Нұр — Сұлтан қаласы елдігіміздің символы
Atr.kz/25 наурыз, 2019 жыл. Елорда есімінің жаңару құрметіне орайластырылған салтанатты кеште «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық бөлім меңгерушісі Ақтолқын Ахметжанова өз пікірін білдірді.
«Өзгерістер – заман талабы. Егемендік, Елбасы және Елорда бұлар – өзара егіз ұғымдар. Елбасы еліміздің қанаты қатайып, бұғанасы бекіп үлгермеген 1997 жылы ел астанасын өнер мен мәдениет ошағы – жайлы Алматыдан жердің өтіндегі, ызғарлы Ақмолаға көшіру жөнінде батыл шешім қабылдады. Арада өткен уақыт бұл шешімнің дұрыс екенін дәлелдеп шықты.
Қазақстанның жаһан елдерімен терезесі тең дәрежеге жетуі, өсіп-өркендеуінде астананың маңызы зор болды. Астанамыз арқылы әлемге танылдық. Бұл қалада жоғары деңгейдегі басқосулар өткізіліп, халықаралық шешімдер қабылданды. Осылайша, бейбітшілік ордасына айналды. Бас қаламыздың әдемі келбеті мен сәулетті ғимараттарында Елбасының жүрек елегінен өткізген бастамашыл идеясы, өзіндік қолатңбасы сайрап жатыр.
Бір сөзбен айтқанда, Нұр — Сұлтан – Нұрсұлтан Әбішұлының төл туындысы. Бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай отырып, Қазақ елін өтпелі кезеңнен аман алып шығып, дамудың даңғыл жолына түсірген Елбасының атымен атау халықтың берген зор бағасы, мол алғысы деп есептеймін. Болашақ ұрпақ бұл тыныш заманның оңай келмегенін, талай «тар жол, тайғақ кешулерден» өткенімізді, Тәуелсіздіктің тағдырлы жылдарындағы Елбасы еңбегін ұғынып өскені оңды. Елордамыздың жаңа атауы Нұр — Сұлтан қаласы құтты болсын! Ел экономикасының локомотиві, драйвері болып алға баса берсін! Наурыз тағы да құтты болсын! – деді ол.
Амандық Абдолов