Оқушылар бір күнін тіс дәрігері мамандығына арнады (ФОТО)
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы елшілігі (ЮНИСЕФ) бүкіләлемдік балалар құқын қорғау күнін өткізуге шақырды. Бұл бала құқын қорғау конвенциясына қол қойған күн — 20 қарашаға сәйкес келді. Биыл бұл күнді ерекше түрде өткізуге үлкен мән берілді. Басқаша айтқанда, жаңаша тұрпатта — «Билік басында — балалар» («Дети у руля») ұранымен өтті.
Сондай шараның біразы еліміздің түкпір-түкпірінде, түрлі салада — атқарушы билік, саясат, бизнес, медиа, спорт, тағы басқа көшбасшылық қызметтерде өткен болса, Атырауда облыстық балалар стоматология емханасы қабырғасында жүзеге асты. Бұл күні техникалық гимназияның оныншы сынып оқушылары үстеріне ақ халат киіп, өздерін кәдімгі медицина қызметкері ретінде ұстады. Айталық, Ақсай Хабидолла емхананың бас дәрігері болса, оның орынбасары міндетін Шахерезада Тілекқабылова, өзге дәрігерлер мен қызметкерлер міндетін басқа оқушылар ойдағыдай атқарды.
«Бұл тұңғыш рет өткізіліп жатқан шара болғандықтан, балалар да, өзіміз де қызыға қараудамыз. Әсіресе, оқушылардың дайындап алып келген үш лекциясы да — «Тіс пастасы», «Тіс жегісі», «Дұрыс тамақтану» — келушілер көңілінен шықты. Ойын, әңгімелесу, түрлі қойылым түрінде өткен бұл шара ешкімді бей-жай қалдырмады әрі нанымды өтті»,-дейді облыстық балалар стоматологиялық емханасының директоры Нұргүл Намазғалиева.
Бір қуанарлығы, аталған емханаға «бақ сынауға» келген оқушылардың бәрі де болашақта медицина қызметкері болуды армандайды екен. Әп дегеннен әңгімеге тартқан қызымыз Шахерезада: «Біз осындай мүмкіндіктің берілгеніне өте ризамыз. Менің де бала күнімнен бергі арманым — дәрігер болу. Қазір қарап отырсам, тіс дәрігері де өте қызықты мамандық екен. Көремін енді…»,-дейді күлімдеп.
Лиза СЕЙТІМОВА