Өзен түбі қазылады

ppp Жаңалықтар

Жайық-Каспий каналының түбін тереңдету өлкедегі бірқатар саланың жұмысына қарқын қосады. Бұл жұмыс келесі жылы басталады. Бұл жөнінде бүгін редакциямызға республика Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов хабарлады. Дүйсенбай Нұрбайұлы төменгі палатаның пленарлық отырысында трансшекаралық өзендердегі судың айтарлықтай тартылуы елдегі кеме қатынасына едәуір қиындық туындатып отырғанын айтып, республика Көлік министрі Марат Қарабаевқа сұрақ қойған еді.

Мұндай проблема Қазақстан аумағына көршілес мемлекеттерден ағып келетін өзендерде, соның ішінде Жайықта да бар. Өйткені, батыс өңіріндегі Жайық, Қиғаш өзендерінің суы жылдан-жылға тайыздап, тартылып барады. Соның кесірінен Жайық-Каспий каналының тереңдігі – небары 30-40 сантиметрдің шамасында ғана.

– Бұл су жолымен жүк тасымалдауға кедергі келтіріп отыр. Одан әсіресе балықшылар көп зиян шегуде. Қазір осы каналдың түбін тереңдетіп, тазарту жұмысы қаншалықты дәрежеде жүріп жатыр? – деп сұрады депутат.

Д.Тұрғановтың мәселені бұлайша батыл көтеруінің жаны бар. Өйткені, биыл жазда Атырау облысына бір топ Мәжіліс депутаттарымен бірлескен іссапары кезінде Жайық-Каспий су алабындағы ахуалмен толық танысқан болатын. Әріптестерімен бірге қайық арқылы өзен және теңіз тамағында судың тереңдігін өлшеп, жағдайға толық көз жеткізді.
Ал, республика Көлік министрі Марат Қарабаев бұл жобаға қаржы бөлу мәселесі Парламентте толық қолдау тапқанын атап көрсетіп, нақты түсіндірме берді.

– 2024-2025 жылдарға арналған бюджетте 12 миллиард теңге қаралған. Жұмыс келесі жылы басталады. Біз 1 миллион 140 мың текшеметр топырақты шығарып, канал түбін 2,5 метрге дейін тереңдетеміз. Бұл жұмыс 2025 жылы толық аяқталып, сол жылы Жайық-Каспий каналы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қосылады, – деді Марат Кәрімжанұлы.
Министрдің айтуынша, осы арқылы өлкедегі KPI және ТШО компанияларының экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Жүк тасымалының көлемі шамамен 1 миллион тоннаға дейін жетуі тиіс. Келешекте тұрақты кеме қатынасын жолға қою үшін өзен суын тереңдететін арнайы техникалар алу жоспарланып отыр.

Қуандық ШӘКІРОВ
Сурет: Freepik.com

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз