079

Қоғамдық көлік: күнгей мен көлеңке

Жаңалықтар Қоғам

Аймақ басшысының қатысуымен өткен қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов республиканың бізден басқа ешбір қаласында оқушылар қоғамдық көлікте тегін жүрмейтіндігін айтты. Сайып келгенде, бұл – жолаушы тасымалымен шұғылданатын мекемелердің тендерге қатысқанда мойнына алған міндеттемесі. Олардың шығынын өздерінен басқа ешкім де өтеп жатқан жоқ.

фото 079

Жолаушы тасымалына субсидия төленбейді

Оқушылардың қоғамдық көлікке міну проблемасы, әсіресе, шаһар маңына қатынайтын автобустарда ушығып тұр. Турасын айтқанда, жүргізушілер балаларды тасымалдауға құмар емес. Тіпті кейбірі «үш баладан артық алмаймын» деп өздерінше тәртіп те орнатып қойған. Рас, кейде оларды да түсінуге болады. Көріп жүрміз, кейде 15 кісілік «Газельдің» іші сығылысқан оқушыға толы жүретін сәттері де кездеседі. Отыратын орын жоқ, бәрі түрегеліп тұрады. Қолданыстағы заңдылықтарға орай, шағын жолаушылар көлігіне артық адам алуға болмайды. Ал, әрі-бері оқушыларды ғана тасымалдап жүрсе, кәсіп иелері табысты қайдан таппақ?

Рас, балалар тек сабақ кезінде ғана автобустарда тегін жүруі тиіс. Олардың қосымша пәндерге, спорт секцияларына немесе ән-би үйірмелеріне қатысу үшін қоғамдық көлікке мінуі ақылы. Міне, көбіне ата-ана осыны түсінбейді. Дау-дамай да, арыз-шағым да осыдан туындайды. Қоғамдық кеңесте оқушылардың жолақы құнының жартысын төлеуі қажеттігі айтылды. Бұл бастаманың алдымыздағы оқу жылынан бастап күшіне еніп қалуы да мүмкін. Рас, бұған облыстық білім басқармасының басшылығы қарсылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, бір отбасында бірнеше оқушы болуы ықтимал. Егер бұл шәкірттер аз қамтылған отбасы балалары болса, қаржылық қиындық әбден туындайды. Демек, осы орайда оларды әлеуметтік қолдау шарасы да қажет.

Бүгінде шаһарда түрлі бағытта 178 автобус жүреді. Олардың жүріс қашықтығы – орта есеппен 12-16 км. Кейбіреулер 19 шақырымды да атайды. Мамандардың пікірінше, бұл тым алыс. Көшедегі көлік тығынын, автобустардың әр аялдамада тоқтауын есептегенде жолаушы межелі жеріне дейін тым ұзақ жүреді. Бұрынғы «Батыстранспорт-СИМ» мекемесінің орнын басқан қазіргі «АйсТрансХолдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметін, бейнелеп айтқанда, тақыр жерден бастады. «Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, жаңа кәсіпорын жұмысына кіріскенде қалаішілік қатынас бағасы арзандап, мекеменің іргетасын бекітуге мүмкіндік бермеді. Соңғы уақытта Атыраудағы қоғамдық көлік қызметімен айналысуға Астанадан және Алматыдан мамандар немесе тұтас компания шақыру қажеттігі жөнінде де айтылып жүр. Алайда, мұнымен мәселе шешіле ме? Егер жергілікті бюджеттен аз-кем қолдау көрсетілсе, бұл шаруа осындағы кәсіпорындардан да артылмайды.

Жолаушы тасымалы саласының ардагері Бағыт Меңдешевтің айтуынша, шаһардағы 30 маршруттың үшеуі ғана пайдамен жұмыс жасайды. Өзгелері өз қызметінің шығынын ақтамай отыр. Кеңестік кезде қоғамдық көлікке жергілікті бюджеттен тұрақты дотация берілетін. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, зейнеткерлердің, басқа да адамдардың жеңілдіктері осылай өтелетін.

Рас, қазір нарықтық қатынастар заманы. Әр бизнес құрылымы табысын өзі табуы тиіс. Бірақ, әкімдік тарапынан тізгінделіп тұрса, оған мүмкіндік бар ма? Бүгінде жолаушы тасымалының өзіндік құны 115-128 теңге шамасында екен. Кейбіреулер 140 теңгені де атайды. Кейде автобуста маршруттың басынан мініп, соңында түсетін үш-төрт адам ғана келе жатады. Ал, осы жүріске қаншама бензин жұмсалып жатыр? Оның үстіне, соңғы кезде жанар-жағармай да, босалқы бөлшектер де еселеп қымбаттады. Шаһарда, әсіресе, оның маңындағы елді мекендерде қоғамдық көлік қызметі ертерек тоқтайтыны сондықтан. Мәселен, кешкі сегізден соң Еркінқалаға қатынайтын автобус таптырмайды. Есесіне сол маңдағы такси жүргізушілері кісі тасып, заңсыз табыс табады. Әрине, тендерде белгіленген уақыт сақталуы шарт. Бірақ, құзырлы орындар тәртіптің бұзылғанын көргенімен, қатаң талап қоя алмайды. Өйткені, кешкілік автобустардың бос жүргенін көріп отыр.

Сонымен, шаһардағы қоғамдық көлік қатынасын қалай реттеуге болады? Қазір қолданыстағы маршруттарды 7-8 шақырымнан бөліп, біраз қысқарту қажеттігі айтылып жүр. Бұл автобустардың жүрісін жылдамдатады. Әйтсе де, бір нәрсе анық – Атырау қаласы әкімдігінің пікірінше, сервистік компанияларға субсидия төлеуге негіз жоқ. Мүмкін, қайталап айтқанда, кейбір жеңілдіктерді қайта қарастыру арқылы ортақ мәмілеге келуге болар. Соның ішінде оқушылар үшін елу пайыздық төлем енгізу де бар.

Желмен жарысқан жүргізушілер

Автобус жүргізушілеріне қатысты мәселе де жетерлік. Көнекөздер жақсы біледі, кезінде олар автопарктерде арнайы дайындалатын. Еңбек өтілі мен толымды тәжірибесі таразыға тартылатын. Көбіне бұл міндет бірінші сыныпты (класс) жүргізушілерге жүктелетін. Рас, қазір де категория назарға алынады. Алайда, оған қол жеткізудің түк қиындығы жоқ, курста аз-кем оқығаны жетіп жатыр. Міне, қолында осындай құжаты бар адамдарға автобус тізгінімен бірге жолаушылар тағдыры да тапсырылады.

Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Нұрым Оразбаевтың айтуынша, өткен жылы жол үстінде ұялы телефонмен сөйлескен 401 жүргізуші жазаланыпты. Бірақ, бұл көзге түскендері ғана екені күмәнсіз. Өйткені, қоғамдық көлікке күнделікті мінгенімізде мұндай көрініске жиі куә боламыз. Жүргізушілер бірі екіншісіне қоңырау шалып, кімнің қайда жүргенін іздеп жатады. Аялдамаларда тым ұзақ тұрып алатыны да жасырын емес. Жолаушылардың уақытымен санасу, оларды сыйлау қаперіне де кірмейді. Міне, сервистік компаниялар басшылары осы мәселеге назар аударып, қызмет көрсету мәдениетін көтеруі керек еді.

Айыппұл салып, пайда табады

Осы орайда Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, автобус жүргізушілерін жөнге шақыру мақсатында француздық фирмамен бірлесіп, бақылау жабдықтары орнатылмақшы. Шетелдіктер осы құралдың көмегімен анықталған тәртіп бұзушылыққа салынатын айыппұл есебінен пайда таппақшы. Міне, бизнестің осындай да түрі бар екен. Ал, атыраулық жүргізушілер оларды табыссыз қалдырмас.

Бүгінде шаһарда 178 автобус жүреді. Жеткілікті ме, әлде әлі керек пе? Егер қазіргі 12-16 шақырым қашықтықты қысқартып, қосымша бағыттар ашылса, әрине, аздық етеді. Сонда қосымша көліктер қайдан алынбақ? Қаржылай көмек көрсетілмесе, оған онсыз да ауыр жүкті арқалап отырған «АйсТрансХолдинг» компаниясының қауқары жетпейді. Сонда жекеменшік көлік иелеріне иек артуға тура келеді. Ал, бұлар жолақыны қымбаттатуды, жеңілдіктерді алып тастауды талап етуі мүмкін. Бейнелеп айтқанда, арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін екіжақты тиімді шешімді қалай шығаруға болады?

Атырау қаласында тұрғындарға 178 автобус қызмет көрсетеді.

Атырауда 19 қалаішілік және 11 іргелес елді мекендерді қамтитын 30 маршрут бар. Солардың үшеуі ғана таза пайдамен жұмыс жасайды.

Мамандардың айтуынша, жолаушы тасымалының өзіндік құны 115-128 теңгені құрайды.

 Жолаушы тасымалымен барлығы 7 мекеме шұғылданады.

Меңдібай Сүмесінов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған