Ойыл көздің жасы еді…
Atr.kz/25 желтоқсан, 2019 жыл. Ақтөбеге бардық. Арғы жағындағы Ойыл бойын шолдық. Биыл Миялыға бір ұрттам су келмеген соң, себебін сараламақ едік. Көрген көріністен көңіліміз құлазып қалды.
Бұрын өзеннің Ақтөбе облысындағы Мұғалжардан басталатынын айтушы еді. Сөйтсек, оның тауға түк қатысы жоқ екен. Бастауын Қандыағаш темір жол стансасынан солтүстік-батысқа қарай 50 км жерден алады. Сондағы Темір ауданындағы Ойбұлақ мекенінен өрбиді.
Содан жоғары тұсында Шағырлы, Қайыңды, Ащыойыл, Ботабай, Кенжалы, Қуырдақты тәрізді шағын салалар қосылады. Бұлардың бірқатарын кезінде көргенбіз. Ауыз толтырып айтатын арналы емес-ті. Олардың да толығуы табиғаттың мырзалығына байланысты.
Қыста қар аз түссе, көктемдегі суы өзінен ауыспайды. Демек, олар Ойылды қайдан толтырсын? Жоғарыдан құйылған өзен Тайсойған тұсында бірнеше тармаққа бөлінеді, Қаракөл маңында тұйықталады . Ықылым заманда Жайыққа жеткен екен, қазір жолда жоғалады. Қызылқоғаның шабындығы мен жайылымын суаруға жараса, соған да шүкіршілік етер едік-ау. Бірақ, қазіргі күйінде жылымшы суға жылап көріскендейсің.
Ақтөбе облысындағы Қаратал селолық округі – бұрынғы Шығанақ Берсиев атындағы кеңшар орталығы. Заманымыздың заңғар жазушысы Ғабиден Мұстафиннің «Миллионер» романының кейіпкері, тарыдан рекордты көрсеткішке қол жеткізген атақты адамға ертеректе орнатылған ескерткіш те осында. Қазір ескерткіш біраз ескіргені болмаса, ерен еңбек ерінің есімі жерлестерінің жадында. Елді мекеннің іргесіндегі қорымда ерекше қасиетімен көпшілікке мәлім Сүлеймен атаның бейіті бар. Алыстан ат арытқан, жақыннан жаяулатқан жұрт басына тәу етіп, жанына саулық сұрайды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бүгінде тары алқабы едәуір азайған . Қазір Атыраудағы базарларда «Ақтөбеден әкелінген» деп сатылып жатқан осы өнімнің шын мәнінде шыққан тегі күмәнді. Өйткені, ол ақтөбеліктердің өздерінен ауыспайды. Бәріне кінәлі су. Бұрынғыдай емес, оның мөлшері жыл санап кеміп келеді. Ал, биыл түк тамбады. Осы ауылдан он шақты шақырым қашықтықта Қарасу елді мекені орналасқан. Кезінде ферма орталығы болыпты. Қазір де біраз үй бар. Бірақ, соңғы төрт-бес жылда 40-50 түтін қоныс аударып ты.
Көбі қалаға көшкен . Әрине, жастар сайлы тұрмыс, жайлы жұмыс іздейтін шығар. Ал, егделері неге жылы орнын суытады? Сөйтсек, оның да себебі су екен. Ауыл тұрғындары негізінен мал азығын дайындап, соны сатудан нәпақа табатын көрінеді. Биыл шабындықта шабатын шөп жоқ. Техникалар аулада қаңтарылып тұр. Сөз ретінде айтсақ, атыраулық малбегілер де пішенді сол жақтан алатын еді ғой. Енді сол алыс-беріс қиындайтын шығар. Немесе бағасы бұрынғыдан бірнеше есе қымбат болуы мүмкін. Ауылдан тай шаптырым жерде бөгет бар. Төменге ағатын су осында жиналады. Көктемде күркіреп аққанда маңайдағы жайылым мен ш а б ы н д ы қ қ а к е р е г і н ш е алып, артылғанын ағызып жібереді. Міне, Миялыға су содан келеді. Қазір мұнда түк жоқ. Әдетте ақтөбеліктердің шлюзді жауып тастайтынын айтып жатамыз ғой. Олай емес, шлюз ашық тұр. Өзіміз көрдік. Бірақ, арнасында түк тамшы ылғал жоқ. Тек таяқ тастам жерде кесеге құйылған шәй секілді бір жұтым су іркіліпті. Бары сол. Жолбасшы жігіт Руслан Тайпанұлының айтуынша, осы жерде қос сала тоғысады. Табиғаттың ғажабы сол – олардың бірінің суы тұщы да, екіншісінікі – ащы. Сірә, соңғысы басым болар, ресми құжаттарда Ащыойыл аталады. Қазір екеуі де бос жатыр.
Қызылқоғадағы өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған Ералы су қоймасы аудандағы ахуалды біраз реттеп отыратын. Бұдан бес-алты жыл бұрын бір топ сенатормен барғанбыз. Ескіріп қалыпты. Бағандарының сылақтары түскен . Дегенмен , түбі берік тәрізді. Демек, әлі де қажетке жарайды. Сонау жылдары осы қондырғы арқылы көктемде келетін мол суды жинақтап, керек кезінде шабындықтар мен жайылымдарды суландырып отырған. Төрт түлікті түгел өргізген шаруашылықтар тарықпаушы еді .
Енді Ералының да ертеңі не боларын ешкім айта алмас. Биылғыдай жоғарыдан ұрттам су келмесе, қажетсіз дүниедей қаңырап қалатын шығар. Ал, ақтөбеліктер өзеннің алқымын қысып отырған жоқ. Мұны қызылқоғалық мамандар да айтады, өзіміз де көрдік. Ол жақтың да қос ауданы қуаңшылыққа тап болды. Тығырыққа тіреліпті. Бұрын өр суы Қарабауға жетіп, Жарыпшыққанға қосылатын. Соның бойымен Тайсойған құмының шөлін басатын. Соңғысының маңызы тіпті зор. Өйткені, осындағы ұңғымаларды жергілікті жұрт ауыз су көзі ретінде тұтынады. Демек, жер қыртысы құрғаса, үстіне де су шықпайды. Көршілес қос облыстың ортасында Тамдыкөл қоймасы бар. Оның құлпы екі жақтың келісімімен ашылып-жабылады. Жоғарыдан су келген жылдары мүлдем ашық жатады. Өйткені, қуатты өр суы нысанды тез толтырып, арнасынан асуы мүмкін. Ал, азаңдау болса, әбден толғанша күтіледі. Содан соң төменге жіберіледі. Енді қазіргі жағдайда оны реттеудің де қажеті жоқ секілді. Жалпы, мамандар барды бағалау үшін каналдар қазып, тоғандар жасалғанын қалайды. Расында да, өр суы мол болған жылдары арнасынан асып, ен далаға жайылады. Жапан түзді суарғаннан өзге түк пайдасы жоқ. Сонау 1993 жылы Миялыны шайып кеткен су осылай жазықпен жеткен-ді. Егер, расында да, тоған тұрғызылса, соған жиналмас па? Елді мекен аман қалар еді ғой. Қазір қызылқоғалық ардагерлер Тасшағыл мен Қосқұлақ арасында судың текке далаға жайылып жатқандығын айтады. Нендей амал бар? Сөйтсек, канал арқылы Бәйдік немесе Арал көлдеріне құюға болады екен. Биыл мүлдем су келмеген соң қос көлдің де күйі нашар көрінеді. Егер келесі жылы да осындай жағдай орын алса, мүлдем құрғап қалуы мүмкін. Жұртшылық Жасқайрат ауылы жанындағы Жалаңашкөлге де канал қазылғанын қалайды. Оның үстіне , О й ы л д ы ң Жарыпшыққан саласын тазалаған жөн. Сонда су Тайсойғанға тез де тура тартар еді.
P.S. Иә, аймақтағы үлкенді-кішілі өзендер тағдыры шындап таразыға тартылды. Ойылдың биылғы ахуалы – жарты ғасыр шамасында болмаған көрініс. Қысқы қармен ғана толығатын, тасуы көктемде тоң қатуымен реттелетін су көзі табиғаттың аумалы-төкпелі мінезіне тәуелді. Әрине, биылғыдай қуаңшылық жылда бола қоймас. Соған үміттенелік. Бірақ, қоршаған ортаның көз алдымызда өзгеріп бара жатқаны да жасырын емес. Соның бәрі – өкінішке орай, адам қолымен жасалған қысастық. Енді зардабын да өзіміз тартып жатырмыз.
Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ
Атырау-Ақтөбе-Ойыл-Атырау