Жарнама
Жаңалықтар

ОЛАР – «ЖАС БАРЫС» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

 

Отансүйгіштік қасиетін арттыру, ұлттық спортты бұқараға кеңінен насихаттау,  Қазақстан халықтарының бірлігі мен достығын сақтау секілді мақсаттарды көздеген «Жас Барыс» турниріне еліміздің әр облысынан он алты команда қатысты.

1994 пен 1999 жылдар аралығында  туған палуандар арасында өткен турнирде Атыраудың атынан вокзал маңы мөлтек ауданында  орналасқан  №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары қатысып, чемпион болып оралды.

Олардың бапкері Айбек Серғазиев 2009 жылдан бері аталған спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет етеді. Турнирден екі-үш ай бұрын аға жаттықтырушы болып қызметін ауыстырған ол шеберлігімен көзге түскен палуандарды жинақтап, күні-түні  дайындайды.

Турнирге он төрт облыстан және екі қаладан қатысқан палуандардың қай-қайсысы да ерекше ойын көрсетті. Тіпті, осыған дейін әлем, еуразиялық, Қазақстан чемпионатын ұтқан палуандардың да жеңілген тұстары болды. Сондықтан, ойын болған жерде жеңіс те, жеңіліс те болады. Меніңше, жарыс өте әділ, жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарын бес белдесуде де жоғары нәтижемен ұтып, үш палуанымыз Саян Қайырғалиев, Бекет Жүнісов, Әділет Құлшынов жеңіс тұғырына  көтерілді.

Ендігі кезекте Қазақстан чемпионатына палуандарды іріктейтін облыстық чемпионатты желтоқсан айында өткізгім келіп отыр. Кейін спортшыларды жастар, жасөспірімдер арасында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындамақпын, — дейді бапкер Айбек Серғазиев.

Сондай-ақ, атыраулық сегіз палуан жүлделі үшінші орынға күресіп, үшеуі жеңіліс тауып, бесеуі жеңіп, бес қола медальды иеленді. Жалпы есепте, Атырау облысының командасы төртінші орынды еншіледі. Бірінші орынды Тараз, екінші орынды Шымкент, үшінші орынды Семей, Қызылорда облыстары иеленген. 

— «Жас барыс» республикалық турнирінен үш бірдей шәкіртіміздің чемпион атануы – облыс үшін мақтаныш. Бұл турнир жастардың өзіне деген сенімділігін нығайта түсетіні сөзсіз. Бүгінгі «Жас барыстар» ертеңгі «Қазақстан барысының» қатарынан көрінеді деген сенімдемін, —  деп спортшыларды қарсылауға келген облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асан Раушанов ақ жол тілеп, жеңістерімен құттықтады.

Айта кету керек, жүлдемен оралған палуандардың үшеуі де – арнаулы орта білім беретін оқу орындарының студенттері. Олар қазақ күресімен бес-алты жылдан бері шұғылданып келеді. Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінде дене шынықтыру мамандығының I курс студенттері Бекет Жүнісов, Саян Қайырғалиев турнирде 1996-1997 жылғы жасөспірімдер арасындағы белдесуде чемпион атанса, аграрлық-техникалық колледжінде электрик мамандығының I курс студенті Әділет Құлшынов та чемпион болып, топ жарды. 

Қуанарлығы, жеңімпаздарды пойыздан күтіп алуға жұртшылық  көп жиналды. Әсіресе, «Жарайсыңдар, Саян, Бекет, Әділет!» деген плакаттар жазып алып шыққан студенттер мен ұстаздардың қолдауы ерекше болды. 

Отыз алты жыл бойына Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінде дене тәрбиесі мамандығы студенттерінің топ жетекшісі болып, ұстаздық етіп келетін Роза Тәжібаева біраз шәкіртінің жеңістеріне куә болып келе жатқанын айтады. Бұл жолы ұстаз шәкірті Саянның жеңісіне қуанып, тобымен қарсы алуға келіпті.      

Ұстаздың айтуынша, жастарға қолдау жетіспейді. «Сондықтан, оларға рухани да, материалдық та қолдау қажет.

— Қазір топтағы жиырма бес шәкірттің өздері таңдаған жолдары бар. Әсіресе, Саян сынды қазақ күресіне қатысуға ерекше ынталы шәкірттерім көп. Қазақ күресі секілді төл өнерімізді насихаттауға бәріміз бір кісідей атсалысайық», — дейді ұстаз.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Суретті түсірген Еркін БОЗЖІГІТОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button