Астанадағы атыраулықтар туған жер туралы толғанады

 

 

 

 Елордада тұрақты тұрып, еңбек етіп жатқан атыраулықтар бүгінде баршылық. Әрине, олардың дені мұнай-газ саласында делінгенімен, өзге мамандық иелері де жеткілікті. Астана күні қарсаңында солардың бірқатарына қоңырау шалып, хабарласқан едік.

«Рим папасын Қазақстанға жеткіздім»

Болат НАУРЫЗҒАЛИЕВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұшқышы, Қазақстанның Құрметті авиаторы:

– Атырауда туып-өстік. Ертеректе Аққала атанған, бүгінде Жилгородок делінетін тұрғын мекенде балалық шағымыз өтті. Содан ұшқыштар дайындайтын училищені бітірген соң 16 жыл бойы туған жерімде еңбек еттім. «АН-24» деген шағын ұшақтың командирі болдым. Бірінші сыныпты ұшқыш атағын алдым. Кейін тәжірибе жинақтаған соң үлкен ұшақтарда да ұшқым келді. Содан Қарағандыға ауысып, мұнда «Ту-154» әуе кемесін басқардым. Отряд командирі болдым. Алматыда да жұмыс жасадым. Ақыры Астанаға келіп, эскадрилия командирі атандым. Елімізге шетелдік ұшақтар келе бастады ғой. Сөйтіп, «Боинг-777» ұшағын басқаруды үйрену үшін Грецияда тәлім алдым. «Эйр-Қазақстан» компаниясы президентінің орынбасары қызметін атқардым. Талай рет шетелге де, республиканың әр қиырына да ұштым. Бірақ, ең есте қалғаны – 2001 жылы Рим папасын Қазақстанға алып келуім болды. Бұл кісінің бізге арнайы ат басын бұруы – Елбасымыздың биік беделінің, тәуелсіз республикамызды дүние жүзі тануының белгісі. Сол оқиға егеменді еліміздің ширек ғасырлық тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.

 Кейінгі жылдары да біраз лауазымдық қызметтерді атқардым. Республикалық Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқардым. Кейін Ақтау әуежайы жұмысын жандандыруға жіберді. Мұнда да біраз іс тындырылды. Баршаға белгілі, Елбасына жеке қызмет көрсететін «Бүркіт» авиакомпаниясы құрылды. Міне, соның да басшылық құрамының қатарынан табылдым. Бүгінде Мемлекет басшысының тікелей Жарлығымен өмірге келген «КТЖ-экс-пресс» аталатын логистикалық компанияның атқарушы директорымын. Әуемен жүк тасымалдау жағына жауаптымын. Осы мақсатта республикада 11 әуежайды пайдаланамыз. Еуропа мен Азияны жалғастырып отырған Қазақстан үшін жүк тасымалын әлемдік деңгейге көтеру – аса маңызды. Біз Елбасымыздың осы сенімін ақтау үшін жұмыстанамыз. Әйгерім есімді қызым, Олжас атты ұлым бар. Ұлымның атын белгілі ақынымыз Олжас Сүлейменов елу жасқа тол-ғанда қойған едім. Зайыбым Марина Есқазиева да – атыраулық. Туған жерге жиі барып тұрамыз. Әсіресе, үстінен ұшып бара жатқанда көңілің босап, облыс аймағынан шығып кеткенше көз алмайтын сәттер жиі болады.

Ойымнан ешқашан кетпейді

 Нұрлан ҚАПАҚОВ, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесі Әлеуметтік-экономикалық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары:

– Расымды айтсам, Атырауды үнемі сағынып жүремін. Мені жерлестерім Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқар-ған кезімнен танитын шығар. Егемендік алған бастапқы жылдарының қиындықтарын бірге бөлістік қой. Атырау облысын Иманғали Тасмағамбетов және қаланы Дүйсенбай Тұрғанов басқарған кезде шаһарды тау болып үйілген тұрмыстық қалдықтан, күл-қоқыстан қалай тазалағанымыз әлі жадымда.

  Содан жұмыс бабымен 2001 жылы Астанаға келдім. Үкімет басшысының кеңсесіне кеңесші ретінде қызметке орналастым. Елорданың әр жылы қалай көркейгеніне, өсіп-өркендегініне куәмін. Оған еліктеген республиканың әр қаласы да жан-жақты дамып келеді. Елбасының өзі «Мұнайлы астана» атаған Атыраудың да жеткен жетістерін көріп отырмын. Осы бағыттан жаңылмауын қалаймын.

  Астанада тұрып жатқан қарапайым атыраулықтардың бірімін. Келіншегім Мүршида екеуіміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлым Аслан Малайзияда тұрады. Шетелдік компаниялармен байланысын Атырауда бастаған, қазір де сол салада. Одан кейінгі ұлым Талғат – Астанада дәрігер. Қызым Жеміс Швейцарияда тұрады. Кенже ұлым Әділет – жанымда. Осылардан тараған немерелерімнің қызығына кенеліп отырмын. Барша атыраулықтарды Астана күнімен құттықтаймын! Елордаға қарап бой түзеген Атырау қаласының одан әрі өсіп-өркендеуіне шын жүректен тілектеспін.

«Астана да, Атырау да маған өте қымбат»

Арман ОРЫНҒАЛИЕВ, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жетекші инженері:

– Мен – Махамбет ауданы Таңдай ауылының тумасымын. Алматы политехникалық институтының тау-кен инженері факультетін бітірген соң Индердегі геологиялық экспедицияда еңбек жолымды бастадым. Жаспыз ғой, қоғамдық қызметтің ортасында жүреміз. Содан комсомолдар жетекшісі ретінде 1991 жылы Алматыдағы жоғары партия мектебіне жіберді. Сол жылы Мәскеуде тамыз төңкерісі болып, оқу жайына қалды, бәрімізді кейін қайтарды.

  Бірақ, біз үшін Атыраудың жөні бөлек. «Елде не жаңалық бар?» деп үнемі елеңдеп отырамыз. 2001 жылы Астанаға қоныс аударып, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына қызметке тұрдым. Міне, содан бері осында еңбек етіп келемін. Турасын айтқанда, менің өмірбаяным екі бөліктен тұратын тәрізді. Оның бастап-қысын Астанаға дейінгі ғұмырым, соңғысын қазіргі жылдарым жалғастырады.

   Мен – тәуелсіздіктің дәуірлеуін, егемендіктің өрлеуін шын мәнінде сезініп жүрген жанмын. Елордадан күнде бір жаңалық байқаймын. Республикамыздың ілгері дамуының куәсімін. Осы Астанада Санжар деген ұлды болдым. Өркенім өсті, отбасым толды. Ал, Сә-кен атты үлкен ұлым Алматыда туған. Ол – Қазақ-Британ университетінің алғашқы түлектерінің бірі. Аида есімді қызым өзіміздің Индерде дүниеге келді. Еуразиялық ұлттық университетті тәмамдады. Жолдасым Мәлике – Алматының қызы. Санкт-Петербургте өнер зерттеушісі мамандығын меңгерген. Қазір Астанадағы Ұлттық мұражайда жұмыс жасайды. Елорданың мәдени өміріндегі көптеген жаңалықты содан біліп отырамыз. Астана тұрған жерім болса, Атырау – туған жерім. Сондықтан, екеуі де маған өте қымбат.

Астанадағы атыраулықтармен тілдескен: Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз