Нұрлан имам сарбаздармен кездесті
Әскери қызметшілердің материалдық жағдайымен қатар, олардың моральдық ұстанымдары да назарда болуға тиіс. Белгілі дінтанушы Нұрлан Асанов пен «Жастар рухы» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы Атырау қаласындағы 5546 әскери бөлімінің сарбаздары мен келісімшарт негізінде қызмет ететін жеке құраммен кездесті.
Кездесу барысында отбасы құндылығы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, өзіне-өзі қол жұмсау, ер адамның отбасындағы орны туралы мәселелер айтылды. Үнемі алдыңғы шепте жүретін әскери қызметшілердің мінез-құлқы сабырлы, рухы мықты болуы керектігіне де баса назар аударылды. Даңқты батырлар Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов секілді қаһармандардың іс-қимылы мен ерлік істері туралы тақырыптарды жан-жақты түсіндірген Нұрлан имам сарбаздардың сұрақтарына жауап беріп, ақыл-кеңесін айтты. Елімізде тыныштық пен бірліктің сақталып, татулықтың нығаюына әскери қызметкерлердің үлесі зор екенін де атап көрсетті.
Іс-шараның соңында әскери бөлім жеке құрамының атынан бөлім командирі Ерлан Ипатов Нұрлан Байжігітұлына алғысын білдіріп, шағын естелік сыйлығын табыстады.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ