Өрт сөндірушілердің жалақысы 180 мың теңгеге дейін өседі

1464690527 l Жаңалықтар

Алдағы наурыздан бастап өрт сөндірушілер жалақыны жаңа жүйемен ала бастайды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалақыға қатысты қаулыны таяудағы республикалық бюджет комиссиясының қарауына ұсынамыз. Өрт сөндірушілер қаңтар, ақпанның айлығын бұрынғы есеппен алады деп ойлаймын. Ал наурыздың ортасында республикалық бюджеттен ақша түскен соң қайта есептелуі тиіс. Таяуда өткен министрліктің алқа отырысында департаменттер және өрт сөндіру қызметінің басшыларына жалақы өсіміне қатысты мән-жай тағы бір түсіндірілді», – деді Юрий Ильин Үкіметтің кулуарында тілшілердің сауалына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, жалақының өсуі жұмысшының санатына байланысты.

Төменгі жалақы шамамен 110 мың теңге болса, енді олардың айлығы 180 мың теңгеге артады деп күтіліп отыр.

«Министр, орынбасарлары мен комитет басшыларының жалақысы өспейді. Өрт сөндіру қызметтері мен департаменттердің басшылық құрамының жалақысы 20% дейін көтеріледі. Одан артық болмайды. Басты назар төменгі жалақы алатын буынға беріледі»,- деп түсіндірді министр.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз