Сарқылған өзеннің соты

parpararp Жаңалықтар

…ОЙЫЛ КӨЗДІҢ ЖАСЫ ЕДІ, ОЙЫЛДАН ЕЛДІ КӨШІРДІҢ, – ДЕП АСАН ҚАЙҒЫ ЖЫРЛАҒАНДАЙ, ОЙЫЛ ӨЗЕНІНІҢ МӘСЕЛЕСІН ГАЗЕТ БЕТІНДЕ КӨТЕРІП, ОДАН ТУЫНДАЙТЫН ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ЖАЗҒАНЫМЫЗҒА ЕКІ ЖЫЛДАЙ УАҚЫТ БОЛДЫ. ОНЫҢ ЖАҒАСЫНДАҒЫ АУЫЛДАР ҮДЕРЕ КӨШПЕСЕ ДЕ, БІР ӨЗЕННІҢ ТАРТЫЛУЫ БІР ЕЛДІҢ ТАҒДЫРЫН ШЕШКЕЛІ ТҰР. ОСЫҒАН ОРАЙ 2020 ЖЫЛДЫҢ КҮЗІНДЕ АТЫРАУ ЖӘНЕ АҚТӨБЕ ОБЛЫСТАРЫНДАҒЫ ЕРІКТІЛЕР ӨЗДЕРІ ҚҰРҒАН «ОЙЫЛ ӨЗЕНІ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫ АРҚЫЛЫ ЕКІ ОБЛЫСТЫҢ ОРТАСЫНДАҒЫ ТАЛАСТАРТЫСТЫ ШЕШУГЕ БЕЛ БУЫП КІРІСТІ.

Ойыл қайда?..

Бұған дейінгі осы мəселеге арналған жиындар мен экспедицияларды, Парламентке жолданған хаттар мен жауаптарды «Atyraý» газеті халық назарына ұсынып келеді. Бір өзенді бойлай орналасқан екі облыстың ортасындағы дау əлі күнге аяқталар емес. Өткен жылдың мамыр айында республика Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетовтың төрағалығымен өзен жағалап шыққан жұмысшы тобы комиссиялық түрде аталған бөгеттерді көзбен шолып қарады. Комиссия құрамында Ойыл белсенділерімен қатар, су ресурстарын пайдалануды реттеу жəне қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының (ЖКБИ) басшысы Ғалидолла Əзидуллин, Атырау облысының Қызылқоға, Ақтөбе облысының Ойыл, Темір, Мұғалжар, Қобда аудандары əкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ «ҚазСуШар» РМК Ақтөбе филиалының басшысы қатысты.

Бұл топ өз бастамасымен Ақтөбе облысының Мұғалжар, Қобда, Темір жəне Ойыл аудандары аумағында 2 мың шақырым жолсыз жермен жүріп, Ойыл өзенінің Ақтөбе облысының аумағындағы бассейнінде түрлі нысандағы барлығы 57 гидротехникалық нысанды анықтады. Атап айтқанда, Мұғалжар ауданында 5 иесіз бөгет, 1 көтерме жол, 4 тазартуды қажет ететін бұлақ, Қобда ауданында 1 коммуналдық меншіктегі бөгет, 1 иесіз бөгет пен 1 көзін ашуға тиіс бұлақ, Темір ауданында 1 коммуналдық меншіктегі бөгет, 24 иесіз бөгет, 3 көпір өткел, 1 тазартуды қажет ететін бұлақ, Ойыл ауданында 8 республикалық меншіктегі, 1 коммуналдық меншіктегі жəне 4 иесіз бөгет, 1 көпір өткел мен 1 көзін ашу керек бұлақ бар.

Комиссия барысында аталған аудандардағы бөгеттердің барлығы аты аталып, түсі түстеліп, рет бойынша номерленген. Иесіз бөгеттер бұзылуға, бұлақ көздерін тазалауға қорытынды шығарылғанымен, ЖКБИ тарапынан жаз бойы ешқандай жұмыс жасалмаған. 2020 жылы осы мəселе көтерілгенде, «ешқандай бөгет жоқ» деген инспекция басшылары комиссиядан кейін де Ойыл белсенділері анықтап, картасын сызып берген 49 бөгетті бұздыруға құлықты бола қоймады. Қоғамдық қор алдымен инспекцияға хат жолдап, соның негізінде əрекет етпеген мекемені заң жүзінде жауапқа тартып, талап қоюшы тарап су ресурстарын пайдалануды реттеу жəне қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясына өзеннің сайсаласынан келіп құятын суды заңсыз бөгеп отырғандар бөгеттерді бұзуды міндеттеуін сұрады.

Бұл арыз Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотына 2021 жылдың қараша айында беріліп, екі айдың үстінде екі жақты пікірталас пен бірнеше сот отырысы өткен. Жауапкер тарапынан бассейндік инспекция басшысы Ғ.Əзидуллин, ЖКБИ мамандары, сондайақ мүдделі тараптар – Ақтөбе облысындағы Ойыл, Темір, Мұғалжар, Қобда аудандарының жəне «ҚазСуШар» Р М К өкілдері, екі облыстың суға жауапты лауазымды тұлғалары, талапкер – «Ойыл өзені» қоғамдық қоры атынан оның төрағасы Жүсіп Əбдіғали, заңгер Айнагүл Дəулетбаева мен мүдделі тұлға Есенбай Нұров қатысқан. 2022 жылдың 17 қаңтарында өткен соңғы сот отырысында екі тарап ымыраласу келісімшартына қол қойыпты.

Сот нені ұйғарды?

Заң аясында жасалмаған істің соңы сотта қаралатыны айтпаса да белгілі. Бір елдің ішіндегі су дауы үшінші жылға созылды. Сот процесі барысында талапкер мен жауапкер белгілі бір келісімдерге келіп, соның негізінде ұйғарым шығарылған. Халық атынан құрылған қоғамдық қордың талабы бойынша жауапкер құқық белгілейтін барлық құжаттарға толық ревизия жүргізуге, бекітілген жобалық құжаттама белгіленген тəртіпте болуы жəне Ойыл өзені мен оның салалары бойында орналасқан гидротехникалық құрылыстардың заң талаптарына сəйкестігін тексеруге Ақтөбе облысының прокуратурасына жəне республика Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетіне 2022 жылдың 20 қаңтарына дейін ұсыныс хат жолдайды.

Сонымен қатар, Ойыл өзені бассейнінде салынған 49 гидротехникалық құрылыстарды тізімге сəйкес транзиттік режимге (өзеннің табиғи арнасында 3 метрден кем емес) ауыстыру жəне өр суы кезінде су арнасын тазарту жұмыстарын орналасқан жеріне байланысты жергілікті атқарушы органдарға, атап айтқанда Ақтөбе облысының Мұғалжар, Темір, Ойыл жəне Қобда аудандары əкімдері аппараттарына 2022 жылғы 20 ақпанға дейінгі мерзімде орындалуы туралы жауап беру шартымен 2022 жылғы 20 қаңтарға дейін ұсыныс хат жолдайды. Ал, белсенділердің талабы бойынша Су ресурстары комитетінен шағын өзендерден су пайдалануға арнайы рұқсат беру кезінде елдің Су Кодексінің 121 бабының 3 тармағын қолдану тəртібі туралы жазбаша түсіндірме сұралған.

Ең бастысы – Ақтөбе облысы аумағындағы Ойыл өзені мен оның салаларында орналасқан иесіз гидро техникалық құрылыстарға қатысты күні бүгінге дейін 2021 жылы мамыр айындағы қажетті шараларды орындамай отырған жергілікті атқарушы органдардың əрекетсіздігіне шара қолдану туралы Ақтөбе облысының прокуратура органдарына хат жолданды. Сөйтіп, тараптардың арасында осындай келісім жасалып, сот ұйғарымы бекітілген. Демек заң күшіне енді. Осы уақытқа дейін талабына жауап таба алмаған Ойыл жанашырларының мəселесі енді тек заң жүзінде шешімін таппақ.

Талапқа сай бөгет жоқ

Сот ұйғарымына артында қарақұрым халқы бар қоғамдық қор басшылары мен мүдделі тұлғалар қанағаттанды ма? Қандай баға берді? Бұл туралы Ойыл жанашыры, Қызылқоға ауданындағы Миялы селосының тұрғыны Есенбай Нұровпен сөйлесіп, əлі де атқарылар істің аз еместігін аңғардық.

– Соттың ұйғарымына мүдделі тұлға ретінде «қанағатт анарлық» деген баға беремін. Республика Су Кодексінің 121 бабына сəйкес ұзындығы 200 километрге жетпейтін шағын өзендердің бойына бөгет, плотина тəрізді гидротехникалық құрылғылар (ГТС) салуға болмайды, суды тек ортақ пайдалану керек. Ал, еліміздің Экологиялық Кодексінде «бөгет (плотина) салу республикалық дəрежедегі лицензиясы бар мекемеден сараптама қорытындысын алған жағдайда мүмкін болады» деп көрсетілген. Олай болса, біз көрсеткен 34 бөгетте ондай рұқсат түгілі, заңды құжат та жоқ. Бары суға қатысты нормативтердің талаптарына мүлдем сай емес. Инспекция осы заңдылықтарды біздер анықтап, көрсетіп бергеннен кейін ғана «Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органдары жəне прокуратураға хат жазамын» деп мойнына алды. Аталмыш 49 бөгеттің табиғи арна бойынан ені 3 метрден кем емес бөгет бойын тазалап, транзиттік режимге келтіруді ұсынуға міндетті, – дейді Есенбай Сəмекұлы.

Татуласу келісім-шартына сəйкес жауапкер тарап құзырлы органдарға хат жазып, су заңдылықтарының бұзылмауын талап еткен. Алайда, талапкерлер əзірге ұйғарымда көрсетілген ЖКБИ-дің уəдесін ғана қанағат тұтып отыр. Егер белгіленген уақытта жауапкер өз міндетіне алған жауапкершілікті орындамаса, ұйғарым негізінде талапкер сотқа қайта өтініш түсіреді. Өйткені, бұған дейін жазғанымыздай, 3 жылдан бері Ойыл өзені арнасының құрғап қалуы Тайсойған құмындағы жер асты тұщы су көзінің азаюына, өңірде ауыз су жəне техникалық судың тапшылығына, сайып келгенде аудандағы халық пен шаруашылықтар жағдайының күрт нашарлауына соқтырып отыр.

ЕҢ БАСТЫ КҮНКӨРІС КӨЗІ – ТӨРТ ТҮЛІК ӨСІРУ ДЕП САНАЙТЫН ҚЫЗЫЛҚОҒАЛЫҚТАР ҮШІН СУДЫҢ АСА ҚАЖЕТТІЛІГІ АЙТПАСА ДА ТҮСІНІКТІ. ШІЛІҢГІР ШІЛДЕДЕ АУЛАСЫНДАҒЫ МАЛҒА СУ ТАППАЙ, ҚҰДЫҒЫН ҚАЙТАҚАЙТА АРШЫП, 10 МЕТРДЕН АСТАМ ТЕРЕҢДІККЕ ТҮСІП ЖҮРГЕН ШАРУАЛАРДЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫН ЕШКІМ ЕСТІМЕЙТІНІ ӨКІНІШТІ. БЕЙНЕТКЕ БЕЛШЕСІНЕН БАТЫП ОТЫРҒАН ШАРУАГЕРДЕН АРЗАН ӨНІМ ДӘМЕТУ ДЕ АДАМГЕРШІЛІККЕ ЖАТПАСЫ АНЫҚ. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ТЕК ОСЫ МӘСЕЛЕНІҢ ӨЗІ-АҚ БІРНЕШЕ САЛАНЫҢ КЕЖЕГЕСІН КЕРІ ТАРТАТЫНЫ ТАҒЫ БАР. ТІПТІ, ҚИЫНДЫҚҚА ТАП БОЛҒАН ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ ЕЛДІ МЕКЕННЕН ҮДЕРЕ КӨШУІ ДЕ ЫҚТИМАЛ. АЛДАҒЫ УАҚЫТТА ДА ОСЫ МӘСЕЛЕНІ КӨТЕРІП ЖҮРГЕН ОЙЫЛ БЕЛСЕНДІЛЕРІНІҢ ПАЙДАСЫНА ШЕШІЛГЕН ЗАҢДЫ ҰЙҒАРЫМНЫҢ ОРЫНДАЛУЫН НАЗАРДА ҰСТАЙТЫН БОЛАМЫЗ.

Салтанат АҚТƏЖИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз