Нұрлан Ноғаев мұнай экспорттаушы елдер ұйымының бас хатшысымен кездесті
Atr.kz/27 қыркүйек, 2019 жыл. 27 қыркүйек күні Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев облысқа келген мұнай экспорттаушы елдер ұйымының бас хатшысы Мұхаммед Баркиндомен кездесті.
Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы басшысының мұнай астанасына сапарының басты мақсаты — Қазақстандағы Қашаған ірі мұнай-кен орнына бару.
-Қашаған және Теңізшевройл сияқты Қазақстанның ең ірі мұнай-кен орындары бүкіл әлемге белгілі. Атырау облысында мыңнан астам компания шетелдіктермен бірлесіп жұмыс істеуде. Шетелдік инвесторлардың бұл өңірге деген қызығушылығы толық қанды түсінікті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым біздің елімізге шетелдік инвестиция тартудың маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстанға инвестиция тарту бойынша үлкен көңіл бөлуде. Бұл үшін елімізде барлық жағдай жасалған, — деді Нұрлан Ноғаев.
Өз кезегінде МЭЕҰ-ның Бас хатшысы Мұхаммед Баркиндо қарым-қатынас және пікір алмасу мүмкіндігіне ие болған үшін аймақ басшысына өз алғысын жеткізді.
-Бұған дейін мен Нұр-Сұлтанға барған едім. Ал, бүгін Атырауда Қашағанның жұмысымен танысудамын. Бұл әлемдегі ең ірі теңіз кен орны. Келесі сапарымда мен «Теңізшевройлға» баруды жоспарлап отырмын, — деді МЭЕҰ басшысы.
Айта кетейік, Қашаған — Каспий теңізіндегі қазақстандық сектордағы алғашқы теңіз мұнай-газ кен орны, сондай-ақ, елдегі ең ірі халықаралық инвестициялық жоба. Кен орнында коммерциялық табыс 2016 жылдың 1 қарашасында басталды.
Мұхаммед Баркиндо Қазақстанға XII Kazenergy форумына қатысу үшін келді.
Мұнай экспорттаушы елдердің ұйымы — бұл мұнай өндіруші елдердің мұнай өндіру квоталарды бақылау үшін құрылған халықаралық -үкіметаралық ұйым. МЭЕҰ -на 14 ел кіреді. МЭЕҰ әлемдегі қара алтын экспортының жартысына жуығын бақылауда ұстайды. Ұйымға мүше елдердің барлығында мұнай өнеркәсібі экономикада көшбасшы болып табылады.