Жарнама
Жаңалықтар

NCPOC ЖАҢА БАСШЫСЫН ТАНЫСТЫРДЫ

Кездесуді аймақ басшысы қонақтарға «қош келдіңіз!» айтумен бастады. Алдымен сөз алған Ханс Беккер өзі қызмет атқарған бес жыл ішінде жобамен қатар Атырау қаласы да адам танымастай өзгергендігін атап айтты. Осы уақыт аралығында жергілікті атқарушы билікпен, тұрғындармен біте қайнаса жұмыс істегендігін жеткізген ол жобадан өнім алынар сәтте қызметінен ауысқанына қиналысын білдірді:
— Мен осы бес жыл бойы бірегей әрі ірі жобаны басқаруда талай маңызды кезеңдерді бастан кешірдім. Кейбір проблемалық мәселелер болғаны өзіңізге мәлім. Бұл – менің Атырау облысында, жалпы өндірісте ұзақ еңбек еткен мерзімім. Дегенмен, жоба барысында қызметкерлермен жақсы тіл табысып, ортақ мақсат үшін аянбай еңбек еттім,-деген Ханс Беккер екі ай бойы орынбасары Арьян Ван Дайкпен тығыз жұмыс істеп, қолдан келгенше шаруаны тиімді басқаруға үйреткенін атап өтті. Тиісінше, жаңа басқарушы директор да жұмысты сол лекпен атқаратынына сендірді.
Мұнайлы өлке басшысы әрі әріптес ретінде Бақтықожа Ізмұхамбетов белгіленген мерзімде Қазақстанның ірі жобасының дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін Х.Беккерге шынайы алғысын білдірді.
— Облыс әкімі болып тағайындалғанға дейін біз бірігіп жұмыс істедік. Осы кезде сіздің салада мол тәжірибеңіз, беделіңіз бар екендігін байқадық. Бірнеше рет маңызды мәселелерді шештік.
Қашағанда жұмыс басталған 2000 жылдан бері түрлі кезең бойынша қызмет еттік. Енді, міне, бүкіл әлем жобаның іске қосылуын асыға күтіп отыр. Сіз қай елде, мекемеде жұмыс істесеңіз де, өзіңіздің кәсіби біліктілігіңізді көрсететініңізге сенімдімін. Алдағы уақытта Атырау аймағына оралып, ісіңіздің нәтижесін көріңіз,-дей келе, аймақ басшысы Арьян Ван Дайк мырзаның қызметіне сәттілік тіледі. Кездесуде бұдан басқа да мәселелер талқыланды.

Айбөпе САБЫРОВА.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button