Олар – ел чемпиондары!
Бұған дейін бірнеше рет республикалық және халықаралық додалардан олжалы оралып, екі дүркін ел чемпионы атанып үлгерген мақаттық жас дзюдошы Серікбосын Шынтас Тараз қаласында жастар арасында өз атағын сәтті қорғады.
Қазақстанның барлық өңірлерінен жиналған алты жүзге жуық спортшы байрақты бәсеке көрігін қыздырды. Біріншілікте 81 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Серікболсын боз кілемде шебер де епті қозғалыс пен айла-тәсілдер көрсетіп, қарсыластарының бәрін шаң қаптырды. Мақаттық дзюдошы үшінші мәрте еліміздің чемпионы атанып, әлем біріншілігіне жолдама алды.
Сондай-ақ, Алматы қаласында муай-тайдан Қазақстанның балалар мен жастар арасындағы чемпионаты аяқталды. Биылғы жазда Тайланд астанасы – Бангкокта өтетін әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құрама мүшелерін анықтап, дайындық жүргізуді мақсат еткен бұл сайыс та мақаттық муайтайшылар үшін табысты болды.
Біріншілікте бес жекпе-жек өткізіп, бәрін үздік нәтижемен аяқтаған Арсен Бисенбай чемпиондық тұғырға көтерілді. Ақтық бәсекеде қарсыласына жол берген Әділжан Амангелдиев күмісті қанағат етті.
Бақытжан ЖҰМАТ.
Мақат ауданы.