Жарнама
Жаңалықтар

Облыстағы үздік ауылдар анықталды

Атырау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен өткен облыстық «Үлгілі ауыл» конкурсының жеңімпаздары ұлықталды.

Марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысты.

– Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған бағдарламасын, елдің экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын және «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясын жүзеге асыру аясында өңірімізде бірнеше экологиялық шаралар қолға алынуда, – деді Д.Шамұратов.

Оның айтуынша, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан да тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру бағытында «Экологиялық ағарту және насихаттау жұмыстары» жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Аталған жоба аясында өңірдегі білім беру мекемелерінде және тұрғындар арасында суды, электр энергиясын үнемдеу, көгалдандыру сияқты тақырыптарда кездесулер мен конкурстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Соның айқын бір дәлелі ретінде облыстық «Үлгілі ауыл» конкурсын атауға болады. Әлеуметтік желілер арқылы хабарландырылып, тұрғындардың онлайн дауыс беруі арқылы ұйымдастырылған байқауға қала мен аудан ауылдық округтері қатысып, бақ сынады.

Байқау қорытындысы бойынша Атырау қаласына қарасты Алмалы ауылы – облыстың ең үздік ауылы атанып, бас жүлдеге ие болды.
Құрманғазы ауданындағы Сафон ауылы екінші орынды иеленсе, Индер ауданындағы Жарсуат ауылы жүлделі үшінші орынға ие болды.

Конкурс жеңімпаздарына облыс әкімінің орынбасары Дарын Дүйсенбайұлы марапаттары мен бағалы байрақтарын салтанатты жағдайда табыстады.

Дәулетқали АРУЕВ
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button