Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Өндірісте қысқарту болса бес мыңға жуық жұмысшы қайда барады?

Өндіріс орындарында құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты мыңдаған атыраулық жұмыстан қысқарып отыр. Келесі жылы да ауқымды жобалардан бес мыңға жуық маман қызметінен босатылмақ. Әрқайсысы бір-бір отбасының арқасүйері екенін ескерсек, қанша мың тұрғынның табыссыз қалатынын айтудың өзі қиын. Есесіне, мұнай-химия және кейбір өзге салаларда мамандар тапшы.
Ал, «қара алтынды» өңдеу саласы қарқын алған өңірде полиэтилен, бутадиен жобалары жүзеге асқан кезде тағы да кадрға сұраныс артатыны белгілі. Сонда қайтпек керек? 

Жұмыссыздар жұмыспен қамтыла ма?

Иә, кәсіпорындар мен зауыттар көптеп шоғырланған Атырау облысында халықтың басым бөлігі мұнай компанияларында жұмыс істейді. Әрине, бұл мамандардың барлығы бірдей инженер немесе супервайзер дегенді білдірмейді. Олардың кейбірі бірлескен кәсіпорындарға сервистік қызмет көрсетсе, енді бірі бірнеше жыл бойы салынатын алып кешендердің құрылысында еңбек етеді. Десек те, көпшілік отандық экономиканың драйвері саналатын мұнай өндірісінің айналасында шоғырланғандықтан, қызметкер-лердің айлығы да басқаларға қарағанда жоғары болады. 

Мәселен, биыл Теңіз кенішіндегі «Келешек кеңею» жобасында құрылыс жұмыстары аяқталуына байланысты жобадан 31,1 мың қазақстандықтың  босатылуы ықтимал. Оның ішінде 12335-і Атырау облысының тұрғындары екен.  Жыл басынан бері бұл жобадан 5 703 атыраулық қысқарған. Осыған байланысты салалық министрлік, облыстық әкімдік және «Теңізшевройл» ЖШС бекітілген жол картасы бойынша жұмыстар жүргізген. 

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, жобадан қысқарған 5 703 атыраулықтың 31 пайызы ғана жұмыспен қамтылып отыр. Мамандардың айтуынша, облыс орталығы мен Жылыой, Махамбет, Құрманғазы, Махамбет аудандарында еңбекпен қамту шаралары төмен деңгейде. Мысалы, шаһарда іргелі жобадан қысқарған 2 428 маманның 588-і ғана жұмысқа орналасқан. Ал, басым көпшілігіне тек әлеуметтік төлемдер ғана тағайындалғанымен, тұрақты жұмыс ұсыну шаралары қабылданбаған. 

Екі мыңнан астам кадр керек

– «Келешек кеңею» жобасынан босатылған адамдарды жұмыспен қамту бағытында Қашаған кен орнында «Газды қайта өңдеу зауытының құрылысы» жобасы басталып, 150-ден астам адам жұмысқа қабылданды. Бұл ретте, жобаның бас мердігерлік және қосалқы мердігерлік мекеме басшыларымен жеке кездесіп, жұмысты ұйымдастыру бағытында меморандум жасақталып, жұмысқа қабылдау шаралары жүргізілуде. Ең бірінші кезекте жергілікті Мақат ауданының тұрғындары қабылданды, осы бағыттағы жұмыстар жүргізіле береді.

Ал, келесі жылы «Теңізшевройл» ЖШС-нің мәліметі бойынша «Келешек кеңею» жобасынан 9 981 адам жұмыстарынан қысқартылмақ. Оның ішінде 4 078-і – Атырау облысының тұрғындары, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов. 

Шындығында, бұл көрсеткіш пен сандардың тасасында мыңдаған отбасының тұрмыс жағдайы мен әлеуметтік ахуалы тұрғаны жасырын емес. Ал, бір-екі реттік берілетін жәрдемақы «жыртығын жамамайтыны» белгілі. Ендеше, қайтпек керек? Елдегі белгілі экономист-сарапшылар өндірістегі кадрларды өңдеуге, мұнай-газ химия өнеркәсібіне қайта даярлаған  жөн деп санайды. Өйткені, бұл саланы дамытып, озық технологиялармен жұмыс істеу үшін жаңа әдіс-тәсілдерді меңгерген маман қажет. Қазірдің өзінде елдегі мұнай-газ химия кешеніне екі мыңнан астам кадр керек. Өндіріске заманауи құрал-жабдықтар мен қондырғылардың енгізілуіне байланысты бұл мамандықтарға сұраныс арта түспек.

Мұнай-газ химиясы қауымдастығының бас директоры Ғабит Толқымбаевтың айтуынша, қазірде қарқын алған мұнай-газ химия саласына маман даярлаудың маңызы артып келеді. Себебі, нарықта сұраныс өзгерген сайын талапқа сай келетін кадр даярлау басты міндет болып қала бермек. Сондықтан, оны жоғары және орта арнаулы оқу орындарымен бірлесіп шешу керек. 

– Мұнайлы өлкеде Атырау мұнай өңдеу зауыты, «КРІ»-ға мамандар қажет. Бүгінде технология сәт сайын өзгеріп жатыр. Оның үстіне бұрын-соңды біздің елде болмаған технологиялар қолданысқа енгізілуде. Сол себепті кадрларымыз да осы сұранысты өтеуі тиіс. Шетелдік компаниялардағыдай әдістермен жұмыс істейтін оқу тренажерлерын тиімді пайдалану керек. Шыны керек, бұған дейін жоғары және орта оқу орындарында мұнай-газ химия кешеніне маман даярланбаған болатын. Демек, енді нақты өндіріске жоғары сыныпта оқып жатқан жастарды тарту маңызды, — дейді Ғабит Толқымбаев.

Экономиканың негізгі саласы

Алқалы жиындардың бірінде облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қазақстандық экономиканың негізі болып саналатын саланы дамыту үшін білікті кадрларды даярлаудың маңыздылығын ерекше атап өткен еді. Негізі, өркениетті елдерде  мамандарды қайта даярлауға жіберу қалыпты процесс болып саналады. Себебі, уақыттың бір орында тұрмайтыны секілді кадрлар да заман талабына сай озық технологияларды меңгеріп отыруы тиіс.  

– Жақында аймақта сұйытылған газ, полиэтилен және бутадиен өндіретін ауқымды жобалар іске асырылады. Солардың барлығына өндірістік процестерді түрлендіруге және жаңғыртуға, кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға және олардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге білікті кадрлар қажет болады. Сол себепті өңірдегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарында дуалды оқу жүйесін дамыту керек, — дейді М.Мурзиев. 

Жақында АРЕС PetroTechnic колледжінде серіктес компаниялардың қатысуымен өткен  индустриялық кеңес отырысында да осы тақырып талқыға түсті. Кездесу барысында колледж студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізу, дуалдық оқыту сынды маңызды мәселелер сөз болды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп  басқармасының бөлім басшысы Ақбөбек Шарғабаеваның айтуынша, бүгінде болашақ мамандардың өндіріспен тығыз қарым-қатынаста болуының маңызы артып отыр. Теориялық білімнің тәжірибемен ұштасуы келешек кадрға оң септігін тигізері сөзсіз. 

Бүгінде APEC PetroTechnic жоғары колледжінің 6 студенті дуалды оқыту жүйесі бойынша Атырау мұнай өңдеу зауытында білім алумен қатар еңбек етіпті. Соның нәтижесінде өткен оқу жылында бітірген түлектер аталған кәсіпорынға жұмысқа орналасқан. Жалпы, зауыт студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізуге және дуалды оқыту жүйесі бойынша да қабылдауға мүдделі. Өйткені, өндіріске машинист, механиктер, жұмысшы мамандар жетіспейтін көрінеді. 

Р.S: Әрине, ірі жобалардағы құрылыс жұмыстарынан қысқарған маманның барлығы бірдей инженер болып кетпейді. Тек біз мұнай-химиясында кадр тапшылығы туындауына байланысты осы салаға маман даярлау қажеттілігін сөз еттік. Өйткені, «қара алтыннан» полиэтилен мен полипропилен секілді шикізат шығаратын зауыттарға да тәжірибелі мамандар қажет. «Бәріне уақыт пен тәжірибе керек. Тәжірибелі маман мен жас кадрдың айырмашылығы жер мен көктей екендігі түсінікті. Дегенмен, бүгінгі білікті, тәжірибелі жандар кешегі жас мамандар емес пе еді? — деген еді бізбен әңгімесінде «КРІ» ЖШС сарапшысы Садуохас Мералиев. Демек, мектеп бітіріп оқуға түсер сәтте бұрғышы ғана емес, басқа да мамандықтарды таңдағанымыз дұрыс болар.

Айбөпе Сабырова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button