
Облыста құрылыс жұмысы ұзаққа созылған жобалардағы мәселелер шешімін табуда
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті құрылысы ұзаққа созылған жобалардағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қауіптерді анықтауда. Бұл туралы баспасөз мәслихатында департамент басшысы Ерұлан Серікқалиев мәслихатында баяндады, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталған департаментпен жүргізілген сыртқы талдаулар нәтижесінде 13 түрлі күмәнді нысан анықталды. Олардың ішінде бірнеше компанияның (мердігерлердің) өзара келісіммен бағаны қасақана көтеруі және өзара байланысы бар компаниялардың тендерге қатар қатысуы, сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттарды реттеудегі заңбұзушылықтар ерекше назарда. Осыларды негізге ала отырып, жалпы сомасы 70 млн. теңгеге жуық тұрақсыздық айыбы өндірілді.
Бұдан бөлек «АЙКОМ LTD» ЖШС жосықсыз мердігерлер тізіліміне енгізілсе, «Оңдасын Строй» ЖШС бойынша өтінім берілді. Құқықбұзушылықтар бойынша жауапты тұлғаларға қатысты бес іс тиісті органдарға жолданды.
Департамент басшысы аймақ тұрғындары үшін маңызды жобалардың бірі — Махамбет ауданы Сарытоғай ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы да осы бақылау аясында аяқталғанын мәлімдеді.
–Құрылысы 2017 жылы басталған нысандағы жұмыстар үш мердігердің ауысуынан кейін «Гранд Мастер» ЖШС арқылы толығымен аяқталды. Жалпы жемқорлыққа қарсы күрес тек есеп беру құралы емес, нақты проблемаларды анықтап, шешу арқылы заң мен тәртіпті қалыптастырудың дұрыс жолы, — деді Е.Серікқалиев.