
Нұрлы бейнесі естен кетпейді
Исатай аудандық орталық ауруханасы 1977 жылы Новобогат (қазіргі Исатай) ауданы қайта құрылғалы білімді де, білікті медицина мамандарымен мақтанарлық ұжым болды. Солардың бірі де бірегейі Бифа Қалдыбаева еді.
Уақытпен санаспаған еңбек
Ол 1961 жылдың қазан айында Забурын елді мекенінде өңірге белгілі азамат Қалдыбаев Сапи мен Шамшықамар анамыздың ұлағатты отбасында дүниеге келген. Ол орта мектепті үздік бітіргеннен соң Гурьев медициналық училищесіне «Фельдшер» мамандығы бойынша оқуға түседі.
1980 жылы оқу орнын ойдағыдай бітіріп, сол жылдың қыркүйек айында Новобогат аудандық орталық ауруханасында (қазіргі Исатай ауданы) жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшері болып еңбек жолын бастайды. Ол кездері аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасының жағдайы төмендеу, медициналық жедел-жәрдем көлігі жоқтың қасы болатын. Соған қарамастан дәрігерлер де, орта буын медицина қызметкерлері де жоқтан бар жасап, халыққа уақытпен санаспай, күн-түн демей қажырлы еңбек етіп, науқасты риясыз емдеп, көмектерін көрсететін заман еді.
Аққыстаудың о шеті мен бұ шетіне, Қара түбек, Гран ауылдарына, АТП, Сельхозтехника, Смоленск шағынаудандарына үлкен де ауыр темірден жасалған алғашқы көмек көрсету сандығын арқалап, асфальты жоқ Аққыстаудың батпағын жаяу кешіп, ана мен баланың, үлкен мен кішінің өмірін қорғап қалған осы атап айтып отырған Бифа Қалдыбаева және бірге үзеңгілес еңбек еткен әріптестері, фельдшерлер Қадырбек Әбежанов, Нұржамал Сұлтанғалиева, Сәттіғұл Мұқанбетқалиевтер болатын.
Бифаның ерлігі
Жедел жәрдем кабинетінде екі телефон кезекпен бебеу қағып шырылдаса екеуіне де қатар жауап беру керек еді. Бірінен шақырту түссе, екіншісінен қажетті дәрігердің ауруханаға келуін талап етіп жататын. 1992-1993 жылдары кезекті жұмыс сәтінде Өркен елді мекенінде пештегі көмірдің түтінінен уланып, үйінде ес-түссіз жатқан бүтін бір отбасыға жанкештілікпен алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ажалдан алып қалған Бифаның ерлігін өмірге қайта оралып, шырағы сөнбеген сол отбасы мүшелері әлі күнге дейін айтады.
Бифа Сапиқызы өте білімді, кәсібін шебер меңгерген, сөзін ісімен дәлелдейтін, майталман фельдшер болды. Ол кісі дәрігерсіз-ақ жағдайы ауыр науқастарға көмек бере беретін. Кейіпкеріміз кейінгі жас мамандарға үлгі бола білді, талай шәкірттерді тәрбиелеп, білгенін үйретуден жалықпайтын. Сол кездердің өзінде медициналық манипуляцияларды жетік меңгеріп, санитарлық нормаға сай жүргізіп отыратын. Алғашқылардың бірі болып жоғары біліктілік санатын алған да біздің Бифа еді. Білімін үнемі жетілдіріп, түрлі медициналық әдебиеттерді әріптестеріне оқытып, үйретіп, оны тәжірибеде қолданатын.
Қандай құрметке де лайықты еді…
Өмірдің әттеген-айы көп қой… Бүгінде әріптесіміз Бифа Сапиқызы арамызда болса үлкен құрметке ие болар еді деп ойлаймыз. Өйткені ол кісінің жасаған жұмысы ең үлкен наградаларға лайық еді. Сондай баға жетпес әріптесіміз туралы өткен шақта айту өкінішті…
– Бифаның өткен ізінің өзі тұнып тұрған ұлағаттылық пен ізеттілік, білімділік пен өнеге еді. Бастаған ісін тындырмай, аяқтамай жұмыстан кетпейтін. Қараған науқасының жанына дауа, тәніне шипа бола білетін. Сөзімен де ісімен де бәрін тындырып жүретін,-деп еске алады Бифа Сапиқызы туралы аурухананың аға мейірбикесі болған Аққыз Құрманбаева апамыз.
Бифа инвестицияны білімге салды, жолдасы Темірбек оған қатты қолдау көрсететін, үлгілі отбасы болды. Балаларын жетілдіру жолында тынбай еңбек етті, еңбектене жүріп тоқырау заманында жұмысын тастамай сауда-саттықпен де айналысты, өз білімділігінің арқасында айналасының бәріне жоғары білім алуды талап ететін, балаларын оқытты, отбасын, әулетін жұмылдыра білді, балаларына өнегелі тәрбие берді, сөйте жүріп қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, ауылдың дамуына үлкен үлесін қосты,-дейді Новобогат дәрігерлік амбулаториясының аға мейірбикесі Рауия Жайтапова апай.
Ұлын ұяға, қызын қияға…
Әңгіме кейіпкері 1982 жылы Азаматы Темірбек Меңдібайұлымен көңіл жарастырып, отау құрған болатын. Кәсіби білімімен қатар жауапкершілікті талап ететін медицина саласына саналы ғұмырын арнап, мейірімділік, кеңдіктің, даналықтың үлгісі атанған Бифа Сапиқызы отбасылық жағдайға байланысты 1996 жылы аудандық ауруханаға қарасты Новобогат дәрігерлік амбулаториясына мамандығы бойынша жұмысқа ауысты. Еліміздің денсаулық саласын дамыту, сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктерді жасап, елдің алғысын алып, бірнеше мәрте марапаттар иеленді. Кейінгі жылдары денсаулығы сыр беріп, жұмысынан қол үзуге мәжбүр болды. 2015 жылдың шілде айында ұзаққа созылған ауыр науқастан дүниеден өтті.
Жолдасы Темірбек екеуі төрт перзентті тәрбиелеп өсірді. Оқытып, тәрбелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, төрт рулы елмен құда болып, немере-жиендерін сүйді. Бүгінгі күні ұрпақтары сан-салада абыройлы қызмет атқарып келеді. Ұлдары Бейбіт Мырзағалиев Атырау қаласы мәслихатының төрағасы болып еңбек етсе, Дулатының мамандығы есепші, жеке кәсіпкер, мал шаруашылығымен айналысады. Қыздары Сәуле мен Арай ұрпақ өсіріп отырған ана, шәкірт тәрбелеп жүрген ұлағатты ұстаздар.
Дүниеден өткеніне 10 жыл болған әріптесіміз Бифа Қалдыбаеваның нұрлы бейнесі, адами асыл қасиеттері жүрегімізде мәңгілікке сақталады. Ол кісі әрдайым жайдары жүзімен, ізеттілігімен, парасатты болмысымен есте қалды. Ардақты жанның жарқын естелігі әріптестері ортасында да ұмытылмақ емес. Отбасы мен жақындарына денсаулық, амандық тілейміз. Марқұмның жатқан жері жайлы, иманы жолдас болсын!
Исатай аудандық ауруханасының ардагерлер кеңесі