өзенді тереңдету жұмыстары ішінара жүргізіліп отырады. Жайықтың Қазақстан аумағындағы бөлігін тазалаудан пайда жоқ, себебі, өзеннің басынан бастап тазалау керек. Біз қатарынан екі-үш жыл тазалағанмен, бір-екі жылдан кейін тағы ластанды. Сондықтан, бұл жұмысты Ресей тарапы да қоса атқаруы керек. Орынбордағы су қоймасы Жайық өзенінің тереңдігіне әсер ететінін де естен шығармау керек. Тағы бір мәселе, Жайық өзені Ресей Федерациясы аумағындағы Орал тауынан бастау алады, су деңгейі қар көлеміне де байланысты. Соңғы 10-12 жыл бойы қардың аз түсуі Жайықтың тартылуына да кері әсерін тигізді», — деді аймақ басшысы.

Әкім облыста 7,5 мыңдай шетелдіктің жұмыс жасайтындығын, бұл барлық жұмысшылардың 14,4 пайызын құрайтындығын, шетелдіктер есебінен қазақстандық жұмысшыларға артықшылықтар берудің заңға қайшы екендігін және бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың қатаң бақылауында ұсталып отырғандығын атап айтты.

Күретамырға қан  жүреді

«Еуразия» телеарнасының тілшісі Юля Васильеваның аймақтағы жол құрылысы,  «Атырау – Астрахан» автокөлік жолын күрделі жөндеу жайы туралы сауалдарына жауап бере келе,  әкім:

— Облыстағы республикалық маңызға ие автокөлік жолдарының жартысы күрделі жөндеуді қажет етеді. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 2016 жылы жалпы ұзындығы 432 шақырымдық «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» жолына күрделі жөндеу жұмыстары басталмақшы. Өйткені, бұл бағыттар елімізді Ресеймен жалғастыратын күретамыр, — деді.

24 кz. телеарнасының тілшісі  Каспий теңізінде браконьерлік жолмен балық аулаудың жолын кесуге бағытталған шаралар мен Атырау облысы «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесіне өңірдің қосар үлесі туралы сұрады.

«Облыста браконьерлікке қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, бағалы бекіре тұқымдас балықты аулау толықтай жойылып кетті деп айта алмаймын. Каспий теңізі арқылы Жайық өзеніне көршілеріміз Махачкаланың балық аулаушылары кіреді. Соңғы екі-үш жылдың ішінде біз балық қорғау инспекциясы қызметіне жылдам жүретін қуатты катерлер, басқа да жабдықтар сатып алып бердік. Теңіз шекарашыларының құрамын кеңейтуге күш салдық. Соның нәтижесінде браконьерлік қылмыстар едәуір азайды. Биылғы «Бекіре – 2015» операциясы барысында 161 заңсыз балық аулау фактісі тіркеліп, олар заң алдында тиісті жазаларын алды. Облыс бойынша «ЭКСПО» көрмесіне үш желден, екі күннен қуат көзін алатын жалпы қуаты 222 МВт  бес жоба жүзеге асырылатын болады» деп жауап берді әкім. 

Баспаналы  болу –  үлкен  бақыт

Орталық коммуникациялар қызметінің сайтына жолдаған сауалында азамат А.Әлмұратов облыстағы халықтың әлжуаз тобын тұрғын үймен қамту жайын  сұрапты. «Облыс орталығында әлеуметтік әлсіз топтар санатындағы адамдар үшін  240 пәтерлік үй салынып, тапсырылды. Қазір дәл сондай үй салынып жатыр. Ол келесі жылдың бірінші жартыжылдығында тапсырылады. Тағдыры қиын, балалар үйінде тәрбиеленген жастарды тұрғын үймен қамту мәселесіне де көп көңіл бөлінеді. Облыстағы осындай 440    түлектің 320-сы пәтер алды. Келесі жылы бұл мәселені біз толықтай жабамыз», — деп мәлімдеді Бақтықожа Салахатдинұлы.

«Қазақпарат» тілшісі Кенжекей Тоқтамұратқызы Қашаған кен алаңындағы құбыр ауыстыру жұмыстарының қашан аяқталатындығы және  аймақтағы геологиялық барлау жұмыстарының жайы мен зерттелген қорлардың көлемі туралы сұрады.

«Қашағандағы құбырларды ауыстыру жұмыстары кестеге сай жүруде. Дәлірек айтсам, кестеден ілгері жүріп жатыр. Таяуда ғана жаңадан тағайындалған басшысы  менің қабылдауыма келіп, барлық жұмыстар туралы баяндады. Бұл мәселені қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Жоспарланған жұмыс мезгілінде орындалады деп күтеміз», —  деді аймақ басшысы. 

«Мұнай  табатын жерлер  әлі  бар»

— Геологиялық барлау жұмыстары туралы сұрағыңыз орынды. Мен өз басым 36 жыл мұнай саласында жұмыс істеген адаммын. Бұрғылаушының көмекшісінен министрліктегі жоғарғы лауазым дәрежесіне дейін көтерілдім. Соның көптеген жылдарында барлау саласында, далада, Қазақстанның бес облысында және бірнеше жыл Йемендегі мұнай барлау жұмыстарында болдым. Күні бүгінгі барлау, соның ішінде мұнайды барлау жұмыстары бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, бірнеше есе азайды. Оның көптеген себебі бар, Каспий теңізіндегі үлкен жобаларға  сәйкес мұнайдың өндіріліп жатқан көлемінің онсыз да көбеюіне байланысты азайған болуы керек. Жалпы, барлық пайдалы қазбалардың, соның ішінде мұнайдың барлау жұмыстарының көбірек жүргізілгені дұрыс деп ойлаймын. Мен бұл жөнінде Елбасына өзімнің пікірімді бірнеше рет айтқан болатынмын.

Соның ішінде, қай жерлерден барлау жұмыстарын жүргізсек, көбірек мұнай алуымыз мүмкін деген пікірлерімді де жеткіздім. Бір мысал келтірейін, өткен жылы Атырауда Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық форумы өтті. Сол форумда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Владимир Путиннің және сол кездегі мұнай министрі Ұзақбай Қарабалиннің  алдында Қазақстандағы ең үміт күтетін жерден аса терең ұңғыма қазу жөнінде ұсыныс білдірген едім. Жалпы, Қазақстанда осындай үлкен жобалар қаралып отыр. Менің маман ретінде айтарым, Қазақстанда барлайтын, мұнай табатын жерлер әлі бар, — деді  облыс әкімі. 

Нан  бағасы ұнына байланысты

«Соңғы кезде өңірде бағасы айтарлықтай қымбаттаған тағам – қант, оның бағасы 20 пайыздан астам өсті. Өкінішке қарай, біз шекер шығармаймыз, ол – сырттан келетін өнім. Басқа тағам түрлеріне байланысты ешқандай қиыншылық жоқ. Облыста азық-түлік  қорын жасақтау жұмысы былтыр ойдағыдай шешілген болатын. Биыл одан әлдеқайда көбірек қор жинадық. Бүгінде қорға 4,5 мың тонна азық-түлік сақталып отыр», — деген Бақтықожа Салахатдинұлы бұл қордың азық-түлік бағасын тұрақтандыруға толық мүмкіндік беретінін мәлім етті.

Дегенмен, өңір әкімі мәлім еткендей, жаңа жылдан кейін облыста нанның бағасы ұн бағасына тәуелді болып, өзгеріске ұшырауы мүмкін екендігін де жоққа шығармады.

«Нанның бағасы жылдың соңына дейін қымбаттамайды. Өйткені, біздің сатып алған ұнымыз өзімізде бар. Қазір сол бағасымен сатып отырмыз. Нан бағасы бұрын 45 теңге болған, қазір – 50 теңге. Болашақта ұнның бағасына байланысты нанның бағасы да көтеріледі. Біз бидай екпейміз. Ұнды шеттен сатып аламыз. Сондықтан, нанымыздың бағасы ұнның бағасына байланысты болады», — деп жауап берді БАҚ өкілінің қойған сауалына өңір басшысы. 

Облыс әкімінің қатысуымен өткізілген брифингте бұқара мен билікті жалғастырушы БАҚ өкілдері аймақ басшысынан өңірдегі экология, әлеуметтік мәселелердің шешілу жайына, азық-түлік өнімдерінің бағасына қатысты қызығушылықтарын туғызған сауалдарына да тұшымды жауап алып, өз ризашылықтарын білдірді.

Дайындаған:  Бақытжан  ЖҰМАТ.

Суреттерді  түсірген:  Ерлан  ОМАРОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button