Өткен жылы мемлекет пайдасына 690 млн теңге қаражат өндірілді
Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы Айгүл Набиева Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты.
Ол 2023 жылы атқарылған жұмыстар қорытындысы мен биылға қойылған жоспары туралы айтып берді.
«Өткен жылы бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу үшін монополияға қарсы орган 53 тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізді. Өткен жыл қорытындысы бойынша жүргізілген болатын. Нәтижесінде 5 нарық субъектіге Хабарлама шығарылып, 3 нарық субъектісіне қатысты тергеп-тексеру тағайындалды. Жалпы 2023 жылы Департамент 10 әкімшілік іс қозғалып, 884 млн теңгеден астам айыппұл салынды, оның ішінде 690 млн теңге көлеміндегі қаражат мемлекет пайдасына өндірілді», — деді Айгүл Нәбиева.
Сондай-ақ Департамент Атырау облыстық прокуратурамен бірлесіп, «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-ін тексерді. Тексерістің аясында бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілері анықталды. Нәтижесінде қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 324 млн теңгеден астам мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, бұзушылықтарды жою үшін Департамент «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» мекемесіне қатысты нұсқамалар енгізді.
2023 жылы Департамент прокуратура өкілдерімен бірлесе «РТИ-АМӨЗ», «Batys Trans Group» мекемелеріне тергеп-тексеру жүргізді. Нәтижесінде темір жол саласындағы қызметтерде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу фактісі анықталып, жалпы көлемі 550 млн астам теңгені құрайтын монополиялық кіріс және салынған айыппұлдар мемлекет пайдасына толық көлемде өндірілді.
Айта кетейік, департамент «РТИ-АМӨЗ» және «Batys Trans Group» мекемелеріне бұзушылықтарды жою мақсатында нұсқамалар енгізіп, олар толықтай орындалды.