
Өңірлік кеңестің құрамы өзгерді
Атырау облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңестің құрамы жаңарды. Кеңес төрағасы болып белгілі кәсіпкер, “Эталон Термопласт” ЖШС директоры Асқар Саппаев сайланды. Бұл туралы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кету керек, 52 жастағы Асқар Саппаев – Атырау өңірінің тумасы. Ол Атырау аграрлы-техникалық колледжін (бұрынғы Гурьев ауыл шаруашылығы техникумы) және С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетін (мұнай-газ институты) тәмамдаған. Бизнестегі алғашқы қадамдарын құрылысқа қажетті пенопласт және қасбетке арналған декор өндірісінен бастаған. Сонымен қатар, полиграфия және сыртқы жарнама салаларында да кәсіп жүргізіп келеді. Бүгінде “Эталон Термопласт” ЖШС-нің басшысы, Атырау қалалық мәслихатының депутаты.
Асқар Саппаевтың ел игілігі жолындағы еңбегі жоғары бағаланып, ол “Адал кәсіпкерлігі үшін” III дәрежелі медалімен, “Белсенді қызметі үшін” төсбелгісімен, “Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл” мерейтойлық төсбелгісімен марапатталған.
“Өңірлік кеңестің жаңа құрамына мені сайлап, сенім білдірген әріптестеріме алғысымды білдіремін. Бұған дейін де қоғамдық ұйымның мүшесі ретінде жергілікті бизнес субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау ісіне үлес қостым. Енді жаңа құраммен бірге бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырып, бизнесті дамыту үшін бірлесе еңбек ететін боламыз”, – деді Асқар Саппаев.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев кеңестің бұрынғы құрамына ризашылығын білдіріп, жаңадан сайланған мүшелеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, “Атамекен” республикалық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың атынан бірқатар кәсіпкерге Алғыс хат табыстады.
Дәулетқали АРУЕВ