Сағыздықтар неге сыйыспайды?

screenshot 15 Қоғам

БОЛМАШЫ ДҮНИЕГЕ БОЛА БІР-БІРІНІҢ СӨЗІН КӨТЕРЕ АЛМАЙ, АШУҒА БУЛЫҚҚАН ЖАСТАРДЫҢ ӘРЕКЕТІ ОРНЫ ТОЛМАС ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙЛАРҒА ҰРЫНДЫРЫП ЖАТЫР. МЕЙІРІМ МЕН ІЗЕТТІЛІКТІҢ ШЕГІНЕН АТТАП, БІРГЕ ЖҮРГЕН АУЫЛДАС ЖАСТАРДЫҢ ЖАНТҮРШІГЕРЛІК ЖАУЫЗДЫҚТАРЫ КӨҢІЛГЕ КІРБІҢ ҰЯЛАТАДЫ. ЕЛДІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ ҚАДІРІН ОСЫ ЖАСТАР ТҮСІНБЕСЕ, ЕРТЕҢІМІЗ НЕ БОЛАТЫНЫН ОЙЛАУДЫҢ ӨЗІ ҚИЫН?

Жуырда ғана Сағыз ауылында жастар арасында футболдан жолдастық кездесу өтіп, ойын барысында жастар өзара сөзге келіп қалады. Ымыраға келе алмаған соң, жанжал сыртта жалғасады. Төбелес салдарынан 22 жастағы М.Қ. пышақ жарақатынан сол жерде тілге келмей көз жұмған. Ал, оның қасында болған студент Б.Т. дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

Полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, «адам өлтіру» күдігімен 24 жасар ауыл тұрғыны А.Б. ұсталып, оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Әскерден жуырда ғана оралған жас жігіттің өлімі мен студенттің жарақат алып, ауруханаға түсуі дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Аядай ғана ауылда тұрып, төбетөбеге бөлініп, бір-бірімен ауықауық жаға жыртысып жататын жағдай Сағыз ауылына таңсық емес екен. Олар ұят пен аятты айтпағанда, заңнан да ығысып жатпағанға ұқсайды. Кісі өлімімен аяқталатын текетірес өршіп тұр. Бұл жағдайлар ауыл тұрғындарының үрейін ұшырып, уайымын ұлғайта түскен. Ауылдастарының бұл әрекетін ауылдың басшылары да түсінбей отырған көрінеді.

– Жаңа жылдан кейін жастардың дені ауылға демалысқа келген. Сол жастар үшін әртүрлі секциялар жұмыс істейтін спорт кешенінің есігі әрдайым ашық тұрады. Кешке қарай жауапты мамандардың қатысуымен жастар футбол, волейбол ойнап, бос уақытын өткізеді. Ал, мына жанжал аяқ астынан туындаған. Барлығы да ауылдағы әртүрлі іс-шараларға қатысып жүрген ауыл жастары. Бізге кешкі 21 сағат 30 минуттың шамасында болған оқиға жайлы хабар жетті. Оқиғаның қалай өрбігені, ол жерде кімдердің болғаны бейнекамерада анық көрініп тұр. Бұған дейін олардың арасында келіспеушіліктің болған-болмағаны беймәлім, өзіміз де түсінбей жатырмыз, – деді біз хабарласқан Сағыз ауылдық округі әкімінің орынбасары Әйгерім Кеңесова.

Оның айтуынша, округте жыл сайын іс-шаралар жоспары жасақталып, соған сәйкес жұмыс жасалатынын, тіпті ауыл жастарының ынтымақ-бірлігіне бағытталған мәдени, спорттық және рухани іс-шаралар да жиі өткізіліп тұрады екен.

– Жоспарда қауіпсіздік, тәртіптік іс-шаралары қамтылған. 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған жеке іс-шаралар бекітіледі. Спорттық сайыстар өткізуден де кенде емеспіз. Ауылда ай сайын қоғамдастық жиналысын өткіземіз. Оған әкелер мен аналар кеңестері, ішкі істер бөлімі, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қатысады. Ауылдағы сөзі өтімді азаматтар және қариялармен де бірлесіп жұмыс істейміз. Сағыздың өзінде 600-ге жуық белсенді ардагер бар. Былтыр белгілі абайтанушы Омар Жәлелді шақырып, сол кісінің дәрісіне де қатысқанбыз. Шалғайлығына қарамастан, аудан орталығында өткен іс-шараға да біраз ауыл тұрғыны арнайы барып қатысты. Жақында аудан әкімі осы оқиғаға байланысты кеңейтілген жиналыс өткізді. Өте өкінішті, барлығы да өз бауырларымыз сияқты жастар. Әкімдік тарапынан жұмыстар жасалып-ақ жатыр. Полиция бөлімшесінің инспекторлары да жергілікті тұрғындар. Ауылда түрлі тақырыптардағы рейд жиі ұйымдастырылады, – деді әкімнің орынбасары.

ЖІККЕ БӨЛІНУ ЖАҚСЫЛЫҚҚА АПАРМАЙДЫ

Ауыл тұрғындары футболдан кейінгі оқиғаның сол күні басталғанына күмәнді. Топтасып төбелесуіне қарағанда, жастардың арасында бұрыннан да келіспеушіліктер болған сыңайлы. Ауыл тұрғыны Жәнібек Аралбаев мұны жастардың әбден тойынғандығынан, жүгенсіз кеткендігінен көреді.

– Бұл тоқтықтың , тәртіпсіздіктің кесірі деп ойлаймын. Адам қатыгез болып кетті. Теледидарды ашсаң да, телефонды ашсаң да қатыгездікті кө рсетіп, насихаттап жатады. Қазір мектеп оқушылары арасында да әлім жеттік көрсету деректерін жиі көреміз. Бұл бір ауылдың ғана дерті емес. Күнделікті теледидардан бастап , рухани тәрбиеге қойылатын талаптың ақсап жатуы қоғамдық ауруға айналды. Адамда жауапкершілік жоқ. Өкінішке қарай, ауылымызда осындай қасіретті жағдай орын алып отыр. Пышақтаған баланың ата-анасы да теріс тәрбие берді деп айта алмаймын. Қай ата-ана баласын жаман болсын деп ойлайды. Балаларын жастайынан еңбекке тәрбиелегенін білеміз. Ауылда ата-аналар тарапынан балаларға тәртіп, тыйым айтылмайды емес, оған құлақасып, ескеріп жатқан жастар жоқ. Тұрғындардың ауылішілік Whats App – топтарында да жастардың тәртібі, іс-әрекеті талқыланып жатыр. Қалай десек те, ата-ана тарапынан да, қоғам тарапынан да берілер тәрбие жеткіліксіз болып тұр. Жақында осы мәселеге байланысты жиын өтпекші. Алайда, халықтың ол жерге ұйымшылдықпен жи н ал ып баруы екіталай. Бастары қосылған жағдайда да дұрыс сөзін айтып, аталы сөзін өткізе алатын үлкендерді де табу қиын, – деді ауыл тұрғыны.

Сол күні Сағыз дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Самал Сағындыққызы кезекшілік еткен.

– Қайтыс болған жігіт оң жақ шабының маңы мен сол жақ бүйірінен алған жарақатының салдарынан көп қан кетіп қалған. Ал, жарақаттанған жігіт сол жағындағы үшінші, төртінші қабырғасы тұсынан және мойнынан жарақат алған. Оны «жедел жәрдем» бригадасын шақырып, Атырауға жібердік. Қазір оның жағдайы бірқалыпты, емханадан емін алып жүр, – деді дәрігер.

Көпшілікке мәлім, алақандай ғана Сағыз ауылы өз ішінде «Шанхай», «Орталық», «Совхоз» болып бұрыннан бөлінеді. Қайтыс болған М.Қ. мен жарақат алған Б.Т. – «Совхоздың» тұрғындары. Екеуіде ауылдағы белсенді жастардың қатарында. Оқиғаға қатысты үш жігіт те толық отбасында тәрбиеленген. Пышақ жарақатын алған студент – Х.Досмұхамедов атындағы университетте «Дене шынықтыру» мамандығының III курс студенті. Ал, күдікті деп танылған А.Б. – «Орталықтың» тұрғыны. Ол шаруа қожалығы мен кемпинг қызметін дөңгелентіп отырған мінезқұлқы салмақты, ісіне мығым кәсіпкер көрінеді.

Әрине, айдың-күннің аманында мұндай жағдайға не түрткі болғанын тергеудің еншісіне қалдырдық. Қазір Сағызда он шақты жедел уәкіл үш «ауылдың» арасында жиі-жиі рейд ұйымдастырып, бақылауды тұрақты қадағалауда ұстап отыр. Дегенмен, ұмыттыра беріп қайталанатын теміржол бойындағы осындай өкінішті оқиғалар ешкімді ойландырмай ма екен?!

Алмас ҚАБДОЛОВ

ОСЫ ЖАҒДАЙҒА БАЙЛАНЫСТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ОҚЫРМАНДАРЫНЫҢ ПІКІРІНЕ ДЕ НАЗАР АУДАРҒАНБЫЗ. БІРҚАТАРЫ ӨЗ ОЙЫН БІЛДІРІП, ҰСЫНЫСТАРЫН ДА ЖОЛДАПТЫ.

Қанипа МЫРЗАБАЕВА:

– Жастарға не жетпейді екен?! Абай атамыз «тамағы тоқтық, көйлегі көктік аздырар адам баласын» дегендей, кішкентай ғана ауылда бір-бірін өлтіріп, енді бірін соққыға жығып, мүгедек етіп, өмірлерін қор қылып жатыр. Ата-анасын, туыстарын жерге қарататынына саналары жетпей ме? Осындай жағдайға жеткізбейтін шаралар алынбай тұр ма, әлде отбасындағы тәлім-тәрбие кем бе?..

Қаржаубай АМАНҒАЛИЕВ:

– Шынында да, Сағыз ауылында осындай жағдайлар жиі қайталанады. Сол ауылдың үлкендері қайда қарап отыр? Былай қарағанда, шағын ғана ауыл. Ауыл ақсақалдары жиылып, жастарды тәртіпке салып, бір-біріне ағайын адамдарды бірлікке шақыру керек қой. Мұндай жағдайларға немқұрайлы қарауға болмайды. Әлде, «сен тимесең, мен тиме» деп «бұға» бересіздер ме?! Жастар да дандайсып кеткен, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ»…

Халила ТӨЛЕУҚЫЗЫ:

– Бұл істі жылы жауып қоюға болмайды. Кеш болмай тұрып, ауыл әкімдігі, қариялар алқасы жиын өткізіп, нүкте қою керек. Бір-біріне бөтен адамдар емес қой. «Ауылы аралас, қойы қоралас» ағайын-туыстар жастарды тәртіпке шақыру керек…

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз