Атырауда шегірткемен күрес жұмыстары басталды

vlcsnap 2019 03 15 10h56m17s010 Жаңалықтар

Атырау облысында осы үйірлі шегірткелердің азиялық шегіртке және италияндық прус деп аталатын түрлерінің табиғи ошақтары орналасқан.

Осы аталған, егіс дақылдары мен өсімдіктерге, жалпы жасыл желек атаулыға зардабын тигізіп, шаруашылықтарға орасан зор залал келтіретін зиянкестерге қарсы облыста жыл сайын жерүсті және әуе жолы тәсілдерімен химиялық өңдеулер жүргізіледі. Алдымен шегірткелердің шоғырланған учаскелері анықталып, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді.

Атырау облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Әбила Қазиеваның айтуынша, биыл да өңірде үйірлі шегірткелерге қарсы күрес шаралар алдын ала ұйымдастырылып, облыста, Атырау қаласы мен барлық аудандарда штабтар құрылып, мүдделі құрылымдарға тиісті тапсырмалар берілді. Аумағында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілетін ауылдық округ әкімдеріне сол аймақтарда уақытша мал жаюға және шөп шабуға тыйым салынатыны жөнінде ескертіліп, жадынамалар таратылды. Қажетті препараттар (негізінен пестицидтер) учаскелерге толықтай жеткізілді.

Мамыр айының 20-нда Құрманғазы ауданында үйірлі шегірткелер жер бетіне шықты. Бір аптадан кейін мұнда химиялық өңдеу жұмыстары басталды. Бұл жұмысқа тартылған екі мердігер ұйымның бірі – оралдық «ЗапКазФумигация» ЖШС жерүсті тәсілі (УАЗ автокөлігіне орнатылған вентиляторлы UVO-D500 бүріккіш қондырғысының көмегімен) арқылы 1 500 гектар жерді химиялық өңдеу шараларымен қамтуда. Ал, мамыр айының соңғы күнінен бастап алматылық «АвиаСила» ЖШС аса жеңіл авиациялық техника – дельталетпен осындай жұмысты жүзеге асыруға кірісті. Оның қамтитын ауқымы – 8 800 гектар. Аудандар бойынша тарқатсақ, өңделетін жер Құрманғазыда – 7 200 га, Исатайда – 800 га, Махамбетте – 100 га және Атырау қаласында – 700 га көлемінде белгіленген.

Сонымен, кезекті шегірткелер шабуылына қарсы қарекет басталды. Ал, оның қаншалықты нәтижелі болары жоспарланған жұмыстардың жүйелі де жедел жүргізілуіне, бөлінген қаражат пен бөлінген препараттың мақсатты да тиімді пайдаланылуына, мәселенің өзектілігі мен маңыздылығына жергілікті тұрғындардың түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуіне байланысты екені даусыз.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз