Облыс әкімі қаламгерлерді қабылдады

рухани жаңғыру басты жаналык Жаңалықтар

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аймақ қаламгерлерін қабылдады. Атырау өлкесі ақын-жазушылары бас қосқан келелі кеңесте ата-бабадан қалған рухани дүниелерді келешекке апару жолдары, салт-дәстүрді сақтау, оны ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мәселелері сөз болды.

рухани жаңғыру басты жаналык

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегі барша қазақстандық- тарға рух берді. Бүгінгі жиынға Ақ Жайықты ен жайлаған өлкенің қабырғалы қаламгерлері жиналып отырғаны да тегін емес. Халықтың мұңына қабыр-ғасы қайысып, қуанышына ортақтасып жүретін ақын-жырау-лар екені әлімсақтан белгілі. Елдің экономикасымен қатар, рухани дүниесінің де дамуы өте маңызды. Сондықтан да белгілі ел билеушілерінің бәрі де ақын-жырауларды жанына ұстап, халықтың жағдайын сол кісілер арқылы біліп отырған. Бұған мысалды Абылай хан мен Бұхар жырау өмірінен келтірсек те жетеді. Ұрпақ санасын серпілтіп, қоғамдық пікір қалыптастыруда да ақын-жазушылар туындысының алатын орны ерекше. Міне, сондықтан, бүгінгі күні барша сөз ұстаған жандарды жинап, кең отырып әңгімелесуге шақырамын,- деді аймақ басшысы алғысөзінде.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» туындысын оқыған кезде қуанышта шек болмады. Күткеніміз осы еді ғой! Әрине, бұл құжат қаламгерлерге үлкен жүк артары даусыз. Талмай еңбектеніп, Нұрсұлтан Әбішұлының сенімін ақтаймыз деп сендіремін. Сонымен қатар, биылғы жылы академик Зейнолла Қабдоловтың туғанына – 90, көрнекті ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтың туғанына – 80, ал, «қазақтың Белинскийі» атан-ған сыншы Зейнолла Серікқалиевтің туғанына 80 жыл толмақ. Осы тұлғаларға арнап республикалық, облыстық көлемде шаралар өткізілсе — нұр үстіне нұр,- деді сөз алған филология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп.

– Дұрыс айттыңыз. Сіз айтып өткен тұлғалардың қай-қайсысы да қазақ руханиятын өркендетуге еңбегі сіңген жандар. Сондықтан, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының жоспарына енгізілген,-деді Нұрлан Асқар-ұлы.

– Бүгінгі басқосу — барша қаламгерлерге тың идея берері анық. Аймағымызда сонау Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуған жыраулар, талай елге еңбегі сіңген адамдар өткен. Мәселен, Манаш ауылы әйгілі Қазтуған жыраудың ұлы Манаштың атымен аталады. Жанында оның ұлы Тұяқтың да зираты бар. Осындай жандарға белгі қойылса,-деп ұсыныс айтты жазушы-өлкетанушы Өмірзақ Қажымғалиев.

– Манашта отыздан астам ғылым докторы, ел басқарған адамдар дүниеге келген, оқып, білім алған. Сол кісілердің де   есімдері ұмыт болмаса екен,-деді ақын Жеңіс Аронов.

– Мен бұл айтқаныңызды қазір ғана естіп отырмын. Қолымыздан келгенше елге қызмет етуге дайынбыз.Жапонның «Нараями» дастанына арнап шығарылған кино баршамыздың есімізде. Осы кинода ата-анасын қартайғаннан кейін тау басына апарып, ит пен құстың жемтігі ететін тұсын жүрегіміз сыздап отырып көрген едік. Біздің халқымызда ата-анасын сыйламау, оны қартайған шағында тастап кету атымен жоқ еді. Қазіргі таңда қарттар үйі бар. Осының өзі – біздің рухани құлдырауымыздың айғағы. Бірде қариялар үйіне барып, қарап тұрсам, бір ақсақал қолындағы жеміс-жидектерді өзі жемей, бөлмесіне барып, бір қағаз қалтаға салып жатыр.  «Ата, оны неге сақтайсыз?» десем, «Немеремді ертіп, балам келіп қалар» деп жауап берді. Сөйтсем, көптеген қарттардың балалары бар екен. Зейнетақы түскенде немерелерін алып, жағдайын білуді сылтау етіп, келіп кететін көрінеді. Осының бәрі — ұлттық бастауымызды жоғалта бастағанымыздың көрінісі. Соны қалпына келтіретін, ұрпақ санасына рухани дән егетін — ақын-жазушылар. Осыны ұмытпайық,-деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Сөз тізгінін қолына алған жазушы-драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет, Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтардың иегері Рахымжан Отарбаев:

– Бүгінгі келелі кеңес Президент мақаласынан басталды. Жан дүниеміз рухани жаңғыруды іздейтін еді, жүрегіміз соны сұрайтын еді. Айтылған дүниелер әр қазақтың көкіре-гіне нұр болып құйылып жатты. Содан бері баспасөз құралдарында өз пікірімізді құлаштап тұрып айттық. Еңбекте туған жер туралы керемет жолдар бар. Туған жер тусаң да керек, өлсең де керек. Оқығанда жан дүниеміз қуанды. Қазақтың руханиятын дамыту туралы мақаланың жазылған әр сөзі қымбат. Соны айту — Президентке серт еді, енді айтылған дүниелерді жасау — бізге серт, – дей келіп, аймақ ақын-жазушыларының еңбегін шет ел тіліне аудару, аймақтағы атақты тұлғалар энциклопедиясын шығару мәселесіне тоқталды.

– Аймақ ақын-жазушыларының таңдамалыларын шығару, атақты тұлғаларды энциклопедияға енгізу — біздің де ойымызда жүрген мәселе,- деген облыс әкімі бұл шаруаны да қолға алатынына сендірді.

Атыраудың №1 айтыс ақыны атанған Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ақын Жәниба Қарасаева өз сөзінде ұлт болашағы ұрпағында екенін айта келіп, қыз балалар тәрбиесін қолға алуды, жоғары және орта оқу орындарында қыз балаларға арнап арнайы әдеп сабағын жүргізу туралы ұсыныс білдірді. Сондай-ақ, жас қаламгер Әділбек Өмірзақов Марат Отаралиевтің мерейтойы қарсаңында ақын кітабы шығарылса деген тілек айтты.

Кездесуде ақындар өлеңдерін оқып, өз ойларын кеңінен бөлісті. Жиынды Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, «Алаш» Халықаралық әдеби, Түркі дүниесінің Мақтымқұлы атындағы сыйлықтарының лауреаты, ақын Қойшығұл Жылқышиев қорытындылады.

***

Аққан сумен, ескен желмен өзгерген дүние шіркін бұл қазаққа бірде бетін берді, бірде теріс қарады… Еуразия құрлығын емін-еркін жайлап, айдарынан жел ескен тәңірі текті түркі бабаларымыздың азаттық сүйгіш рухы мен антқа берік адалдығы түйсігіміздің терең түкпірінде сақталып қалды. Ұлттық код дегеніміз – сол! Сол еркіндік пен ерлікті, атакүлдікке деген алапат сағынышты, түп  тамырыңа деген құрмет пен тереңдікті толғаған әдеби-мәдени мұра, тіл мен діл, дін…

«Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке то­лы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды.

Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демо­графиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді.Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құр­дымға кете жаздады. Төртін-шіден, еліміздің көптеген өңірлері эко­ло­гиялық апат аймақтарына айналды» дейді Елбасы әйгілі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.

Бұл жолдардың астарында төбе құйқаңды шымырлатар қаншама қасіретті ақиқат жатыр. Тұтас ұлттың рухын өлтіруге бағытталған алып механизм жетпіс жылдан астам ғұмыр сүрді. Сол алмағайып күндердің өзінде қазақ қаламгерлері әдебиеттің «алтын ғасырын» жасады. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары сөз майданына ғажайып толқын келді. Тұтас бірнеше буынды іңкәрлік пен ізгілікке тәрбиелеген де солар. «Айтарын ашып айтқан абайламай, Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай» деп жырлағандар. Жырлай жүріп, ана тіліміздің мәйегін сақтап қалғандар. Олардың арасында Жұмекен, Меңдекеш, Фариза есімдері ашық күнгі найзағайдай құбылыс болды.

Тәубеміз бен тобамызды қоса айта жүріп, қасиетті Тәуелсіз-дігімізге қол жеткізгенімізге де ширек ғасыр болды. Аз да емес, көп те емес. Әлденеше саяси-экономикалық сатыны бағындырған жылдар қазақ руханияты үшін не берді? Жалпы, өңір қаламгерлерін не толғандырады? Айдынды Атыраудың ақын-жазушысы немен тыныстап жүр?

Міне, осындай салмақты сұрақтардың төңірегінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жергілікті қаламгерлердің жасы мен жасамысының басын қосты. Қабырғалы жиын жасады. Бұл басқосудың мақсаты да, форматы да өлкенің қалам ұстағандары үшін тың да таңсық болды. Өйткені, алды сексенге тақап, соңы жиырмаға жаңа іліккен отызға тарта қаламгердің дүниені тануы мен түйсінуі әр басқа. Қабілет-қарымы сан алуан. Арасында отыз-қырық кітаптың авторлары да бар, жауқазын жырлары баспа бетін енді қызықтап   жатқандары да бар. Ғалым мен жазушысы, ақыны мен өлкетанушысы аралас зиялы қауым өкілдері өңір басшысы алдында  ұлы Абайдың «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсінуге жарар ол» деген қағидасымен еркін отырып, емен-жарқын сұхбат құрды.

Қазақ «Құдайсыз қурай да сынбайды» дейді. Өңір қаламгерлерінің көптен күткен бұл басқосуы жыл құсындай жақсы леп әкелді. Күллі қазақтың жүрегіне жол тапқан руханияттың жаңалығына іле-шала өткен бұл кездесуді тарихи сәйкестік десек, артық айтпаспыз. Хаттамасыз, шаблонсыз шырайлы жүздесу әкім мен ақындар арасындағы алтын желі іспетті болды. Сәуірдің соңғы самалына ілесе өткен ізетті жиын уақыттың үні мен заманның талабынан туған заңды бастама болса игі. Қарты шүкірлік айтып, жасы қанаттанып тараған кездесуден соң біз соған сендік.

Дайындағандар: Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА, Әлия Дәулетбаева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз