Облыстық мәслихаттың кезекті ХІІІ сессиясында өзекті мәселелер қаралды

Сессия Жаңалықтар

Өткен жылы облыстық бюджет түсімдерінің орындалуы 114,5 пайызды құраған. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті ХІІІ сессиясында қаржы басқармасының басшысы Бақытжан Жылқыбаев мәлім етті.

Сессия

– Шығындар бойынша жоспар 99,8 пайызға орындалды. Игерілмеген қаржы қалдығы – 314,0 миллион теңге. Соның ішінде облыстық құрылыс басқармасында 289,6 миллион теңге қаражат жұмыстардың уақытында орындалмауынан игерілмеді. Ал, ішкі істер департаментінде 0,9 миллион теңге оқу-жаттығу жүргізуге төленген қаражаттан үнемделген. Облыстағы бюджеттік мекемелерде қалған 26,3 миллион теңге мемлекеттік қызметшілерге 30 пайыз үстемеақыдан үнемделді, – деді басқарма басшысы.

Сессия барысында ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі басшысының есебі тыңдалды. Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығы Нұрым Оразбаев биылғы бес айдағы жұмыс нәтижесін баяндады.

– Облыста жедел ахуал бірқалыпты, қылмыстың өсуі байқалмайды. Жүргізіл-ген іс-шаралардың нәтижесінде тіркелген қылмыс саны 13 пайызға төмендеді. Ал, аудандар арасынан Исатайда өсім байқалады. Адам өлтіру фактісі бойынша тіркелген 13 қылмыстың 12-сін полиция қызметкерлері ізін суытпай ашты. Сондай-ақ, зорлау, қарақшылық, тонау, бопсалау қылмыстары азайды. Ал, пәтер, қалта ұрлығының көрсеткіші кемігенімен, мал ұрлығы көбейіп отыр. Мұндай жағдай, әсіресе, Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарында көбірек кездесуде, – деді ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы.

Кезекті сессиядан бұрын тұрақты комиссия отырысында халық қалаулылары мұғалімдердің жалақысын көтеру мәселесін қозғаған еді. Бұл сауалға орай облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысы Үкіметтің қаулысымен бекігендігін айтты.

– Мәслихаттың шешімімен жергілікті бюджеттен еңбекақы өсіру құқығы ешбір заңда қаралмаған. Сондықтан, бұл мәселе республика көлемінде қарастырылып, шешіледі. Бұл ұсынысты біз Үкіметке жолдап  отырмыз, – деді ол.

Айгүл СОЦИАЛҚЫЗЫ

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз