Жарнама
Жаңалықтар

ӨНДІРІСТІ ӨҢІРДІҢ ӨРЕЛІ ІСТЕРІ

 

АТЫРАУ АСТАНАҒА ҚАРАП БОЙ ТҮЗЕЙДІ

ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникация қызметінде Атырау облысы әкімінің алғашқы баспасөз мәслихаты мұнайлы өлкенің қоғамдық-саяси өміріндегі есте қалар елеулі оқиға болды. Шара, алдымен, облыстың әр саладағы жетістіктеріне арналып, ұйымдастырылған көрмемен басталды, бейнесюжеттер арқылы болашақта жүзеге асырылар жобалар таныстырылды. Аталған көрмеде аймақтың тыныс-тіршілігі жайлы кеңінен ақпараттар берілді.
— Бұған дейін еліміздің оңтүстік және солтүстік аймақтарының әкімдерімен кездескенбіз. Ендігі кезекте еліміздің Батыс аймағында орналасқан Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовті шақырған едік. Атырау Еуропа мен Азияның түйісетін жері болғандықтан, мемлекетімізге Еуразиялық мәртебе беріп отырған өңір болып табылады. Мұнайлы аймақта ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатқаны белгілі, — деген ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникация қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев баспасөз мәслихатына сәттілік тіледі.
Алдымен, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов республикалық деңгейдегі масс-медиа өкілдеріне Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып өтті.
Ел территориясының 4,3 пайызын алып жатқан аймақ – Атырау облысында республика халқының 3,2 пайызы мекен етеді. Атырау облысының әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының айтуынша, өткен жылы аймақтың ішкі өнімі 3 трлн. 292 млрд. теңгені құрап, ол мемлекеттің ішкі өнімінің 11 пайызын құрады.
— Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Атырау облысы үлкен өнеркәсіп аймағына айналып, инвестиция көлемі де күрт өсті, — деді брифингтегі баяндамасында аймақ басшысы Б.Ізмұхамбетов. — Өңірдің ішкі өнімі өткен жылы адам басына шаққанда алты миллион теңгені құрады. Сондықтан, бұл көрсеткіш бойынша Атырау облысы өзге аймақтармен салыстырғанда алдыңғы қатарда келеді.

ӨНДІРІС КӨЛЕМІ ӨСТІ

Ағымдағы жылдың өткен сегіз айында 21 миллион тоннаға жуық мұнай, 10 миллиард текше метр ілеспе газ өндіріліп, өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіштер 11,5 және 15 пайызға өсті.
Бүкіл әлем көз тігіп, «Ғасыр жобасы» атанған «Қашаған» кеніші игерілуде. Аталған жоба әлем бойынша соңғы 40 жылдағы ең үлкен жаңалық болып табылады.
Көрініп тұрғандай, облыстың экономикалық дамуының басты көзі, негізінен, мұнай өндіру саласы болып отыр.
— Қазіргі таңда Индустрияландыру картасы аясында 1,4 трлн. теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Мұнда 4500 жұмыс орны ашылды. Жыл басынан бері аталған құжатқа тоғыз жоба енгізілді. Алдағы уақытта тағы да бес жобаны қосу жоспарымызда бар, — деді облыс әкімі.
Елбасының жуырдағы Атырау облысына сапары кезінде құны алты миллиард теңгені құрайтын ТМД-да баламасы жоқ құбырлар арматурасы зауыты іске қосылған болатын.
Облыс әкімі аймақта құрылыс индустриясының қарқынды дамуына қарамастан, бүгінгі күнге дейін облыста тұрғын үй мәселесі өзекті болып отырғандығына ерекше тоқталды. Осы мәселеге байланысты «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында үй құрылысы комбинаты жобасы жасақталуда. Келесі жылы құрылыс жұмысы басталмақшы.
— Атырау облысы – инвесторлардың шоғырланған аймағы. Бүгінгі күні облыс әлемнің елу елімен әріптестік байланыс орнатты. Аймақ территориясында шетелдік инвесторлардың қатысуымен 400 компания жұмысын жүргізуде. Мұнай-газ секторында «Тоталь», «Шеврон», «Тексако», «Эни», «Эксон Мобил», «Лукойл» және басқа да әлемдік компаниялар қызмет жасап келеді. Сонымен қатар, шикізаттық емес секторына да инвестиция тарту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанынан Инвесторларға қызмет көрсету орталығы құрылды. Ағымдағы жылдың қараша айында шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен «ATYRAU-INVEST-2013» халықаралық инвестициялық форум Атырауда өтеді, — деді облыс әкімі.

ЖАҢА ЖОБАЛАР –
ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Аймақтағы Солтүстік Каспий жобаларындағы құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты соңғы жылдары қазақстандық жұмысшылар жұмыстан босап жатыр. Бұл мәселені де тасада қалдырмаған облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов, оны шешу жолында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
Оның баяндауынша, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы, Индустрияландыру картасының жобалары, басқа да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, үлкен мекемелермен меморандумдар жасақтау арқылы облыстағы жұмыссыздық деңгейі бес пайыз көлемінде сақталды. Тек ағымдағы жылдың өзінде аймақта он мың жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың жеті мыңға жуығы – тұрақты жұмыс орны. Сонымен қатар, Теңіз кенішін кеңейту жобасы аясында облыс әкімдігі мен «Теңізшевройл» компаниясы арасында келісім жасақталып, 15 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
— «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына халықтың қызығушылығы жоғары. Бір ғана мысал айтайын, өткен жылы кәсіп етемін деушілерге Бағдарлама бойынша 700 млн.теңге шамасында шағын несие берілсе, биыл ол үш есеге өсіп, 2 млрд.теңгеден астам несие беру жоспарланып отыр. Ал, жалпы бағдарлама жүзеге аса бастаған үш жыл ішінде 15 мың адам қамтылды.
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау шараларына бөлініп отыратын қаражат көлемі де өсуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру, мүгедектердің өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында облыс әкімінің мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі тағайындалды, — деп хабарлады Бақтықожа Салахатдинұлы.
Брифинг кезінде тұрғындарды тұрғын үймен қамту мәселесі де кеңінен қозғалды. Бүгінгі күні облыста «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 2130 пәтерге негізделген 46 үйдің құрылысы жоспарлануда. Аумағы — 139 мың шаршы метр. Ал, ағымдағы жылы 1005 пәтерге негізделген 22 үй пайдалануға берілмекші. Жалпы ауданы 62 мың шаршы метрді құрайтын аталмыш нысан мыңнан астам тұрғынды пәтермен қамтымақ. Қалған 24 үй келесі жылы аяқталады.
Баспасөз мәслихатында берген есебінде Атырау облысының әкімі ұрпақ тәрбиесіне, соның ішінде, жетім балалардың жағдайына ерекше тоқталды.
Облыста жетім балалар саны азайып келе жатыр. Нақтырақ тоқталсақ, соңғы бес жылда облыстағы балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар екі есеге азайды. Сондықтан, былтыр облыста бір балалар үйі жабылды. «Жетім көрсең, жебей жүр» демекші, балаларды мемлекет қаржысына асырайтын және асырап алушы отбасылар көбейіп отырғандығы қуантады.

ӨНІММЕН ҚАМТУ – ӨЗІМІЗДЕН

Аймақ басшысы облыста мұнай-газ саласынан басқа агроөнеркәсіп кешенінің дамуы да ерекше қарқынға ие екендігіне тоқталды.
— Ағымдағы жылдың сегіз айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 23,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төрт пайызға өсті. Ал, республика бойынша облыстың ауыл шаруашылығы жалпы өнімі көлемінің үлесі 2,5 пайызды құрайды. Мал шаруашылығының үлесі — 2,7 %, егін шаруашылығының үлесі — 1,8 % — деп нақты көрсеткіштер келтірген Б.Ізмұхамбетов аймақтағы ауыл шаруашылығында жүзеге асып жатқан бірер жобаға тоқталды.
Облыста голландиялық технологиямен жабдықталған 500 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қараға арналған сүт-тауар фермасының құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысан іске қосылғанда қала халқының бір бөлігі жергілікті жерден өндірілетін сүтпен және сүт өнімдерімен қамтамасыз етілетін болады.
Бұдан бөлек, облыс аумағында асыл тұқымды ешкі фермасы салынып, биыл іске қосылмақшы. Бұл жерде облыс басшысы ешкі сүтінің емдік қасиеті ерекше екенін атап өтті.
Сонымен қатар, облыс әкімінің айтуынша, ауылшаруашылық өнімін өндіру саласында бірқатар жобалар іске асырылуда. Биыл Жайық өзені бойындағы каналдар суға толтырылды. «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы алғаш рет фьючерлік келісім-шартпен шаруашылықтарға қаржы бөлінді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыстағы картоп алқабының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 57 гектардан 940 гектарға, көкөніс алқабының көлемі 300 гектардан 1 600 гектарға ұлғайтылды. Облыста биыл өндірілген өнімдер тұрақты қорға сатылып алынды. Осылайша облыс халқын жергілікті көкөніспен арзандатылған бағаға қамтамасыз ету мүмкіндігі пайда болды.
— Ауыз су мәселесін айтар болсам, облыстағы 168 елді мекеннің 98-і (58,3 %) орталықтандырылған, ал, 55 (32,7 %) орталықтандырылмаған және 15 (9 %) елді мекен тасымалданатын сумен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда 54 сумен қамту нысанының құрылысы жүруде. Олардың ішінде 35 жоба 2011-2012 жылдардан жалғасуда, ал, 19-ы жаңадан басталды. Келесі жылы 19 су тазарту қондырғысының құрылысын салу және 71 елді мекендегі су құбырлары жүйесін жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, 2020 жылға дейін ауылдық елді мекендердің 80 пайызы таза ауыз сумен қамтылуы тиіс, — деп атап өтті облыс әкімі.

БАЛЫҚ ТА
БАСТЫ БАЙЛЫҚ

Аймақ басшысының айтуынша, балығы тайдай тулаған Атырау өлкесінде балық шаруашылығы саласына да басым назар аударылып отыр. Балық қорын қалпына келтіру жұмыстары да өз деңгейінде жүруде.
— Күні бүгін облыста 21 балық шаруашылығы ұйымы жұмыс істейді, — деді облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов. — Аймақта Еуростандартпен балық өнімдерін шығарып, Еуропа елдеріне экспорттап отырған шаруашылықтар бар. Ауыл шаруашылығындағы осындай жұмыстар арқылы ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында инфляция деңгейі 2,9 пайызды құрап, былтыр осындай кезеңмен салыстырғанда екі есеге азайды. Ал, экология саласына келер болсақ, «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде «Теңіз» кен орнында күкірт қорын тоғыз миллион тоннадан бір миллион тоннаға дейін қысқартуға қол жеткіздік. Жайық және Шарон өзендерін тереңдетіп қазу, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Азғыр полигонының да мәселесі – үнемі назарымызда.
Облыс басшысы өңірде бүлдіршіндерді балабақшамен қамту ең өзекті мәселенің бірі екендігін де жасырмады. Күні бүгін облыс бойынша мектепке дейінгі білім беретін мекемелерде 13 мыңға жуық бүлдіршін кезекте тұр екен. Қазіргі таңда облыста 1-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 55,1 пайызға, ал, 3-6 жас аралығында бүлдіршіндерді қамту — 78,1 пайызға жетіп отыр. Бақтықожа Салахатдинұлының айтуынша, өңірде он балабақша құрылысы жүруде. Оның екеуі биыл пайдалануға берілсе, қалғаны келесі жылы ашылмақшы.
Сонымен қатар, бес мектеп құрылысы жүріп жатыр. Оның біреуі биыл аяқталуы тиіс. Облыс әкімі жуырда Назарбаев зияткерлік мектебі ашылғанын, өткен оқу жылы бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы және студенттерге тағайындалған гранттар, оқушылардың ыстық тағаммен қамтылуы жөнінде ақпараттар берді.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Атырау облысының денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат көлемі екі есеге артқан. Мәселен, соңғы үш жылда сегіз денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы бес нысанның құрылысы аяқталуы тиіс. Аймақ басшысының айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаны тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде демографиялық көрсеткіш жақсарды. Соңғы үш жылда жалпы өлім көрсеткіші 6,6 пайызға төмендеп, туу көрсеткіші 2,5 пайызға өсті.
Облыстағы мәдениет, спорт және жастар саясаты салаларында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндай келе, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов орталықтан түскен тапсырмалар мен облыс тұрғындарының тілегінен туындаған сұрақтар облыста рет-ретімен шешіліп жатқанын айтты.

ТОЛҒАНДЫРАР
СҰРАҚТАР КӨП БОЛДЫ

Облыс әкімінің есебінен соң журналистер толғандырған сұрақтарын қоюға көшті.
– Журналистерге арнап аймақ басшыларының баспасөз мәслихатын ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – есеп беру емес, бұқара мен жергілікті атқарушы билік арасындағы байланысты орнату, — деп атап өтті Алтай Әбибуллаев.
Республикалық масс-медиа өкілдері тарапынан түскен сұрақтардың басым бөлігі «Қашаған» кен орнының игерілуі, экология, діни экстремизм және сыбайлас жемқорлық мәселелеріне қатысты болды. Тұрғындар мен қазақстандық мұнайшылардың әлеуеті қалай қорғалуда, денсаулық, білім беру, ел экономикасының басты көзі — мұнай-газ саласы, тұрғын үй мәселелері қалай шешілуде? «Қашаған» кен орнынан газдың кеткені жөніндегі ақпарат рас па?» және тағы басқа бағыттағы сұрақтарға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов толыққанды жауап берді.
Ең алғашқы болып түскен сұрақ сыбайлас жемқорлық мәселесі бағытында болды. «Сіз облыс үшін өте қиын кезеңде сол өңірге әкім болып тағайындалдыңыз. Облыс бюджетінен қыруар ақша қолды болып, көптеген құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Қазір бұл мәселе қаншалықты шешіліп жатыр?» деген мазмұндағы журналистің сұрағына облыс әкімі тергеу ісімен қазіргі кезде ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігінің арнайы тергеу тобы айналысып жатқандықтан, бұл сұрақ жергілікті атқарушы биліктің кұзырына кірмейтінін айта келе, Атырау облысына әкім болып тағайындалған кезде әртүрлі себептер бойынша маңызы бар 45 нысанның құрылысы тоқтағандығын жеткізді. Облыстық әкімдік бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырып, 15 нысан қайта қаржыландырылды. Нысандардың жобалық-сметалық құжаттары тексерілді. Жергілікті бюджеттен он нысан, сондай-ақ, республикалық бюджеттен бес нысан қайта қаржыландырылған.
«24 kz» арнасы журналисінің қойған сұрағы экология мәселесін қозғап, ауаға тараған күкірт жөнінде болды.
— Экологияны сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. «Теңізшевройл» ЖШС-інен келетін инвестиция – ең негізгі инвестициямыз. Ашық жатқан күкірт үлкен көлемде болды, қазір ол мәселе шешілді. Болашақта «Қашаған» кен орны толық іске қосылуы керек. Бұл кезде де күкірттің проблемасы туындайды. Сондықтан, қазірден бастап күкіртті қиыршық және түйіршік күйінде дайындап, сақтап, оны мезгілінде жөнелтуді қарастырып отырмыз. Қазір облыс халқына қауіп төндіретіндей мәселе жоқ, — деп жауап берді облыс әкімі.
Сонымен қатар, осы ретте «Қашаған» кен орнында апат болды» деген ақпараттың қаншалықты рас екендігіне көз жеткізгісі келген «Интерфакс» агенттігі тілшісіне облыс басшысы «Қашағанда» апаттық жағдай болмағандығын, ұңғының ішіндегі жағдайларға байланысты жұмыс уақытша тоқтағандығын және бұл жағдай «Д» аралында жүріп жатқан жұмыстарға еш әсер етпегендігін, тұрбаның газ кеткен орны анықталғандығын жеткізді.
Ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін жергілікті жерде жаңа басқару жүйесі еніп жатыр. Осыған сәйкес демократияландыруға арналған бұл қадам ел басқару, ауылды жақсартуға қаншалықты үлес қоса алатынына да журналистер облыс басшысының пікірін білуді жөн көрді.
Бұл – ел басқару ісіндегі халықтық демократияның бір көрінісі екендігін баса айтқан Бақтықожа Ізмұхамбетов Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен іске асқан ауыл әкімдерін сайлау Атырау облысында да сәтті өткендігін жеткізді. Жуырда 72 ауылдық округ әкімдері төрт күндік семинардан оқып, білімдерін жетілдірген. Елбасының тапсырмаларын орындап, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту барлық әкімге ортақ талап екендігін баса айтқан аймақ басшысы әр әкім де сол ауылдан шыққан жоғары білімді, тәжірибелі қызметкер екендігін мәлімдеді.
Биылғы оқу жылында Атыраудағы бірнеше мектеп соттың шешімімен жабылуға тиісті болғанмен, әлі жұмыс жасауда. Осы мәселенің себебін сұраған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне былай жауап берілді:
— Бұл мектептерде бұған дейін өрт болған кезде дабыл беретін қондырғылар орнатылмаған. Сондықтан, сот қауіпсіздік шарасының бірі ретінде дабылқаққыш орнатуды талап етіп, уақытша жаптырды. Жазда бюджеттен 50 миллион теңге бөлініп, қажет деген мектептерге дабылқаққыштар орнатылып бола келді. Қазір еш алаңсыз білім беріліп жатыр, — деп облыс әкімі мәселенің мәнін ашып берді.
Баспасөз мәслихаты барысында Атыраудағы кейбір мұнай компанияларындағы бірдей қызметті атқаратын қазақстандық жұмысшылар мен шетелдік мамандардың жалақысындағы айырмашылық, еңбекақы көлемін теңестіру мәселесі де сөз болды.
Бұл бағытта облыстық әкімдік тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндаған облыс әкімі облыстық мемлекеттік еңбек инспекция басқармасымен және облыстық прокуратурамен үстіміздегі жылдың ақпан-наурыз айларында облыстағы 25 шетелдік және шетелдіктің қатысы бар компанияларда жоспардан тыс бірлескен тексерістер жүргізілгендігін, олардың қорытындысы бойынша тоғыз компанияда жалақы айырмашылығы анықталғандығын хабарлады. Компаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Былтыр Атырауда орын алған екі жарылыс салдары, өңірдегі діни ахуал мәселесі де журналистер тарапынан қойылған сұрақтардың бірі болды.
«Мен былтыр Атырау облысына әкім болып келгеннен кейін аймақтағы діни ахуалдың күрделілігін ескере отырып, алдымен, осы мәселеге ерекше көңіл бөлдім. Алдымен, діни ахуалды тұрақтандыруға облыстағы барлық мемлекеттік органдарды жұмылдырдық. Бұл жұмыстарға ірі мұнай саласының мекемелері де, мектептер де атсалысты. Бүгінде барлық мекеме жұмыс жоспары бойынша қызмет етуде, — деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы. — Екіншіден, біз бұл мәселені шешуге қоғамды тарттық. Бұрын облыста сегіз ақпараттық-насихат топ болған болса, бүгінде олардың саны 86-ға көбейді. Атырау қаласы мен аудандарды айтпағанда, барлық ауылдық округтер мен шағын елді мекендерде осындай топтар жұмыс жасауда.
Үшіншіден,біз аймаққа жоғары білікті теолог-мамандарды шақырдық. Олар жүргізіп жатқан түсінік жұмыстары өз нәтижесін бере бастады. Сондай-ақ, облыстағы діни кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында қалалық және аудандық мешіттерге «скайп» бағдарламасы бар монитор орнатылып, барлық мешіт жамағаттарына теологтардың уағыздары мен дәрістері жүргізілуде. Облыс имамдарын тұрғын үймен, қызметтік көлікпен және жалақымен қамтамасыз етудеміз.
Сонымен қатар, облыстық Дін істері басқармасының ұсынысымен «Ақпараттық талдау бөлімі» құрылды. Ол дін мәселесіне қатысты ақпараттық-талдау жұмыстарымен және әлеуметтік зерттеулермен айналысатын болады. Сондай-ақ, «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге консультациялық кеңес беру орталығы» қоғамдық қоры жұмыс жасауда.
Атырау облысы әкімдігі мен ҚР Дін істері агенттігі бірлесе отырып, жыл басынан бері тұрғындарды діни экстремизм мен радикализмнен сақтандырып, жастардың діни сауатын арттыратын және отансүйгіштікке үндейтін 40 мыңнан астам адамды қамтыған әртүрлі пішіндегі 300-ден аса іс-шара ұйымдастырылды» — деп өңірдің діни жағдайын жан-жақты баян етті облыс басшысы.

ӨТКЕНСІЗ
БОЛАШАҚ ЖОҚ

Атырау облысы әкімімен кездесіп, сауалдарын қойғандардың ішінде жазушы, қоғам қайраткері Мереке Құлкенов те болды. Биыл Қазақстан тарихын қайта қарау жөнінде үлкен бағдарлама жасалып жатқандығын айта келе, ол өзі туып-өскен Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылында XV ғасырда болған он шақты қаланың іздері жатырғанын айтты. Кезінде бұл жөнінде тұжырымдар жасалған, ал, қазір жабулы қазан жабулы күйінде тұрғандығын жеткізді.
Облыста тарих пен археология бағытындағы жұмыстардың тым көптігін атап өткен Б.Ізмұхамбетов биыл өлке тарихын тереңірек зерттеуді дамыту мақсатында «Тарих және археология орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын ашу жоспарлануда екендігін жеткізді. Бұл кәсіпорын ескі қалалардың орнын зерттеумен айналысатын болады», — деп облыс әкімі өңірдің мәдени, тарихи, рухани өміріне үлкен серпін беретін жаңа бастамадан хабардар етті.
— Атырау облыстық тексеру комиссиясының берген мәліметіне сүйенсек, өңірдегі 10 денсаулық сақтау мекемесінде жалпы құны 185 миллионнан астам теңгені құрайтын медициналық құрал-жабдық жұмыс жасамай тұр. Бұл мәселе қазіргі күні қалай шешіліп жатыр? — деп, маңызды сұрақ қоя білген «24 kz» арнасының журналисіне облыс әкімі: «Иә, мұндай жағдай болғаны рас. Кейбір құрал-жабдыққа қажетті жеке элементтер жетіспеді. Оларды пайдалануға беруге тыйым салынды. Бүгінгі күні бұл жабдықтардың бәрі іске қосылды. Жеткіліксіз мамандар арнайы шақыртумен келіп, кадр мәселесі де шешілді», деп жауап берді.

ТҮЙІН
Сұхбат түрінде өткен баспасөз мәслихаты барысында бүгінгі күні облысымыз үшін бұдан басқа да өткір тұрған проблемалар кеңінен қаузалып, өңір басшысы тарапынан көкейкесті сауалдарға тұшымды жауаптар берілді.
Брифингті қорытындылаған ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне алғысын білдіріп, 4 қазан күні өтетін келесі баспасөз мәслихатына Павлодар облысының әкімі Ерлан Мұхтарұлы Арын шақырылғандығын хабарлады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.
Атырау — Астана — Атырау.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button