ҚАРЖЫГЕРЛЕРГЕ – ҚҰРМЕТ

Ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға енгеніне 20 жыл толып отыр. Кеше айтулы мерекеге орай Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында салтанатты шара өтті. Аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан қаржыгерлерді құттықтауға оның орынбасары Айгүл Әжіғалиева келді. 

– Осыдан жиырма жыл бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валюта – теңгені айналымға енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұған дейін ақша құнсызданып, инфляция деңгейі 300 пайызға жеткен еді. Сөйтіп, Mемлекет басшысының ұтымды шешімінің арқасында еліміздегі ақша-несие саясаты дұрыс жолға қойылды. Инфляция төмендеді. Бүгінде Атырау облысында банктердің 25 филиалы жұмыс істейді. Осынау мерекеде баршаңызды облыс әкімінің атынан құттықтаймын,-деген ол өз саласында аянбай еңбек еткен бір топ қаржыгерді марапаттады.
Сондай-ақ, бір топ қызметкерге аймақ басшысының Алғыс хаты табысталды. Марапатталғандардың қатарында өңіріміздегі екінші деңгейлі банк филиалдарының басшылары да бар. Олардың атынан «Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамы Атырау филиалының директоры Марина Ищанова сөз алып, әріптестерін құттықтап, ризашылығын білдірді.
– Күллі Қазақстан халқын ұлттық валютамыздың 20 жылдығымен құттықтаймын. Теңгеміз әлемдік аренада өзіндік орнын алсын. Ақшамыз тұрақтылығын сақтап, бүкіл дүниежүзіне аты әйгіленсін,-деп ағынан жарылды ол.
Облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов мерекемен құттықтай отырып, бірнеше қызметкерге Алғыс хат ұсынды.
Мереке иелерін ҚР мемлекеттік мекемелер мен банктер және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы Шахмұрат Қанбетов құттықтап, тілегін жеткізді. Содан соң шара Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.

АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

«ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы – ел бойынша «көгілдір отын» таратушы ірі компания. Оның Атырау аумағында жұмыс жасай бастағанына да көп уақыт өткен жоқ.
Жақында аталмыш кәсіпорын бір топ ардагерін ардақтап, оларды еңбек демалысына салтанатты түрде шығарып салды. Қаладағы Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайына жиналған жұртшылық бар саналы ғұмырын халқына адал қызмет істеуге арнаған абзал адамдарға лайықты құрмет көрсетті.
Бұлардың арасында толымды тәжірибесін кейінгілерге үйретіп, шын мәнінде тәлімгер бола білген өз ісінің нағыз шеберлері де жеткілікті. Мәселен, Наурызғали Ақбалин осы салада он жылдан аса уақыт жұмыс жасап, беделді маман атанды. Исатай ауданын табиғи газбен қамту ісіне сүбелі үлес қосты. Енді оның да еңбегінің зейнетін көретін кезі келді.
Шара соңында Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония өнерпаздары ән-күйден шашу шашты.

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз