«Әнші болу міндет емес, азамат болу – парыз»
Қазақтың дәстүрлі әнінің туын биікке көтеріп жүрген әншілердің бірі – Айгүл Қосанова. Алдағы аптада ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттеріне «Қазақ ұлттық өнерінің БАҚ-та насихатталуы» және «Батыс дәстүрлі әндерінің орындалу ерекшеліктері» атты шеберлік сыныбын өткізеді. Біз осыған орай, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, әнші Айгүл Қосановаға көкейімізде жүрген сауалдарымызды жолдап едік.
— Сізге өнер жолын таңдауға кімнің ықпалы тиді? Ең алғаш үлкен сахнаға шыққан сәтіңіздегі әсермен бөліссеңіз.
— Ең алғаш үлкен сахнаға бала кезімде шықтым. Ол 1988 жыл ғой деймін, Наурыз мерекесін ел болып алғаш тойлаған кез болатын. Ауылда далаға сахна құрып, кезектесіп сол сахнада өнер көрсеткеніміз есімде. Ал, өнер жолын таңдауға ықпал еткен ауылда ең алғаш музыка мектебін ашқан ұстазымыз Орын Құлсариев болды. Ауыл балалары жаңалыққа құмар келеді ғой. Жаңа музыка мектебі ашылғанда, тай-тұяғымызбен қалмай сыныптас қыздар болып бәріміз жазылдық. Ең алғаш прима-қобыз класына бардым. Өйткені, мен сияқты ауыл баласына ол аспап таңсық еді. Екінші жылы домбыраға ауысып кеттім. Сөйтіп, домбырашы ретінде мектепті бітіріп шықтым. Талай балалардың өнер жолына түсуіне себепкер, дәнекер болған Орын ағайыма шексіз алғысымды білдіремін.
— Сіз дәстүрлі ән орындаумен қатар, эстрадалық бағытта да өзіңізді сынап көрдіңіз. Қайсысы сіздің жаныңызға жақын?
— Мен негізінен дәстүрлі әншімін, солай қала беремін. Эстрада әндерін өзімді байқап көрейін деп айтқанмын. Бірақ, тыңдарманның тарапынан жылы лебіздер естіген соң, «яғни, соншалықты жаман айтпайтын шығармын» деп ойлап, эстрада әндерін де орындап жүрмін. Қалай болғанда да, қай жанрда айтсаң да әніңмен тыңдарман жүрегінен орын алып жатсаң, керемет емес пе?! Қуанғанда немесе қамыққанда жұрт сенің орындауыңдағы әннен рахат алып жатса, бұдан артық қандай бақыт керек?! Өнер адамын бар қылатын да, жоқ қылатын да – халық. Сондықтан да, халық тыңдап, әнімді сүйіп, өнерімді құрметтеп жатса – мен бақыттымын.
— Сіз қазір өзіңіз тәлім алған Ғарифолла Құрманғалиевтың жолын жалғап, шәкірт тәрбиелеп келесіз. «Ұстаз еңбегі шәкіртімен бағаланады» демекші, кімдерді ерекше атап өтер едіңіз?
— Мен тікелей Ғ.Құрманғалиевтың төл шәкірті емеспін. Бірақ, сол кісіден тікелей сабақ алып, алдында әнін үйренген ұстаздың шәкіртінен дәріс алдым. Сондықтан да, Ғарифолла атамыздың шөбере шәкіртімін деп айта аламын.
«Ұстаз еңбегі шәкіртімен бағаланады» дегенге толықтай қосыламын. Өйткені, алдыңдағы шәкіртің барлық жерде сенің берген тәліміңді орнымен көрсете алса, дұрыс жүріп, адамгершіліктік қарым-қатынас жасаса ғана шәкірт деген атқа лайық бола алады.
Қазіргі таңда, көпшілік жағдайда, балалар бір-екі байқауға қатысып алып,аспаннан түскендей болып жүреді. Ең алдымен, кез келген адамның адамгершілік сипаты алдыңғы қатарда болуы керек деп ойлаймын. Осы жиырма жылдық ұстаздық қызметімде бірталай шәкірттер дәріс алды. Қазақтың төл өнерін насихаттауда оза шауып жүрген шәкірттерім де бар, оларды атап айтсақ, Нұрболат Исаев, Әйгерім Құлжарасова, Алпысбек Оңайбайұлы, Жігер Бектұрғанов және тағы басқалар.
— Репертуарыңыз туралы айтып өтсеңіз. Жалпы, «қазіргі эстрадалық ән жанры халық әндерінің орнын басып, сахнадан да, халық назарынан да ығыстырылып жатыр» деген пікірге көзқарасыңыз қандай?
— Эстрада әндері дәстүрлі әндерді тығырыққа тіреді деп айтуға болмас. Әр жанрдың өз орны бар. Әрине, көбіне өз деңгейінде бағаланып, насихаттала алмайтыны қынжылтады. Жаһандану заманында тек қана дәстүрлі әнді айтушылар емес, ел болып, халық болып, төл өнерімізді бағалай білуіміз керек. Әйтпесе, келешек ұрпақ бізді кешірмеуі әбден мүмкін. Телеарналар арқылы көбірек арнайы жобалар жасалса, тамаша болар еді. Сол күнді асыға күтудеміз.
— Шет елдерде жиі өнер көрсетіп жүрсіз. Сол жақтарда қазақ өнерін қалай қабылдайды?
— Халқымызда «қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген сөз бар. Өз елімізде жетімсіреп жүрген өнерімізді шетел тыңдармандары жақсы қабылдайды. Өйткені, қазіргі заманда өз шыққан тегін ұмытып, жоғалып кеткен ұлт қаншама? Оларға қарағанда шүкірміз ғой, тек барымызды бағалай алсақ болғаны.
— Шығармашылық бағытта алда қандай жоспарларыңыз бар? Қандай туындылармен тыңдармандарыңызды қуантпақсыз?
— Амандық болса, келер жылы көктемде Алматы қаласында жеке концертімді берсем деген ойым бар. Бірақ, бұл мәселе уақыт еншісінде.
— Сіздің сахнада өзіңізді ұстауыңыз, киім үлгіңіз, репертуар таңдауыңыз, әдемілігіңіз басқа әншілерге қарағанда өзгешелеу. Сіз өнер мәдениетінің керемет үлгісі сияқтысыз. Басыңыздағы осындай қасиеттерді шәкірттеріңізден де талап етесіз бе? Әлде өнерде әркімнің өз жолы болуы керек пе?
— Киелі сахнада жүргендіктен, барлық жағынан сай болып тұрсаң ғажап емес пе?! Өз шәкірттеріме тек ән үйретіп қана қоймай, жалпы адам болу жағын көбірек айтып отырамын. Өнер – Алланың берген үлкен сыйы, ал, адам болып қалу ең басты міндет деп түсінемін.
— Сіз – анасыз, жарсыз, ұстазсыз, әншісіз. Осының бәрін көтеріп жүру әйел затына қаншалықты ауыр?
— Жалпы, Алла Тағалам әйел затын ештеңеден қаймықпайтын, қандай ауыр жүк болса да көтере алатындай етіп жаратқан. Әйел болып өмірге келген соң ұрпақ әкеліп, бала сүю – ең басты парыз. Осы тұрғыда Аллаға сансыз шүкірлік айтамын, көрінген балапандарым көзімнің алдында аман-есен ер жетіп, елінің елеулі азаматтары болса екен деп тілеймін.
Ал, әншілік, ұстаздық – бұл менің таңдап алған өмірдегі жолым. Әрбір адам баласы өзінің мамандығының хас шебері болып, қоршаған ортаға пайдасын тигізіп жатса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Абай АҚМҰРЗИЕВ.