Жарнама
Жаңалықтар

ҮНЕМДІЛІК – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

 Дәурен Мақажанов алдымен, холдингінің өткен жылы атқарған жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, былтыр  агроөнеркәсіп кешеніндегі субъектілерді қаржылай сауықтыруға, инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, шаруалардың техникасын жаңартуға көп күш жұмсалған. Холдинг несиені тек теңгемен берген. Осылайша үлкен тәуекелге барған. Оның үстіне, былтыр ақпан айында теңге бағамына түзету енгізілгеніне қарамастан, холдинг жылды 5,7 миллиард теңге көлеміндегі пайдамен аяқтады.

– Былтыр саланы қаржыландыруға 222 млрд. теңге жұмсалған. Бұл 2013 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 15%-ға артық, өткен жылы жалпы құны 39,3 млрд. теңге болатын 73 жоба жүзеге асырылды. Ал, 2015 жылы 75 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, — деді «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Д.Мақажанов.

Бүгінде холдингінің инвестициялық қоржынында жалпы сомасы 309,1 млрд. теңгені құрайтын 477 жоба бар. Олардың 365-і іске қосылған, 236-сының өндірістік қуаттылығы 70 пайызға жеткен. Сондай-ақ, жиын барысында Дәурен Мақажанов «ҚазАгро» холдингінің шығыстарын оңтайландыруға байланысты Елбасы міндеттеген тапсырманы орындау үшін бейінді емес активтерді қысқарту жоспарланып отырғанын айтты. Яғни, 2015 жылы 559 млн. теңге көлемінде тиімсіз шығыстар қысқартылмақ.

Холдингінің құрылымын оңтайландыру аясында бір-бірінің жұмыстарын қайталап отырған бөлімшелер жабылып, осы бөлімшелердегі жұмысшылардың санын  93 адамнан  73 адамға дейін қысқарту жоспарланып отыр. Нәтижесінде, әкімшілік шығындар 12%-ға қысқаратыны да брифинг барысында айтылды. Одан әрі, Дәурен Сәбитұлы ауыл шаруашылығына несие беретін немесе басқа да қолдау шараларына қатысатын банкілер арасындағы бәсекелестікті күшейту қажеттілігіне тоқталды. Яғни, оның пайымдауынша, бұл бағытта несиенің пайыздық мөлшерлемесін азайту, пайызды субсидиялау сияқты шаралардан тыс, ауылшаруашылық өнімдерін сататын каналдарды көбейтудің маңызы зор.

– Ауыл шаруашылығы үшін несие беретін және өзге де қолдау шараларына қатысатын банкілер клиенттер үшін таласатындай орта қалыптастыру қажет. Біз екінші деңгейлі банкілермен, жеке лизингілік компаниялармен тығыз жұмыс істейміз. Бір ғана қаржы институты несие берсе, оған кезек те көбейеді. Ал, мұндай институттар көбейсе, фермердің таңдау құқығы болады. Айта кетейін, біз барлық несиені теңгемен және пайыздық мөлшерлемені арттыратын субсидиялар береміз, — деп түсіндірді ол.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button