Жарнама
ЖаңалықтарЭкология

ӨСІМДІКТЕР КАРАНТИНІ ТАЛАПТАРЫН САҚТАУ – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының ұйымдастыруымен Атырау қаласындағы «Дина» сауда орталығында кәсіпкерлермен кездесу өткізілді. Онда шағын және орта бизнес субъектілері тарапынан еліміздің өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптарын сақтау, заң бұзушылықтарға жол бермеу және инспекция бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы түсінік берілді.

Кездесуде облыстық аумақтық инспекцияның басшысы А.Кұмарғалиев, өсімдіктер карантині бөлімінің басшысы М.Сұлтанмұратов, қалалық аумақтық инспекцияның басшысы Ш.Жұмахметова мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру, сондай-ақ карантинге жатқызылған өнімдерді бақылаушы органнан берілетін арнайы сертификатсыз тасымалдауға болмайтынын ескертті. Егер, басқа жақтан жеткізілген карантиндік тауарлар тиісті фитосанитариялық талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, олардың белгілі бір мерзімге дейін кідіртілетінін, заң бүзушылыққа жол берген жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын қаперледі.

— Ең бастысы-өсімдіктер карантині саласындағы заң талаптарын сақтау азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты болып табылады. Өз кезегінде біздер, өсімдіктер зиянкестері мен ауруларының таралуына түбегейлі жол бермеуіміз керек, өйткені биылғы жыл басын алыстан тасымалданып әкелінген қызанақтан адам денсаулығына қауіпті вирус табылғаны белгілі. Сондықтан да мұнда сырттан әкелінетін қандайма болмасын өнімнің (әсіресе көкөніс-бақша дақылдары мен өзге де халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары) фитосанитариялық сертификаты міндетті түрде болуы және оның талап етілуі қажет. Олай болмаған жағдайда кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке шақырылып, бекітілген сомада айыппұл салынады, — дейді облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары Руслан Шұғайыпов.

Оның айтуынша, мұның өзі кәсіпкердің оң жамбасынан келмесі, яғни оңайға түспесі кәміл. Дегенмен, одан басқа қолданар шара мен жасалар амал жоқ. Осы орайда, инспекция қызметкерлері қалалық, облыстық әкімдікке шығып, тез бұзылатын тағамдарды ұзақ уақыт бойы тұрғызып қоймай, мәселенің мән-жайы анықталып, тиесілі шарасы алынғанша «жасыл дәліз» арқылы өткізуге рұқсат беру жөнінде ұсыныс жасап отыр.

Одан бөлек, Астрахан қаласындағы «Росельхознадзор» федералдық қызметіне шығып, тасымалданатын өнімдерге қатысты фитосанитариялық сертификатты (былайынша айтқанда, олардың қауіпсіздік кепілдік беретін рұқсат қағазын) сол жерден, яғни егістіктің басынан беруді, сондай-ақ, «Қараөзек» шекаралық бақылау бекетінде фитосанитарлық бақылау пунктін, оған қоса тауарлардың сапасы мен жарамдылығын анықтауға мүмкіндік беретін зертхана ашуды ойластыру жөнінде ұсыныс жасап, әдейі мәселе етіп қойды.

Басқосу барысында бизнес субъектілері де күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өзіндік ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісті. Бұл ретте жеке кәсіпкерлер Г.Тұрсынбаева, И.Магомедов Астрахан қаласынан фитосанитариялық сертификат алу қиынға соғып жүргенін ашық айтты. Сол себепті де инспекция өкілдерінің заңдық тұрғыда кеңестерін беріп, қордаланған проблемалардың оңтайлы шешілуіне септесетініне сенімділіктерін білдірді.

Сайып келгенде, өсімдіктер карантині саласындағы заңдылықтар мен тауарларды тасымалдау тәртібін қатаң сақтау бірінші кезекте тұтынушыға ұсынылатын азық-түлік түрлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік берері сөзсіз. Әсіресе, қазіргідей жаз айларында, күннің қатты ысыған мезгілінде оның маңыздылығы мен қажеттілігі арта түсетінін естен шығармағанымыз абзал.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button