Нөсерден құлаған үйлер, олардың мәселесі қалай шешіледі?
Алдағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындықтың барысы туралы қала әкімі Нұрлыбек Ожаев кеңейтілген кеңес өткізді. Шаһар басшысының айтуына қарағанда, бүгінгі күні қаладағы әлеуметтік нысандарға, көп қабатты тұрғын үйлерге бекітілген кесте бойынша жұмыстар басталып кетті. Жиында тиісті орындардың басшылары есеп берді.
ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР КӨМЕККЕ ЗӘРУ
Күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жөнінде әңгімелеген шаһар басшысы Нұрлыбек Жұмахметұлы кездейсоқ болуы ықтимал мәселелер жөнінде де айтты.
— Өздеріңіз білесіздер, мамыр айында жауын-шашын салдарынан зардап шеккен 950 үйдің иесі арызданса, олардың ішінде 33 үй құлады. 200-дің үстінде баспана жарамсыз болып отыр. Қазіргі уақытта осы апатты үйлердің жағдайы да назарымызда. Отбасы мүшелерінің қыс мезгілінде қиналмауы үшін, бүгіннен бастап қамданып, материалдық жағдайына қарай жәрдемдесуіміз керек, — деді.
Көктемгі нөсер жауыннан зардап шеккен отбасылар жайында Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Мереке Жаңбырбаев жауап берді.
— Жауын салдарынан зардап шегіп арызданған тұрғындар саны – 1116. Олардың бәрі де толықтай тексеріліп, актілер жасақталды. Ағымдағы жылдың 19 мамыр мен 19 маусым аралығында төтенше жағдай жариялануына байланысты 201 арыз түсіп, бағалау қорытындысы бойынша 119 үй күрделі жөндеуді қажет етсе, 111 үй апатты деп танылып отыр, ал 31 үйдің бүгінгі күнге дейін құжаттары бағалаушы мекемелерде қорытындысы жасақталуда. 119 үйдің күрделі жөндеу жұмысына 71 миллион 955 мың теңге есептеліп шығарылды. Күні бүгінде 387 үйдің құжаттары жасақталып, 322-сі эксперт қорытындысымен апатты деп танылды. Ескі үйдің орнына жаңа үйдің құрылысын жүргізуге 3 181 500 теңгеден материалдық көмек көрсетілмек,- деді Мереке Дүйсенұлы.
Баяндамада мәлім болғанындай, 36 үйдің меншік иесінде немесе жанұя мүшелерінде суға кеткен үйден басқа екінші үйі тіркелген. 13 меншік иесі жағдайларына байланысты үйін үкіметке тапсырып отыр. Орнына тек көп қабатты үйден пәтер бөлуін сұрайды. Олардың қатарында мүгедек, жалғызбасты зейнеткер, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар бар. Келер жылы үйлер мемлекеттің қажеттілігіне байланысты үкіметке алынады. Соған сәйкес, ескі үйдің орнына жаңа үй салу тиімсіз деп есептелінген. 16 үй иесі ауласынан жаңа үйдің құрылысын бастап, аяқтауға қаражат сұрап отыр. Олар 1 500 000 теңгеден көмек алуда. 468 баспанаға қазір техникалық сараптама жасалуда. Бұл отбасылармен әр бағытта жұмыстар жүргізілмек. 138 отбасына барлығы 130 миллион 900 мың теңгені құраған біржолғы көмек ақы берілді. Айта кетейік, көктемдегі жауын-шашын салдарынан зардап шеккендердің көпшілігі – әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жалғызілікті адамдар болып отыр.
БОРЫШКЕРЛЕРГЕ ЖЫЛУ БЕРІЛМЕЙДІ
Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серікбай Қазиевтің айтуынша, қалада 975 көпқабатты тұрғын үй бар. Олар жылуды бес орталық қазаннан алады. Атап айтқанда, «Атырау Жылу Электр Орталығы» АҚ-нан жылу алатын 821 көп қабатты үйге кесте бойынша гидравликалық сынақ жүргізілуде. Олардың ішінде, 410 үй ғана қысқа толықтай дайын болып отыр. Ал, Балықшы жылу орталығы мен көп қабатты тұрғын үйлерге дейінгі жылу құбырлары өткен жылдың тамыз айынан бастап келер жылдың маусымына дейін «Куспанова К.С.» ЖК-не сатып алу құқығынсыз сенімгерлікпен басқаруға берілген. Аталған жылу орталығы 51 көп қабатты тұрғын үйді жылумен қамтып отыр. Алайда, Балықшы ықшам ауданының тұрғындары тұтынған жылуы үшін берешектерін қайтармай отырған көрінеді. Бүгінде олардың бережақ қарыздары 20 миллион теңгені құрайды. Тұтынушылар қарыздарын төлемейінше, аталған орталықта жұмыс мардымды жүрмейтіні белгілі. Тұрғындар жауапкершілігінің төмендігі, кәсіпорын басшыларының берешекті уақытылы төлемеуі сол күйі қалып келеді. Қала басшысы бірінші кезекте осы жайды анықтап, шара алу керектігін баса айтты. Қажет болса, тұтыну құқығынан айыру керектігі айтылды. «Атырау Су Арнасы» КМК-сы 16 үйдің жарамсыз жылу құбырларын ауыстырған. Жеке жылу қазандары бойынша 12 үй қысқа дайын. «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС бойынша «Нұрсая» ықшам ауданындағы 64 тұрғын үй он жылыту орталығындағы 22 дана қазанмен қамтылды. Бұл орталықтағы негізгі мәселе төрт жертөленің құрғамай отырғаны болды. Аталмыш аудандағы тағы бір мәселе – үйлердің төменгі қабатын жеке тұлғалардың иелігіне беру. Өйткені, төменгі қабаттағы қасбеттің есік-терезелері сынып, қирап, күннен-күнге азып барады.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.