«Nurly Tal»-да Наурыз тойланды
Еркінқала аймағындағы «Nurly Tal» этнографиялық саябағында Ұлыстың ұлы күніне арналған шара дүбірлеп өтті.
Қала тұрғындары мен қонақтарының құрметіне ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар ұсынылды.
«Nurly Tal» этнопаркінің директоры Гүлжан Күзекешова, «Қазақ аналары — дәстүрге жол» аналар орталығының директоры Жанар Әбіш, «Smart Ana» әйел-қыздар даму орталығының директоры Динара Ваисова тұрындарды құттықтап, биылғы Наурыз мерекесінің ерекше сән-салтанатпен өтіп жатқанына маңыз берді.
-Біз Наурызды жоғарғы деңгейде тойлау үшін қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас естелік қалдыруды жөн көрдік. Бағдарлама аясында қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық қазынамыз насихатталып, ұлықталады. Сондай-ақ қолөнер шеберлерінің қазақы нақыштағы ою-өрнекпен жасалған көрпе-көпшік, тоқыма заттар, табиғи ағаштан ойылып жасалған ыдыстар, моншақтан тізілген кәдесыйлар мен күміс әшекейлер тұтынушы талғамынан шығады деп сенеміз, — деді Динара Ваисова.
Міне, алаңда қаз-қатар тізілген киіз үйдің біріне бас сұққтық. Ақ кимешек киген әжелер ұлттық тағамдардың ерекшелігін түсіндіріп жатыр екен.
Көжемізде дәуірлердің дәмі бар,
Аңсап соны жас пен кәрі сағынар.
Неше түрлі тағам қосып жасалған,
Бүгінде оның киесі мен мәні бар, — деп әндеткен Сәния әжей қонақтарға дәмі бал татқан наурыз көже ұсынды. Ал, ауладағы тайқазанда піскен астан ауыз тиіп, сары самаурында қайнаған күрең шайды ішкен ауылдың қариялары бір-бірімен көрісіп, жастарға тәлімді әңгімелерін жеткізді.
Міне, ұлттық ойын алаңында сайыстың көркі қызып, жеңімпаздар олжаны қанжығаларына байлап үлгерген. Алтыбақан, ақсүйек, теңге ілу, тоғызқұмалақ, асық, аударыспақ, көкпар, ләңгі тебу ойындары ақыл-оймен қадам жасап, епті болуға баулиды.
«Ұлттық ойындардың керек қасиеттерді бала бойына дарытуда ықпалы көп» дейді немересімен қыдырып жүрген Мақсот ақсақал.
Мерекелік шара викториналық сұрақтарға жалғасып, ұтқыр жауап берген тұрғындар сый-сияпатқа ие болды.
Майра СЕЙІТҚАЛИҚЫЗЫ