Облыс орталығымен көлік қатынасы қалпына келді
Қызылқоға ауданында тасқын судан келер қауіптің алдын алу жұмыстары әлі жалғасуда. Қазір ауданның ең шеткі елді мекені – Қарабау ауылында судың деңгейі ең жоғарғы 95 сантиметрді көрсетіп тұр. Ауылда 15 арнайы техниканың күшімен мекеме қызметкерлерімен бірге еріктілер де тәулік бойы кезекшілікке жұмылдырылған.
Тұрғындардың Атырау қаласына баруы үшін көлік қатынасы үзілген жоқ. Мәселен, Жангелдин, Ойыл ауылдық округтерінің тұрғындары аудан орталығы – Миялы ауылына қайық арқылы барып келсе, облыс орталығына айналма қара жолмен (БҚО-ның Саралжын ауылы арқылы) Тасшағыл ауылына жетіп, одан әрі облыстық маңызы бар «Миялы–Қарабау–Индер» тасжолы арқылы қатынайды. Себебі, Жасқайрат ауылы мен Көздіғара ауылдық округінің орталығы – Қоныстану ауылының арасындағы тасжолды екі жерден жырып, Ойыл өзенінің суы Бүйрек құмына қарай ағып жатыр.
Жамбыл, Тасшағыл және Қызылқоға ауылдық округінің тұрғындары үшін Индер бағытындағы көлік жолында қатынас үзілген жоқ. Ал, «Миялы–Сағыз» облыстық маңызы бар тасжолы қалпына келтірілген.
Қуандық ШӘКІРОВ