АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫ – АЛДЫҢҒЫ КЕЗЕКТЕ

Биыл ауыл шаруашылығын қаржыландыру қорының көлемі қосымша 20 млрд. теңгеге артады. Агроөнеркәсіптік кешенге 2020 жылға дейін 3 трлн. теңге жұмсалатын болады. Бұл туралы кеше Орталық Коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет төрағасы Ромин Мадинов және Парламент Мәжілісінің депутаты, аталған комитет мүшесі Ұласбек Сәдібеков мәлім етті.

«Парламент Мәжілісіне 2015 жылға бюджетті нақтылау туралы заң жобасы келіп түсті. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы желісі бойынша қаржыландыру 20 млрд. теңгеге артқанын айтқым келеді. Яғни, Үкімет пен Парламент қазіргі экономикалық жағдайда бірінші кезекте ауыл шаруашылығын қаржыландыру керектігін жақсы түсініп отыр» – деді Р.Мадинов. Бұл тұрғыда ол тарихи тәжірибеге сүйене отырып, күрделі экономикалық ахуалдан әркез өзінің оң көрсеткіштерімен ауыл шаруашылығы саласы алып шығатындығын атап өтті.

Естеріңізде болса, 2008 жылы әлемдік дағдарыс кезінде бірінші кезекте осы сала өсімді нәтиже көрсетті. Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін көктемгі егіс және егін орағы науқанында арзандатылған жанар-жағармай бөлу тетігі сақталады. Бүгінде біз ҚР Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай бөлу бұрынғыдай сақталатыны жөнінде келістік, – деді халық қалаулысы.

Депутат Ұ.Сәдібеков: – Мемлекет аграрлық саланың қаншалықты маңызды екенін түсініп, оны қаржыландырудың қарқыны мен мөлшерін сақтап, қолдау шараларын атқарып келеді. Атап айтсақ, агроөнеркәсіптік кешенді 2013-2020 жылдары дамытуға байланысты «Агробизнес–2020» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаға сәйкес, 2020 жылға дейін осы салаға 3 трлн. теңгеге дейін қаражат жұмсау көзделіп отыр, – деді. Оның айтуынша, агроөнеркәсіп субъектілерін мемлекеттік қолдау саясатына сәйкес, агроөнеркәсіп кешендері нысандарын қаржылық сауықтыру жұмыстары жалғасатын болады. Бұл бағытта зор мүдделіліктің бар екені ескеріліп, оның көлемі 500 млрд. теңгеге дейін жеткізіледі. «Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін және азық-түлік өнеркәсібін дамыту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл отандық тауар өндірушілерге өнім өндіру қарқынын күшейтуге, агротұтынушылар нарығында 170 млн. тұтынушыны құрайтын Бірыңғай экономикалық кеңістікте, яғни Ресей, Беларусь, Армения және келешекте Қырғызстанда да өзіндік орнын алуға жаңа мүмкіндіктер береді» дейді ол.

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз