Назарбаев моделі: Стратегиялық жоспарлау және прагматизм
Қазақстанның қалыптасуы мен табысты дамуында Елбасының стратегиялық жоспарларының маңызы зор. Президент Кеңестер Үкіметінің құрсауынан жаңа ғана шығып, тәуелсіздікті жариялағанмен, экономикасы тұралаған, әлі шекарасы бекемделмеген, ұлттық валютасы да жоқ, 1992 жылы әлемдік шетел инвесторын сендіріп, елімізге инвестиция тартуы, жоқтан бар жасап, орындалмас арманды орындатуы шын мәнінде ерлік емес пе?!
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі ғылыми—білім беру және мәдени ағартушылық көрмесінің Атырауда ашылуына келген кітапхана директорының орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов бұл туралы ой—толғанысын ұсынған еді.
Қазақстан экономикасын көтеруде Мемлекет басшысының көрегендігі мен батылдығы арқасында Теңіз кен орнын игеру мақсатында «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылып, оның тек Атырау облысы емес, жалпы ел үшін мол үлес қосқанын айту маңызды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары әлі тәуелсіздігін жариялап үлгермеген жас мемлекетіміздің беделін әлемдік деңгейде көтерген Елбасының тағы бір стратегиялық шешімі бар. Ол – осыдан 27 жыл бұрын, 1991 жылғы 29 тамызда Мемлекет басшысының Жарлығымен жер бетіндегі ең үлкен ядролық сынақ алаңдарының бірі – Семей полигонының жабылуы. Қырық жыл бойы 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалған полигонның үні біржола өшті. Осы арада Семей полигоны тәрізді Атырау тұрғындарына қасірет әкелген Азғыр, Тайсойған полигондарын жабу үшін Президентіміздің күш-жігері қажет болғаны анық.
Осылайша, Ұлт Көшбасшысының батылдығының нәтижесінде халқымыз тәуелсіздік таңы атар сәтте бейбітшілік жолын таңдайтынын барша әлемге паш етті. Қазақстанның бұл бағыттағы сан жылдық ерік-жігері Елбасы ұсынған «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде көрініс тапты.
Өткен 2017 жыл тәуелсіз Қазақстан тарихында еліміз үшін ерекше жыл болды. Өйткені, Елбасы экономикалық, саяси және рухани жаңғыруды жария етті. Қазақ елі Елбасы бастамаларын толық қолдап, іске асыруға кірісіп кетті. Осы арада жалпы халқымыз, оның ішінде жастарымыз үшін аса маңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының да орны бөлек. Сондай-ақ, бұл құжаттың заңды жалғасы болған кешегі «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламасының маңызы зор. Елбасымыз өзінің мақаласында ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс екенін тайға таңба басқандай анықтап берді.
Қазақ елінің әр өңірі — қымбат. Әсіресе, Атырау – ел экономикасын дамытуға өнеркәсібімен мол үлес қосып келе жатқан өңір ғана емес, ұлтымызға үлгі боларлық талай тарихи тұлғаларға тұғыр болған өлке. Бұл өңір ежелден тамылжыта шырқаған жезтаңдай жыраулар мен ақындардың, әсем ән мен жан дүниені тебіренткен күй мен жырдың мекені, ою-өрнектің, зергерліктің шынайы шеберлерінің үлкен бір ұясы. Күй өнері – қазақ халқының асыл мұрасы. Ол тарих тереңінде саф алтындай сақталып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Құрманғазы мен Динаның күй өнері атадан әкеге, әкеден балаға жалғасып келе жатыр. Осыған орай, Елбасымыздың қазақтың тарихында алғаш рет Ұлттық домбыра күнін жариялап, домбыраның қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл болмыс-бітімі екенін паш етіп, оны жаңғыртуды алға қоюы да қазақ еліне жанашырлығы екені даусыз.
Міне, елде атқарылған осынау істер Мемлекет басшысын біріншіден, әлемдік деңгейдегі жасампаз тұлға екенін айғақтайды. Екіншіден, ол – алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик, әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлікті нығайтып, дамуды тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді игерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық жан.
Президенттің осынау қырлары өткен жылы тұсауы кесілген «Назарбаев моделі» атты кітапта да кеңінен қамтылды. Жаңа үлгімен, көзқараспен ерекшеленетін бұл кітапта еліміздің ширек ғасырдағы мемлекеттік құрылысына басқарушылық талдау жүргізуге талпыныс жасалды. Авторлар атқарылған жұмыстардың нәтижесін Елбасы моделіне балады. Елбасының есімін ұлықтауда осындай тақырыппен халықаралық конференция да ұйымдастырылды. Мұнда Назарбаев моделінің қалай қаланғаны, қысқа мерзімде еліміздің бой түзеп, жетістікке қалай жеткені туралы кеңінен айтылды. Елбасы күн сайын шетелдерге шығып, әртүрлі кездесу өткізіп жатады. Мұның бәрі – Мемлекет басшысының озық идеяларының жемісі. Ендігі уақытта осы жұмыстарды барша қазақстандықтарға, жастарға үлгі ету – біздің мақсатымыз. Осы тұрғыда бүгінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында атқарылып жатқан жұмыс аз емес.
Ұлт Көшбасшысының болмысын айқындайтын қасиеттерді бағыт-бағдар ретінде үлгі тұтқан әрбір азамат өмірде биік белестерге жетері сөзсіз. Олай болса, қазіргі заманғы қоғамдық мәдениеттің қалыптасуына, патриоттық тәрбиеге, ұлттық мәдени-генетикалық кодты сақтаудың, ұлттық бірегейлікті нығайтудың өзегіне айналар Елбасы бастамаларын жүзеге асыруда әрқайсымыздың үлес қосуымыз маңызды.
Елбасының атап айтқаны…
Бүгін біз Атырау мұнай өңдеу зауытының қайтадан түлеу оқиғасының куәгері болып отырмыз. Қазақстан индустриясының қарлығашы – Атырау мұнай өңдеу зауытына 1994 жылы Жапонияға барған сапарымда ұзақ мерзімді мемлекеттік несие есебінде 300 миллион доллар қаржы алуға келісім жасаған болатынмын. Бұрыннан да ел экономикасына қызмет жасап тұрған зауыттың жаңа өмірі басталды. Ең қиын кезеңнің өзінде де бұл зауыт тоқтаусыз жұмыс істеп, өз өнімдерін беріп тұрды. Бұдан былай зауытты қайта жаңалаудан кейін енді автокөлік жанар жағармайы өндірісі 2,5 есе артады. Жоғары октанды жанармай өндіру 9 есе өседі. Ең бастысы, атмосфераны ластау
3 есеге төмендейді. Ал, суды ластау деңгейі 130 есе азаяды. Осы кезге дейін аймақтағы су көздерін негізінен ластайтын АтМӨЗ екенін айтсақ, енді табиғатты қорғауға қаншалықты жағдай туғызылғанын және аңғаруға болады.
11 мамыр, 2006 жыл.