NEET тобындағы жастарды қалай азайтамыз?
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен Атырау облысы әкімдігінің жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда NEET (жұмыс жасамайтын, оқымайтын және біліктілігін арттырмайтын жастар) санатындағы жастардың үлесін төмендету, жас отбасыларды қолдау шаралары және кәсіптік бағыт-бағдар беру бағытындағы жұмыстар талқыланды.
NEET санатындағы жастармен жүргізіліп отырған шаралар жөнінде тиісті бөлім басшылары баяндама жасады. Кейбір кемшін тұстарына сын айтылып, жұмыстарды жүйелеу үшін нақты тапсырмалар белгіленді.
-Баяндамадағы «Жұмыссыз жастар деңгейі – 2,4 пайыз, NEET санатындағы жастар деңгейі 5,5 пайыз» деген ақпаратта сандық көрсеткіш бір-біріне сәйкес келмейді. Тиісті басқарма басшылары, қала мен аудан әкімдері аталған санаттағы жастармен нақты жұмыс жасауы керек. Өңірдегі мемлекеттік жастар саясатының тиімді механизмдері жүзеге асса ғана, жұмыс нәтижелі болады, — деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова. Сондай-ақ, ол жастарды қолдау мәселелері аса маңызды әрі шұғыл қажет ететіндігін атап өтті. Тиісті мекемелердің ақпаратын мысалға ала отырып, жастармен жұмыс істеуде ведомствоаралық байланыстарды үйлестіруді міндеттеді.
Майра Ерғали