Атыраулықтар судан тарықпайды

1463552646918 Жаңалықтар

Аtr.kz/19 сәуір, 2020 жыл. Тұтынушыларды ауыз сумен жабдықтаушы «Атырау облысы су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны да карантин кезінде өз арнасынан жаңылмай, қызметін оңтайлы ұйымдастыруда.

–Негізінен алғанда, біздің мекеменің қызметкерлері де жұмыстарын штаттық режимде жалғастыруда. Атап айтқанда, жұмыс күндері су құбырлары бойынша 6 және канализация желісінде 9 бригада тұрақты жұмыс жасауда. Ал, демалыс күндері бұл міндет қос-қостан 4 бригадаға жүктеліп отыр.

Одан бөлек, вакуум-автокөліктер бригадалармен бірге тәулік бойы кезекшілікте болады. Төтенше жағдайдың жариялануымен байланысты, барлық филиалдар мен төлем қабылдау пункттері, сондай-ақ бақылаушылар қашықтан жұмыс істеу режиміне көшрілді. Сол себепті, есептегіш құрылғылардағы көрсеткіштер ұялы телефонмен (WnatsApp желісімен )  алынып, ақысы мобильді қосымшаның көмегімен немесе терминалдар арқылы төленеді, – дейді «Атырау облысы су арнасы» КМК-ның баспасөз хатшысы Александр Пастухов.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда бұл тәсіл кәсіпорын қызметкерлері үшін оңтайлы саналғанымен, тұтынушылардың бәрі бірдей түсіністік таныта бермейді. Есептегіштердің көрсеткіштерін сұраған уақытында жібере қоймайды. Оның үстіне келіп тұрған коммуналдық төлемдердің өзін де төлеуге асықпайды.

Бұған қоса, коронавирустың алдын алу мақсатында қабылданған карантиндік шектеулердің де өз кезегінде мекеменің қалыптасқан жұмыс ырғағын сақтауға қиындық тудырып, кедергі келтіріп отырғаны да жасырын емес. Сонымен бірге, жоспарланған жөндеу жұмыстары да кейінге қалдырылды. Мұның бәрі мекеменің қаржылық-экономикалық ахуалына кері әсерін тигізері де анық.

–Осы жайларды қаперге бере отырып, біздің қызметімізді пайдаланушы заңды және жеке тұлғаларды өтінішімізге жауапкершілікпен қарап, түсіністік танытуға шақырамыз. Ал, мекеме тарапынан кеткен кемшіліктер мен ағаттықтар орын алып, іркілістерге жол беріліп жатырса, оларды ретке келтіруге жұмыстанатын боламыз, – деп қорытындылады ойын кәсіпорынның ресми өкілі. 

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз