Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

Өнер әлемінің Қажымұқаны

«Күй – көңілдің кілті»  деген пайым  рас екен-ау! Қаршыға қаған артына қалдырған «Атырау» күйін  шалқыта шерткен күйші бірден тыңдаушысын баурап алды. Домбыра шанағынан төгілген көркем  үнмен бірге, біздің  көз алдымыздан Нарынның сусыған шағылдары, шағалалы Ақжайық толқындарының  ырғағы, бәрі-бәрі  қиял көшіне ілескендей өтіп жатыр. Жұлдызы жанған,  атажұртты  дабылдатқан  күй аяқталар тұста, ішектің қоңыр үні қоюлана түсіп,  күмбірі әсемдене есілді.

%d0%ba%d0%b0%d0%b6%d1%8b%d0%bc%d1%83%d1%85%d0%b0%d0%bd

Бәрімізді күй бесігінде әлдилеп, қос ішек  күмбірімен шаттандырған бұл  күйші, Жайықтан түлеп ұшқан талантты ұлдардың бірі – Қажымұқан Түсекенов болатын. Құм Нарынның әр шағылы мен жусанды даласында өнердің ырыздық дәні шашылған деген сөзге сайсақ, бұл өнерлі азаматтың да кіндік қаны кесілген төрі – Кетешағыл құмы. Қаракөз, Дос–Ата сынды әулиелерге сиынып, құм іргесін  жағалай жайласқан Жаппас ауылы шаңырақтарының арасындағы қос ұстаз Лот пен Әнапияның киіз үйінен үнемі домбыра үні мен ән ырғағы естіліп жататын. Әулеттің үшінші  ұлы сол жердегі «Қоңырқұдық» орталау мектебінен енді ғана дәріс ала бастаған шағында, ата-анасы Махамбет селосына қоныс аударды.

Құм өлкесінің өмірге ғашық ұлының өнердегі алғашқы адымы да сәттілікпен басталды.  Айтулы домбырашы, сазгер  Зәмзәм Есжанованың шәкіртіне айналды. Күйге деген құрметі оянды.  Ахмет  Жұбановтың «Би» күйі мен Зәмзәм апайының «Каспий толқыны» күйлерін шебер орындайтын. Көне музыка аспаптарының сырын жанына түйген Ғилымғали Әділов, Серікқали Харесов ағайлары да жас таланттың болашағына өз үлестерін қосып, шалқар шабыт  тіледі.  Қажымұқан енді прима мен сырнай аспабында ойнауды да меңгерді.

Алыста қалған балалық жылдарынан оның жүрегінде 1966 жылғы оқиғалар желісі  мәңгіге жатталып қалды. Сол жылы Махамбет селосына қазақ өнерінің жұлдыздары  Ахмет Жұбанов, Шәмші Қалдаяқов және ақын Хамит Ерғалиевтер келіп, халықпен жүздескен салтанатты жиналыстан соң, мереке  соңы концертке ұласты. Сонда алтыншы сынып оқушысы Қажымұқан Түсекенов  Динаның «Бұлбұл» күйін орындады. Концерттен соң Ахмет Жұбанов жас талантқа ерекше ықыластанып,  өнерпазды өзімен бірге Алматы қаласына ала кетіп, өнерге баулу қажеттілігі хақында әңгіме қозғады. Жүзден жүйрік танылған он үш жасар омбырашының тағдыры бір ауыз сөздің шешімінде тұрған еді. Кенет:  «Елден де өсер, жетілер» деген әке шешімі  естілді…

Шаңырақтың үлкені Нұрмұқан домбыра мен саксафонда, Темірхан сырнай мен тромбонда, Күләш – жетігенде, Қалыш клавишті аспаптарды жетік меңгерсе, кейінгілері де аудандық музыка мектебінде түрлі аспаптарда ойнайтын. Қажымұқанның  өнердегі тағы бір бапкері – белгілі домбырашы Өтеген Марданов.

Кеңес әскері сапынан оралған күні  анасы бауырына тартып, «Жүрегімде түйіліп жүрген бір түйін бар, ол академик Жұбановтың алдында сені «өнерге баулимыз» деген әкең екеуміздің антымыз бар еді. Құлыным, өнер оқу орнына түсуге мықтап дайындал» деп аналық мейіріммен елжірей қарады.

Кеудесінде биік талғамы бар дарынды жігіт оқу орнына түскен алғашқы сәттен бастап  өзін әсемдік құпиясы мен өнер фабрикасына енгендей сезінді. Генадий Котляр, Наталья Корнуша, Валентина Эпштейн, Рыспай Ғабдиев, Орынғали Бақтияров сынды  ұстаздардың алдын көрді. Сырнай сыныбы бойынша Аманқос Түсіпқалиевтің шебер үйретуі арқасында баян клавиштерінен сұлулық сазын үйреніп, еуропалық шығармалар орындауға дейін бейімделді. Институт бітіретін 1981 жылы ректорат шешімімен музыка факультетіне ұстаз болып қалдырылды. Содан 15 жыл бойы  шәкірттер тәрбиесімен шұғылданды.  Бүгінде облыс мәдениетін өркендетуге зор үлестерін қосып жүрген Рахат Сағынов, Досым  Жайлауов, Серік Биғамбаев, Талшын Нәжімова, Болат Тұманов тағы басқалары – Қажымұқан Түсекенов ұстаздары  алдынан дәріс алған шәкірттер.

Алыста қалған 1976 жыл еске сан мәрте оралады.  Анасы марқұм аяқ астынан бәрін жексенбі күні қара шаңыраққа жинап: «Мен кеше аудан басшысы Равиль Шырдабаевтың қабылдауында болып, өнерлі Түсекеновтер  отбасылық ансамблін  құру туралы ұсынысын құп алып келіп отырмын. Аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Нариман Үлкенбаевтың жетекшілігімен әзірлікті бүгіннен бастауымыз керек»  деп  сөзін қысқа қайырды. Сенім мен серт арқалаған 11 бала өз  музыка аспаптарын  арқалап клубқа қарай ағылды. Сол жылдың қоңыр күзінде Гурьев қаласында алғашқы концерттері табысты өтті. Сөйтіп, 1978 жылы Алматы қаласына шақырылып, қазақ телевизиясынан концерттік бағдарламалары республика жұртшылығына көрсетілді. Қазақстан комсомолының 60 жылдығына орай, Абай атындағы опера және балет театрында өнер көрсетіп, ел мерейін асқақтатты.  Одан кейін 1979 жылы Мәскеу қаласында Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне шақырылып, одақтық дәрежедегі  үлкен ұжымдар арасында  өнер көрсетіп, қазан айында Останкинода «Бәріміз тату отбасымыз»  («Вместе дружная семья»)  телебағдарламасына түсірілді. Ансамбль өнері Орбита телеарнасы арқылы бүкіл Кеңестер Одағы аумағына таратылды. Ал, 1981 жылы Болгарияда өткен «Золотой орфей» фестиваліне қатынасып, дипломант атанулары отбасылық ансамбльдің ғана емес, Атырау өнерінің алған биік шыңы еді.  Сол жарқын жылдар сағымынан  бұл күнде дүниеде жоқ Әнапия анасының, Темірхан, Абай, Құрманғазылардың да жарқын  бейнелері сәуле шашады.

Өнердегі сыңары іспеттес Алмас Садықовпен бірлесіп, Алматы қаласынан шығарған «Ән-ғұмыр, сәнді тірлік, мәңгі достық» күй мен әндер жинағынан екі салқам серінің қосыла салған әуезді әндері жанды  баурайды. Жарты ғасыр бойы қара домбырасы мен сыршыл сырнайын арқалаған аймақтың серісі, сұлу сөз төгілткен кәсіби асаба, өнерге жаңаша қараудың виртуозы Қажымұқан Түсекенов аға да  пайғамбар жасына өрледі. Сері көңілдің  өміріне  самал болған Әминашы да ақпейілімен айдай жарқырайды. Жан дүние сұлулығы жүзінен көрініп, көркімен көз қуантқан өнердің Қажымұқаны  ол!

Сайпеден СИДЕҒАЛИЕВ,

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button