Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетШаһар шырайы

Неге үміт үзгіміз келмейді? (ФОТО)

Атырау облысында гастрольдік сапарда жүрген М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері Махамбет ауданында болып, Н.Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» атты драмасын ұсынды.

IMG_5361

Ауруханада емделіп жатқан Мейірбек ақсақалдың өмірден көрген-түйгені мол. Әйтсе де, оны рухани жалғыздық мазалайды. Құдай қосқан қосағы Қарылғаштан ерте айырылған қария оның елесімен тілдеседі. Неге, неге, неге? Оны мазалайтын сұрақтар көп. Күшік күйеуді қолына кіргізген жан дегенде жалғыз қызы әкесі сырқатынан сауығып кетуі үшін бар жағдайды жасап бағады. Ақылы қымбат аурухана дәрігерлерінің де ауыздарын «тығындап» қойған. Израйльде әкесін ота жасатуға да келісіп, қаржысын аударып жіберген. Бірақ қырсық шал шалқаяды. Жұртқа бережағым бар, маған жүз мың ақша әкеліп бер деп қиғылықты салады. Қызы бұл тапсырмасын да бұлжытпай орындайды. Мейірбек шалды қатерлеуге бала күнгі бірге өскен достары келеді. Жастары жетпістен асқан замандастардың өмір жайлы толғаныстары, көзқарастары әрқалай. Сұрақ қоятын баяғы сол Мейірбек: «осы сен бақыттысың ба?» Төтесінен қойылған бұл сұраққа заманы бір құрдастар қапелімде не деп жауап берерін білмей бүгежіктейді. Мейірбек шалдың сұрағы мұнымен де бітпейді. Шал деп, қария деп, ақсақал деп кімді айтамыз деп достарын тағы да тығырыққа тірейді. Жетпістен асқан өздерінің мәртебесін, яғни жоғарыда айтылған қарттықтың қайсысына жататындарын да біліңкіремейді. Бұған жауапты бұрынғы өткен бабалардың өсиет сөздерінен іздейді. «Алпыс жаста тай жеген бөрідеймін, сексен жаста илеген терідеймін», «ой да жоқ, уайым да жоқ ойнай берсең, ой да көп, уайым да көп ойлай берсең» деген тоқтамға келеді. Араларындағы өзін қылжақбастау, еркін ұстайтын запастағы полковник Советбек «қайдағы жоқ бітпейтін пәлсапамен бастарыңды қатырмаңдар, кел оданда кездескенімізді атап өтейік» деп қалтасынан бір жарты шығарып, тең етіп бөліп құяды. Дипломаттағы жүз мың ақша ешкімге керек болмай қалған. Сөйтіп отырғанда қалбаңдап ауылдағы достары Асылхан жетеді «ой, бауырымдап». Оған біреу Мейірбек дүниеден озды деп жалған хабар жіберген. Бұдан әрі төрт шалдың әңгімесі жарасады. Өткен өмірлерін еске алады. Сен бақыттысың ба, өмірде өкінішің бар ма деген сауалдар тағы қайталанады. Сол-ақ екен, жүз грамды артықтау ішкен балуан денелі полковник Советбек бомбаша жарылады. Иә, менің өкінішім бар деп шөкесінен отыра қалып айтқан әңгімесі сай сүйегіңді сырқыратады.

IMG_5373

Он жеті жастағы бозбала Алматыға оқу іздеп келіп, ойда жоқта бір байшыкештің қызымен танысып, соның «тұтқынынан» шыға алмай қалады. Жас жігіттің ендігі тағдыры сол бай атасының қолында еді. Келісімін алмастан әскери оқуға түсіріп, шенін жоғарылатады. Былайша айтқанда «не ішем, не кием» деген проблема жоқ, бақытты өмір сүрген сияқты. Жалғыз ұл Германияда оқуда. Ұлың саған хабарласа ма, деп сұрайды Советбектен достары. Жоқ,-шешесімен хабарласады. Неге? Әскери адам болған соң өмір бойы үй көрмей жүрсең, анасы басының құлағына: «сенің әкеңе бәрібір, ол бізді керек етпейді,» деп құя берсе, баласы әкесінен безінбей не істейді? Ол аз десеңіз, байшыкештің шолжаң қызы қартайғанда да өз дегенін істеп, екеуіне ортақ үйді қымбатқа сатып, баласының артынан Германияға көшпекші. Шалына да орын даярлап қойған. Қарттар үйі. Ал, енді жетпістен асса да арымаған, денсаулығында да кінарат жоқ Советбек ақсақалды бақытты деп қалай айта аласың? Сырты бүтін, іші түтін болып бықсып өмір сүріп жатқан оны алдан тағдырдың қандай сыйы күтіп тұрғаны бір Аллаға аян.

IMG_5385

Жалпы оқиғасы аурухана палатасында өтетін драманың бас кейіпкері, бұл күнде жасы жетпісті алқымдаған Мейірбек бақыт туралы, өмірдің мәні туралы ойға шомады. Оның жақын достарымен пікірталас барысында өзіндік дүниетанымы, өмірлік ұстанымдары айқындалады. Дәулет-жан дәулетімен, Асылхан-туған топырақтан ажырамаған қарапайым да, қағілез мінезімен дараланады. Ал, Мейірбек-құдайдың өзі өлшеп берген азды-көпті ғұмырына қанағатымен ерекшеленеді. Драмада адамгершілік, имандылық мәселелері шынайы көрініс тапқан. Әрқайсысының өзіндік бет-бейнесі, айтар ойы, мінезі бар қарттардың ролін сәтті сомдаған танымал әртістерТ.Аралбай, А.Бектемір, Ж.Толғанбай, А.Сейтметовтердің өнеріне көрермендер тәнті болып, дуылдата қол соқты. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ұ.Тналиев сахна саңлақтарына алғыс хат пен ескерткіш сыйлық ұсынды.

IMG_5427

 Нұрым Ерғалиев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button