Нұрсая және Самал мөлтек аудандарында жаңа саябақ салынады

screenshot 1 1 Жаңалықтар

Нұрсая және Самал мөлтек аудандарында жаңа саябақ салынбақ. Қазіргі таңда Нұрсаядағы саябақ құрылысына жобалау-сметалық құжаттама жасақталды.

Жобалаушы мекеме – «Redline pro» ЖШС. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары рәсімделуде.

Нұрсая шағын ауданындағы саябақ «APEC PetroTechnic» жоғары колледжі артындағы 5 га аумақта орналасады. Негізінен, Нұрсаядағы көпқатарлы тұрғын үйлердің алаңдарында балаларға арналған ойын алаңдарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ол әрі қарай жалғасады. Яғни, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған инфрақұрылым толық қаралады. Сондықтан, Нұрсаядағы саябақтың негізгі тұжырымдамасы халықтың тыныш көгалда демалу бағытында жобаланған. Осы орайда, Нұрсаядағы саябақта жүгірушілерге және веложүргіншілерге арналған арнайы жолақтар, жарық шамдары, көлік қою тұрақтары, субұрқақ және аумақтың ең көп бөлігіне қаланың топырағына икемделген көшеттерді көптеп отырғызу қарастырылған.

Бұдан бөлек, Самал мөлтек ауданында салынатын саябақ құрылысының құжаттамасы жасақталып, сараптамаға енгізілді. Жобалаушы мекеме «Вибо Строй» ЖШС.

Самал мөлтек ауданы жеке тұрғын үй секторына арналған аумақ. Сондықтан, мұндағы жоспарланған саябаққа белсенді уақыт өткізуге арналған орындар орнату қаралды. Яғни, тұрғындардың саламатты өмір салтын қалыптастыруына бағытталған футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, ашық теннис және жаттығу алаңы қарастырылған. Сонымен қатар, қала жұртшылығының тынығуына жарық шамдар орнатылып, талдар егілмек. Суару желісі мен төсемтестар төселіп, жеткілікті көлік қою тұрақтары қаралған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз