
Өлшем дәлдігі – экономикалық сапаның негізі
Метрология – бұл тек техникалық өлшеулермен шектелетін сала емес. Ол — елдің қауіпсіздігін, экономикалық тұрақтылығын және азаматтардың өмір сапасын қамтамасыз ететін маңызды құрал. Бүгінде әлемде өндірістік процестердің, медициналық диагностиканың, экологиялық мониторингтің және энергетикалық есептеулердің барлығы дәл өлшеулерге негізделген. Өлшемдерсіз ғылым да, әділ сауда да, қауіпсіз құрылыс та мүмкін емес.
Қазақстанда қалыптасқан ұлттық эталондық база – өлшем бірлігін қамтамасыз етудің негізгі тірегі. Қазір елімізде 104 мемлекеттік эталон жұмыс істейді. Оның ішінде ұзындық, масса, температура, қысым, электрлік және магниттік шамалар, сондай-ақ физика-химиялық параметрлер бойынша дәлдікті қамтамасыз ететін эталондар бар. Бұл жүйе елімізде өндірілетін тауарлардың сапасын арттырып, отандық өнімдердің сыртқы нарыққа шығуына жол ашады.
Салалық министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан метрология саласында халықаралық тануға ие болу жолында да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде Қазақстан Халықаралық өлшемдер және салмақтар бюросы (BIPM) аясында 119 CMC жазбасына (яғни, калибрлеу және өлшеу мүмкіндіктері) ие болып, Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Бұл – еліміздің техникалық және ғылыми әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалуының айқын дәлелі.
Сонымен қатар өлшеу құралдарын тексеру және калибрлеу бағыттары кеңейіп келеді. Қазақстанда қазір 340-тан астам тексеру зертханасы және 70-тен астам калибрлеу зертханасы жұмыс істейді. Бұл зертханалар өндірістегі, энергетикадағы және денсаулық сақтау саласындағы технологиялық процестердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Метрология – бұл халықтың тұтынушы ретіндегі құқығын қорғайтын тетік. Су, газ немесе электр энергиясының есептегіштеріндегі ауытқу – бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның шығынына алып келеді. Сондықтан дәлдік пен сенімділік – тек техникалық талап емес, әлеуметтік әділдіктің де негізі.
Метрология саласындағы нормативтік-құқықтық база да тұрақты дамып келеді: бүгінде Қазақстанда өлшеу саласын реттейтін 13 негізгі заңнамалық акт және 700-ден астам ұлттық стандарт қабылданған. Бұл — ел ішінде де, сыртқы нарықта да өнімдердің, қызметтердің және технологиялық процестердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етудің берік негізі.
Осылайша, өлшеу саласы ел экономикасының барлық саласына тікелей әсер етеді — мектептегі оқушыдан бастап, жоғары технологиямен жұмыс істейтін инженерге дейін мұны әрқашан қолданады. Бұл – мемлекеттің орнықты дамуы мен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ететін іргелі сала.
Жанна ЫҚЫЛАСОВА,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор
Сурет: gov.kz