Инновациялық дамудың заңды жалғасы

ИННОВАЦИЯЛЫ дамуды Жаңалықтар

Мемлекетіміз жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Саяси-экономикалық жаңғырумен қатар, енді елдің рухани өмірінде үлкен өзгерістер күтіп тұр. Бұл туралы Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында кеңінен түсіндірген болатын. Кеше «Атырау» мәдениет кешенінде өткен облыс активінде аталмыш мақаладан туындайтын іс-шаралар кеңінен талқыланды.

ИННОВАЦИЯЛЫ__ дамуды__

Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Мемлекет басшысының мақаласын еліміздің экономикалық-инновациялық дамуының идеологиялық жалғасы деп бағалады.

– Бұл бағдарламаның мәні – Қазақстанның рухани өркендеуі, әлемдегі тоқтаусыз өзгерістер, құбылыстар үдерісінде, жаһандану жағдайында өзінің ұлттық ерекшелігін, рухани әлеуетін жоғалтпайтын ел ретінде дамуында, халқымыздың жаңаша қоғамдық санасын қалыптастыруда. Мемлекет басшысы осындай ауқымды мақсатты жүзеге асырудың басым бағыттарын анықтап берді, – деп облыс әкімі әр бағыт бойынша атқарылатын нақты іс-шараларға тоқталды.

Атырау өңірінің басты байлығы – мұнай мен газ, тұз бен тас емес, оның адамдары екендігін баса айтқан аймақ басшысы тұрғындардың талантын ашып, мүмкіндігін көрсетіп, өзінің және қоғамның игілігіне жаратуына жағдай жасау міндеті тұрғанын жеткізді.

– Мұнайды өндіретін де, кірпішті күйдіретін де, құрылысты салатын да, халықты емдейтін де – өзіміздің мамандар. Солардың әрқайсысы өз ісінің шебері болуы тиіс. Жаңа технологиялар, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу – осыған қол жеткізудің құралы. Бұл – тек кәсіби талап емес, азаматтық парыз. Әрбір азамат өзінің ісіне, отбасының жағдайына, алдымен, өзі жауапты. Осыны халықтың санасына сіңіруіміз қажет.

ИННОВАЦИЯЛЫ__

Атырау өңірінің дамуы – біздің қолымызда. Қандай мықты тұстарымыз, қандай осал жерлеріміз бар екендігін білеміз. Қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, басымдықтарымызды айқындап, жұмыстануымыз керек. Бұл – жалпы қоғам емес, әрбір адамға қатысты мәселе.  Барлығына бірдей ғалым болу немесе шетелдік компанияда менеджер болу міндет емес. Әркім қолынан не келеді, сонымен шұғылдануы керек. Фермер де, инженер де, дәрігер де, дәнекерлеуші де жақсы маман болса ғана – жұртқа қадірлі, осыны, алдымен, жастардың санасына құяйық, – деп атап өтті Нұрлан Асқарұлы өз баяндамасында.

Сондай-ақ, аймақ басшысы білім беру мәселесіне де кеңінен тоқталды. Күні бүгін «Болашақ» бағдарламасы бойынша 300-ден астам атыраулық жас шет елдерде оқып, заманауи білім алып келген.

– Қазіргі міндет – білімнің сапасын арттыру, оны экономиканың сұранысына икемдеп, жастарға кәсіби бағыт беру. Оқу орындарында мамандық таңдауда жастардың, ата-аналардың санасындағы «престиж» деген ұғымды «тиімді», «перспективалы» деген ұғымдар алмастыруы қажет. Студенттер жай ғана диплом  алумен қанағаттанбай, шынайы білім алуға деген ұмтылыста болуы шарт. Білімнің салтанат құруы осылай қалыптаспақ, – деді Нұрлан Ноғаев. – Неге кеңес кезінде бізден озық болған республикаларды бүгін артта қалдырдық? Әрине, алдымен, бұл – Елбасының көреген саясатының, халықтың еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар, әлемге ашық болуымыздың, әртүрлі үрдістерге бейім болуымыздың маңызы зор. Облысымызда осы бағытта жүйелі жұмыстар бар. Мәселен, өткен жылы облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау және тілдерді оқыту өңірлік орталығында 271 адам – қазақ, 37 адам – орыс, 83 адам ағылшын тілдері курстарынан өтті. Атырауда халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейі жоғары. Әлеуметтік зерттеулер қорытындысымен 96,9 пайыз деген мәлімет алынып отыр. Ағылшын тілін меңгергендердің үлесі – 12,5 пайыз, ал, орыс тілін меңгергендердің үлесі 90,1 пайызды құрап отыр, – деп облыс әкімі нақты деректерді келтірді.

Сөзінің соңында Нұрлан Асқарұлы Президент мақаласында жүктеген  міндеттерді  іске асыру үшін жергілікті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз