«Назарбаев Зияткерлік мектептері» республикалық телеарналардағы бейнесабақтарды дайындауда
Atr.kz/6 сәуір, 2020 жыл. Бүгін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ң баспасөз қызметі қашықтықта оқытуды ұйымдастырудың ерекшеліктері жөнінде мәлімдеме жасады.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің педагогтары тәжірибе тарату аясында жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері және басшыларына қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша әдістемелік көмек көрсетуді жалғастыруда.
Бір апта ішінде (30 наурыздан 5 сәуірге дейін) педагогикалық шеберлік Орталығы 6500 мұғалімнің қатысуымен 115 вебинар өткізді, 24000-нан астам ұстазға 600-ге жуық жеке және топтық консультациялар ұйымдастырылды. Ал 19 наурызда өткен «Қашықтан оқытуды ұйымдастырудың ерекшеліктері» атты алғашқы вебинар 80 000-нан астам мұғалімді жинады.
Сабақты жоспарлау, әртүрлі ақпараттық ресурстарды қолдану арқылы оқушыларға сараланған тапсырмаларды әзірлеу және кері байланыс беру әдістері тақырыптары көптің қызығушылығын тудырды.
Сондай-ақ педагогикалық шеберлік Орталығы қашықтан оқытуды ұйымдастыру туралы оқытушыларға, оқушыларға және олардың ата-аналарына арналған бірқатар бейнеролик жасады.
Қашықтан оқытуға көшу кезеңінде Назарбаев Зияткерлік мектептері қызметкерлерінің білім мазмұнын жаңарту аясында әдістемелік қолдау көрсету үшін құрған жүйелік-әдістемелік кешен сияқты ақпараттық ресурсқа сұраныс артты. Ашық онлайн-платформа (http://smk.edi.kz) оқу процесін ұйымдастырудың әдістемелік негізі болып саналатын көптеген оқу материалын қамтиды.
Бүгінгі күні ЖӘК-де 341 000-нан астам қолданушы тіркелген, 2020 жылдың 3 сәуірінде 60,5 миллион материал жүктелген. Порталда Назарбаев Зияткерлік мектептері мұғалімдері кәсіби кеңестерін ұсынатын «Пікірталас алаңы» құрылды.
Назарбаев Зияткерлік Мектептері мен Білім Беру Бағдарламалары Орталығының қызметкерлері «Balapan және «El Arna» республикалық телеарналарындағы бейнероликтерді дайындау және түсіру жұмыстарына белсенді қатысуда.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы қашықтан оқытуға көшу кезеңінде мұғалімдерді әдістемелік қолдау бойынша ауқымды жұмыстарды жалғастырады.
Әнуар ЖАМАНҚҰЛОВ,
баспасөз өкілі