Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

*ОЙ-САРАП: Осы біз кімбіз?

Atr.kz/10 сәуір, 2020 жыл. Осы біз кімбіз, қазақпыз, мұсылманбыз. Алайда, қазақтығымыз да, мұсылмандығымыз да толық па? Міне, әңгіме фабуласы осы мәселеге кеп тірелгенде, не айтпақпыз? Қазақ саны елімізде 14 миллион шамасында, ол жалпы халықтың 68%-ы болмақ. Анығын алдағы санақ нақтылар. Аз жұрт емеспіз.

Әлемде он миллионға жетпейтін көптеген халықтар дербес, тәуелсіз мемлекеттер атанғаны қашан. Либерализм, демократияның алдыңғы қатарынан көрінуі Балтық жағалауындағы үш ел: Литва, Латвия, Эстония халықтарын қосқанда, бізге жетпейді. Бірақ, ұлттық саналары, бірлігі қалай десеңші?!

Анық сөз. Біз қазақпыз, бірақ, он төрт миллионның бәрі қазақ па, өздерін қазақ мүддесіне қызмет ететіндер ме? Шүбәлімін. Ұлт бірлігі, оның діні мен тілінде. Осы екеуінен айырылғандар қайтіп қазақ атанбақ?! Дін мен тіл – мемлекетшілдіктің негіздері. Дінсіз жұрт болмайды. Тілсіз халық болмайды. Дін дегенде исламды айтамын, яғни әңгіме мұсылман қазақ туралы. Тіл дегенде қазақ тілін айтамын, яғни қазақша сөйлеп, жаза алатын және сол тілді ана тілім деп мойындайтын қазақ туралы әңгіме.

Мұсылмандықты өзге діндерге ауыстырған қазақтар баршылық, дәл санын нақтылы білмеймін. Православ, католик, протестант, т.б. діндердегі «қазақтармен» кездесіп қалудамын, ондайлар әжептәуір. Сонда бұлар қазақ мүддесін қорғаушылар ма? Жұрт болып ойланайық. Діні өзгеше болған соң, онда елдік сана болар ма екен? Мәселе! Қазақ тілін білмейтін, білгісі келіп ниеттенбейтіндерде елдік сана бола ма?! Олардан патриот шыға ма, жоқ әлде «патриотизм жексұрындардың тұрағы» деген пікірде ме?

Ана тілін білмейтін қазақтардың дені мұсылмандыққа да немқұрайлы. Тәжірибеде байқағаным, ана тілін білмейтін «қазақтар» тым сыншыл келеді, сөздері «біз мал баққан халықпыз», «бізде дәретханалар болмаған» деген секілді желеулерді алға тарта бергенді әбден ұнатады, мұны ғылымда ұлттық нигилизм деп атайды.

***

Сөзімізді түйіндесек, діні өзге, тілі өзге жерлестерімді қазақтар деп атаймыз ба, не дейміз?! Ғылымда «маргиналдар» деген түсінік бар. Бұл негізінен конформистерге қатысты айтылған, айталық грек Эпикурдың тән ләззаты деген түсінігіне сай. Қай жерде майлы ас, жайлы тұрмыс болса, сол жерден табылатындар – маргиналдар. Оларға Отан, ел дегендер аса қасиетті ұғымдар емес. Қандай қиыншылық болмасын, туған елімен бірге көретіндердің рухы өзгеше. Олар – шыншылдар. Олар – мұсылмандар, тілі – ана тілі, ел тілі, қазақ тілі. Бұлар елдің нағыз ерлері, дәстүрлі қазақтар.

Бұлардың білімі, санасы, рухы орнықты. Ата-баба деген олар үшін асыл қасиет, құндылық. Олар құндылық, жақсы өмір сүру дегендерден рух жағынан өзгеше, басқа. Адам болған соң, кім жақсы, бай-қуатты ғұмыр кешкісі келмейді. бәріміз де жақсы ғұмырға ынталымыз, бірақ, туған елді, жерді, дінді, тілді сатып жақсы ғұмыр кешу болар ма екен. Хакім Абайдың пайда ойлама, ар ойла дегені жерде қалғаны ма?

***

Пайда, пайда, пайда, оны кім жек көрсін. Сол пайданы өз еліңде жасап, күн кешсең не болмақ?! Бұл мұсылмандық, бұл қазақ жолы. Осы түйсік, сезім, санаға неге місе тұтпай, бөтен елден бақыт іздейміз, бұған кім кінәлі? Әрине, ең алдымен атаана кінәлі. Өздерінің туған елге деген негативизмін балаларына еккен. Айтарлары – жақсы өмір сүргің келсе, шет елге кет, сонда ғана адам боласың.

Осы психология талай жас қазақтардың сезіміне орнығып, олар әлем елдерінен жылы жай іздеумен әурелікке түсуде. Сонда өскен ортасы, алған білімі бәрі қалып, жаңа білім, тәрбие қуып кетуде. Кінәлі, тағы да айтамын, негізінен ата-аналары. Әңгіме ата-аналарға ауысса не айтпақпыз?! Ата-ананың өзінің түйсік, сезім, санасы елге, дінге, тілге шикі болса не айтпақсың.

Жиі еститін сөздер, «баламыз, немереміз, шет елдерде» (атап-атап айтады) деп мақтанып, балбырап отырғандарды көргенде ойлайсың, сіз академиксіз, сіз профессорсыз, сіз байсыз, сіз әкімсіз, сіз министрсіз – қалайша сіздермен, осыншама жадағай түсініктеріңізбен, Қазақстан Республикасы деген мемлекетімізді сақтап, оны ілгерідегі отыз елдің қатарына қоспақпыз. Елдің нағыз жанашырлары кімдер, олар неге үн қатып, сөз айтпайды. Осы біз кімбіз?! Кімдерге айналып барамыз. Бағытымыз қайда?

Рухани жаңғыру деген желп-желп еткен жеңіл сөзге айналып бара жатқан жоқ па? Әңгімені сабырға салып ойлансақ қайтеді. Пайғамбарлар мекен еткен Сирия не боп барады, көрмейміз бе, Сирия тағдыры бізге сабақ, ғибрат емес пе? Е л д і т о п т а с т ы р у ынтымақ бірлікте ұстау қиын, ал елді аздыруға, тоздыруға, бөлшектеуге өзіміз атсалыспасақ, өзге жұрттардың қолдарынан келмейді. Іштен іру – біздің дұшпандарымыздың армандары. Сол «армандарға» қарсы жүріп бара жатқан жоқпыз ба?

Ақылымызды сабырға салып, тағы да ойлансақ, асыққанда асықпасақ, себебі әкем айтушы еді, әрбір асығыстың түбінде әзәзіл-шайтан отырады деп. Ол адам асығып опат болса деп тілейді. Шайтан тілегін орындау – мұсылмандық емес.

***

Неге шет елдерге кетуге ынталымыз. Әр нәрсенің өз себебі бар. Себебі сол, өзімізді құлдық деңгейге қойып, әбден соған көндігіп, өзімізді түкке тұрғысыз етіп, өзге жұрттың бәрі табиғатынан озық деген түйсік, сезім, санаға батқанбыз. Арғы атабабаларымыздың әлемді билеп, сөздерін тыңдатқандарымызды ұмытқанбыз. Санамызда тек – құлдық. Өркениет дегенге қол жайып, құлдық ұру. Өркениет қай кезде пайда болды, Батыс Еуропа елдері әлем халықтарын тонап, үстемдік орнатып, бар байлық-қазынаны өз елдеріне жиып алған соң басталды.

Португалия мен Испания елдері Латын Америкасындағы озбырлық, жауыздықтарын қалайша естен шығармақпыз. Англия, Голландия, Азия және Африка елдерін құлдыққа салды. Германия қаншама елді басып алып тонаушылық саясатын жүргізді. Бірінші жаһандық соғыста адамзат қансырап қалды, оған кімдер кінәлі еді. ХХ ғасырдың 30шы жылдарынан бастап, тіптен алапат қырғын орын алды, екінші жаһандық соғысқа қатыспаған бір ел қалмады, бұл не өркениет пе еді?!

Тағы да әлемнің саяси картасы алдында алып тұрып, ойланған жөн. Сол елдер енді өркениет ошақтары бола қалыпты. Шәкәрім қажы ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Еуропаның бірде-бір елінен үлгі алуға болмайды деп еді. Әділ сөз. Ал, қазір үлгі алуға бола ма?! Еуропа есін жиды, либерализм, демократия жолына түсті, бұл құптарлық жағдай. Еуропада заң күшіне енген тәртіп орнады. Ол да жағымды іс, кейбір Еуропа ойшылдары өткен қателіктерін мойындауда, фашизмді мансұқ етуде, бұл да ұнасымды іс, қарекет. Бүгінгі Еуропа елдерімен өзіңді жоғалтып алмай қарымқатынас орнату қажет.

Еуропа елдері қатты-қатты ауырып тұрды, ылайым солай болғай, бірақ, екі жаһандық соғыс Еуропадан тұтанғаны адамзаттың есінде мәңгілікке сақталған.

***

Сонымен, осы біз кімбіз? Қазақ елі – мәңгілік дейміз. Онымыз қалай? Нигилистер ел мәңгілік болмайды, ешбір ел өзін мәңгілікпіз деп айтпайды дейді. Мүмкін. Мәңгілік ел жоқ шығар. Алайда, қай ел болмасын мәңгілік болғысы келеді. Олай болмаса бүгінгі күні мемлекет, ел үшін жанталасудың мәнісі неде? Әрине, мәңгілік еш нәрсе жоқ. Мәңгілік тек Алла тағала. Пәлсапа тіліне салсақ, мәңгілік – үздіксіз қозғалыс, тыным таппайтын өзгеріс.

Қазақтар да өзгеріп келеміз. Өзгеріс – аксиологиялық ұғым емес. Аксиология өзгерісті тануда басталмақ. Өзгеріс қазақтар үшін қандай құндылықтар әкелмек. Мәселе, осы әңгіме төңірегінде өрбісе, қазақ болу, қазақтана бастау, әлемге қазақ көзімен қарап қабылдау, рефлексия жасау заманымыздан аса күрделі мәселесі. Сірә, әрқайсысымыз «осы мен қазақпын ба, қазақ болсам, қаншама дәрежедегі, сападағы қазақпын» деп сауал қойсақ, шіркін, соған сай жауап тапсақ, ол ата-бабамыздың, атамекеніміздің алдындағы жауапкершілік болар еді. Қазақ болып анаңнан туғанмен қазақ деген атпен дүниеден өту дегеннің мағынасы не дегенді бір сәт ойға алсақ, ағайын!

***

Шүкір. Биылғы жылымыз ой қазынасына бай болғалы тұр. Ғұлама Әбу Насыр әлФарабидің 1150 жылдық, хакім Абайдың туғанына 175 жылдық мерейтойлар түйсік, сезім,
санамызға мықты серпіліс беруде. Бұл мерейтойларды мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевпен бірге ел боп тойлаудамыз. Бүгінгі күннің өзінде осы екі ғұламаға қатысты жүздеген мақалалар қазақ, орыс тілдерінде басылым беттерінде жарық көрді. Бұл жақсылықтың нышаны. Ізденіс. Ой тәжірибелерін саралау. Санаға салмақ салу.

Ең бастысы, 1150 жыл бұрын ғұмыр кешкен ғұлама Әбу Насыр Әл-Фарабиден бергі он ғасырлық мерзімде, дәлірек айтсақ, хакім Абайдың заманына дейін үзілмей келген рухани сабақтастық бар. Ол рухани сабақтастықтың негізі мұсылмандығымызда және түркілік табиғатымызда. Қазақ тілі ғалымдардың айтуынша, түркі тілдерінің субстанциясын сақтаған тіл. Демек, он ғасыр бойы дініміз де, тіліміз де қилы замандарға, өтпелі кезеңдерге қарамастан үзілмей бүгінгі Егеменді Қазақстан еліне жетті. Бұл таң қаларлық оқиға.

Мың жылдан аса тарихы бар төл дүниетанымымыз қазақ елінде еркін тыныс алды. Сондықтан «осы біз кімбіз?!» деген сұраққа жауапты мың жылдан асқан, егер Анахарсис Скифскийді қоса есептесек, екі мың жылдық тарихи-мәдени өрісіміз қазақ елінің бүгіні және оның келешекке деген нық кепілі. Ендеше, «осы біз кімбіз?!» дегенге бәріміз бірге ойланайық?!

Ғарифолла ЕСІМ,

академик, жазушы

http://atr.kz/bez-rubriki/pandemiya-tarihy-halel-dosm%d2%b1hamedov-%d2%9baza%d2%9btardy-obadan-%d2%9balaj-%d2%9b%d2%b1t%d2%9bardy/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button