ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР АТАНДЫ

 «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК директоры Рашиден Қалидуллин «Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Құрметті профессоры» атанды. Осыған орай марапат иесін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қабылдады.

– Атырау өңірінің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесіңіз зор. Еңбек жолында терең білім-білігіңізбен, үлкен тәжірибеңізбен және парасаттылығыңызбен танылған азаматсыз, – деді Ғұмар Ислямұлы.

Марапат иесінің еңбегі жөнінде айтқан Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, академик, ветеринария ғылымдарының докторы Нығмет Асанов аталмыш жоғары оқу орнының ректоры Тілектес Есболовтың құттықтау хатын табыс етіп, «Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Құрметті профессоры» төс-белгісін тақты. Ал, аталған университеттің Бизнес жобаларды басқару бөлімінің басшысы, доцент Сәуле Темірбек облыс басшылығына ризашылығын білдіріп, естелік кітапты сыйлады.

– Ауыл шаруашылығының өркендеуі үшін алдымен ұжымдық еңбекті өрістету қажет.  Өңіріміз алдағы уақытта да барлық сала бойынша жоғары жетістіктерден көрінеді деп сенемін – деген марапат иесі Рашиден Мұсаұлы  еңбегін ескеріп, құрмет көрсеткен облыс басшылығына,  Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымына алғысын білдірді.

 

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз