Дұрыс таңдалған жол

20190110075920 Жаңалықтар

Atr.kz/24 маусым, 2019 жыл. Қазақстан өткен жылы жеті қат жер астынан «қара алтын» өндіруде бұрын-соңды қол жеткізбеген көрсеткішті бағындырды. Мұнайшылардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде мұнай өндіру көлемі тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет 90 млн. 360 мың тоннаға жетті. Яғни, 2017 жылға қарағанда 4,8% артық. Бұл Қашаған (13,2 млн. тонна), Теңіз (28,6 млн. тонна) және Қарашығанақ (12,2 млн. тонна) кен орындарында мұнай өндірудің артуына байланысты бағындырылған белес болатын.

Шынын айту керек, мұнай өндіру мәселесі біздің ел үшін аса маңызды. «Қара алтын» өндіруді қысқарту мұнай бағасының қымбаттауына әсер ететіндігі белгілі. Ал, бағаның өсуі Қазақстан үшін тиімді. Себебі, еліміз мұнай қорынан да, экспорт көлемінен де алғашқы 15 мемлекеттің қатарына кіреді. Қазір Қазақстан тәулігіне 250 мың тоннадай мұнай өндіреді. Егер мұнай бағасы өссе, ел қазынасына түсетін қаржы көлемі де артады. Қазақстанның Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, еліміз жыл аяғына дейін 90 млн. тоннаға жуық мұнай өндіруді жоспарлап отыр.

«Мұнайы бардың шырайы бар» дегендей, бүгінде мұнайлы өңірдің қарапайым тұрғындары да оның қойнауындағы қазынаны көптің кәдесіне жарату үшін жұмыстанып жүрген мұнайшылардың тынымсыз еңбегінің арқасында игілікке кенеліп, бақуатты тұрмыс кешуде. Әрине, осының бәрі көктен түсе қалған жоқ. Осынау толымды табыстың бастауы тым әріректе жатыр.

Ендеше, тарих қойнауына кеткен сол бір жылдарға сәл шегініс жасап көрелікші. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезі. Бұл бұрынғы Кеңес Одағының қол астында болған одақтас республикалар үшін аса ауыр кезең-тұғын. Кеңес заманының қауқар-күші семіп, қуаты әлсіреп бара жатқан осы шақта ел экономикасының негізгі тірегі саналатын мұнай және газ өнеркәсібі кешені үшін де тығырықтан шығар жолды дұрыс таңдауға тура келді. Сол кезде Қазақстанның мұнай және газ өнеркәсібі саласының болашақ тағдыры қыл үстінде тұрған-ды.

Мәскеулік салалық министрлік шенеуніктері тарапынан да
біраз алаңдаушылықтың болғаны рас. Сөзіміз дәлелді болуы үшін менің қолыма тиген мына бір құжатқа назар аударып көрелікші. Бұл 1990 жылғы 31 мамырдағы (шығыс №ИЛ481) КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің орынбасары И.Лещинецтің «КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің реттелетін нарықтық экономикаға көшу жөніндегі концепциясы» туралы Одақтағы өндірістік және ғылыми-өндірістік бірлестіктердің бас директорларына жолдаған хаты.

Ұзын-ырғасы 20 парақтан тұратын бұл концепцияда экономиканың маңызды саласын нарыққа бейімдеудің негіздері жан-жақты көрініс тапқанға ұқсайды. Әсіресе, меншік түрін айқындау, жоспарлау жүйесі мен материалдық-техникалық жабдықтауды жетілдіру, баға жүйесін белгілеу, қаржылық-несие және салық жүйесін ұйымдастыру, өндірісті демонополизациялау мен кәсіпкерлік қызметке еркіндік беру, көмірсутекті шикізатпен қамтамасыз ету, сыртқы экономикалық байланыс мәселелері аталмыш концепцияға енгізіліпті. Сонымен бірге Гурьев облысындағы Теңіз ірі мұнай кенішінің тікелей Одақтық министрліктің құзырында болатындығы ерекше атап көрсетілген.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ұзақбай Қарамановтың 1990 жылғы 29 маусымдағы КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрі Леонид Филимоновқа жазған хатында Қазақстанның мұнай-газ кен орындарын барлау, игеру және оны пайдалану экстремалдық табиғигеографиялық қиын жағдайда күрделі міндеттер мен әлеуметтікэкономикалық проблемаларды шешу үшін кешенді шаралар алу қажеттігі туындайтындығы айтылған. Үкімет басшысы министр Л.Филимоновқа республиканың батысы мен өзге өңірлердегі күрделі экологиялық жағдайдың қалыптасып отырғандығын қаперлей келе, Одақтық министрлік базасы негізінде мемлекеттік одақтықреспубликалық концерн құруды ұсынады.

Қазақстан Премьерінің пікірінше, «Казахнефть» концернінің құрамына мұнай және газ өндіруші бес өндірістік басқарма, төрт геологиялықбарлау, машина жасау, мұнай құбырлары және байланыс кәсіпорындары мен ғылымизерттеу, саудамен және ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуші қосалқы кәсіпорындар кіретін болады. Араға айға жуық уақыт салып, КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрі Л.Филимонов өзінің 1990 жылғы 24 шілдедегі №ЛФ304 хатымен «Қазақстан мұнайгаз концернін» құруды ұсынады.

Алайда, аталған жаңа құрылым Қазақстанның мұнай-газ секторында қордаланған проблемаларды шешуге қауқарсыз еді. Себебі, оған Мәскеу мүдделі болмады. Осы жағын жақсы білетін сала басшылары – өндірістік бірлестіктер мен басқарма жетекшілері, зауыттардың директорлары мен партия комитеттерінің хатшылары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Жоғарғы Кеңес төрағасы Ерік Асанбаевтың және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ұзақбай Қарамановтың атына хат жолдады. Онда нарықтық экономикаға көшу жағдайында Теңіз кен орнының ашылуымен болашақта көмірсутекті шикізат өндіру көлемінің едәуір артатындығы баяндалады. Сонымен қатар, еліміздегі мұнай және газ өнеркәсібі қызметкерлерінің ә л е у м е т т і к – т ұ р м ы с т ы қ мәселелерін оңды шешуге Одақтық министрлік тарапынан ешқандай қолдау мен көмектің болмай отырғандығы айтылады.

Сондықтан, мұнай-газ өндіру мен өңдеу өнеркәсібінің республикада базалық құрылымы болу қажеттігін алға тартады. Мұның өзі халық шаруашылығындағы нарықтық қатынастың қатал жағдайында табысқа жетудің негізі болатындығын қаперлеп, мұнай сомасы мен мұнай доллары Қазақстан халқының әлауқатын арттыруға қызмет етуі қажеттігін және Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы негізінде республиканың өз жеріне, ондағы қазба байлықтарға меншік құқығы бар екендігін ашық мәлімдеді. Ашық хатқа қол қоюшылар мұнай-газ өндіруші және оны өңдеуші кәсіпорындарды республика меншігіне беру жөнінде заң қабылдауды ұсынды.

Сол жылдары «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігі партия комитетінің хатшысы ретінде аталған хатқа қол қоюшылардың қатарында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, еліміздің мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мағауия Шырдабаев та болған еді. Осындай ұсыныс пен талқылау нәтижесінде 1991 жылдың 12 шілдесінде А т ы р а у қ а л а с ы н д а республиканың бес облысының, одақтық, республикалық ведомствалардың және мұнай өндіру, өңдеу, тасымалдау саласы құрылымдарының басшылары бас қосып, мемлекеттік «Казахстаннефтегаз» корпорациясын құрды. Содан бастап аталмыш корпорация еліміздегі мұнай-газ саласын басқару билігін толық өз қолына алған болатын.

Кеңес Одағы ыдырап, қазақ елі өз Тәуелсіздігін жариялап, Ресейдің бодандық бұғауынан босағалы экономикамыз өрге басып, халқымыздың әлеуметтіктұрмыстық жағдайлары жақсарды. Қазақстан бүгінде барланған мұнай қор жөнінен алдыңғы орындардың бірінде болса, «қара алтын» игеру, өңдеу және экспорттау жөнінде әлемге атағы жайылған мемлекеттер қатарында.

Қазіргі заманғы дүниежүзілік экономикада мұнай мен газдың алатын орны қаншалықты жоғары екендігі белгілі. Қазақстанның мұнай-газ кешені – сыртқы және ішкі инвестицияның басым бөлігін қамтитын, елдің өнеркәсіп өндірісінің негізгі ядросы. Мемлекетіміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясында энергетикалық ресурстарға үлкен көңіл бөлінуде. Оның ішінде энергетикалық ресурстарды халықаралық нарыққа жеткізу мақсатындағы мұнай өндіру, тасымалдау және өңдеу жүйесін дамыту болып табылады.

Бұл ел экономкасының қаржылық дамуын жақсартып, сенімді экспортпен қамтамасыз ететіні анық. Жалпы, кен орындарын игеру, оның ішінде мұнай өндіру ел экономикасы дамуының қайнар көзі екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Бақытжан ЖҰМАТ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз