АСТАНА – АРМАН ҚАЛА

Облыс  ардагерлері  Елорда тынысмен  танысып,  саяхаттап  қайтты

Астана – елдің жүрегі, халықтың тірегі. Ол азғана уақытта әлемдегі көркем қалалардың біріне айналып келеді. «ЭХPO-2017» халықаралық көрмесі оның айбынын одан әрі арттыра түспек. Міне, таяуда атыраулық 22 ардагер осы өзгерістердің куәсі болды.
Бүгінгі бейбіт тіршілігімізде, еліміздің тұрақтылығында, алға қарай нық басып дамуында, сөз жоқ, ардагерлердің үлесі басым. Сондықтан, қоғамда қазыналы қарттарға құрмет көрсету – қашаннан бар үрдіс. Олардың бүгінгі қоғамдағы орнын жоғары бағалаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен бір топ Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері арман қала - Астанаға барып, қаланың көрікті жерлерін, ғимараттарын аралап, тыныс-тіршілігімен танысты.

 

«БӘЙТЕРЕК» – ЕЛДІГІМІЗДІҢ СИМВОЛЫ

Бұл игі шара «Қамқорлық айлығы» аясында облыс әкімдігі мен облыстық ардагерлер ұйымының бірлесуімен ұйымдастырылған болатын.
Астана сәулетті, көрікті қала. Атыраулық ардагерлер Елордаға жетіп, қонақүйге орналасқан соң, ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясынан туындап, қазір қаланың көркін асырып тұрған «Астана-Бәйтерек» монументіне барды.
Алып ғимараттың гид-экскурсоводы Индира Іздебаеваның айтуынша, «Астана-Бәйтерек» монументі өзінің орналасуы және композициясы жағынан көшпенділердің ғаламдық жаратылыс, сонымен бірге, дүниенің тоғысуындағы әлемдік өзен жайындағы көзқарасты бейнелейді. Бәйтерек – әлемде кеңінен тараған зор мағыналы мифологиялық тұжырымдаманың бірі, «өмір ағашы» деген киелі ұғымды білдіреді.
– «Астана-Бәйтерек» монументінің ең биігінде орналасқан тайқазан, оның әсем ұлттық нақыштармен безендірілуі еліміздің тарихи тамырларын, Елбасымыздың оң қолының бедері негізінде жасалған «Аялы алақан» көркемдік композициясы қазақ халқының жаңа кезеңге жасаған қадамын, қонақжайлылығын бейнелейді, – дейді И.Іздебаева. – Бұл ғимараттың биіктігі-105 метр, яғни, тәуелсіз мемлекеттің жаңа астанаға көшкен 1997 жылмен байланыстырылған. Ғимарат төбесіндегі шар итальяндық әйнектен жасалған, қалыңдығы-бес сантиметр, жалпы салмағы -1500 тонна. Сонымен қатар, «Ақ бата» столы да ерекше мәнге ие. Мұнда 2003 жылы діни басшылардың Дүниежүзілік форумы кезінде дін басыларының батасы жазылған. «Бәйтерекке» күніне шамамен мыңға жуық адам келеді.
Алыстан көздің жауын алып, аймаққа ерекше сән келтіріп тұрған ғимаратты аралаған ардагерлер үлкен әсерге кенелді.
– Бұл сапарымыз оңынан болып, үлкен қызыққа бөленіп жатырмыз, – дейді болған заң саласының ардагері, махамбеттік Социал Қабдолов. – Бұрын-соңды Елордаға келу мүмкіндігі тумаған еді, осы жолы алғаш рет көріп отырмын. Мен үшін бұл – үлкен бақыт. Шын мәнінде, жас қала болғанымен, аз уақыт ішінде көркем сәулетті аймаққа айналған. Облыс әкімінің қолдауымен біздерге – ардагерлерге сапарымызды сәтті өткізу мақсатында барлық жағдай жасалған. Алғысымыз шексіз.
Ал, Астанаға келген атыраулық ардагерлер қатарында болған Боранбай Атыраубаев Елордада бұрын болғанымен, Бас қаланың символы саналатын «Астана-Бәйтерек» монументіне алғаш рет табан тіреп тұр екен. Ол Елбасының оң қолының бедері негізінде жасалған «Аялы алақан» композициясына қолын салғанда еліміздің амандығын, Астанамыздың бұдан әрі көркейе беруін тілеген екен.

«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІ ҚАСИЕТТІЛІГІМЕН
ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ

Кейін атыраулық ардагерлер делегациясы өткен жылы Астана күніне ашылған рухани орда – «Әзірет Сұлтан» мешітінде болып, құран оқыды. Естеріңізге сала кетсек, Орта Азиядағы ең үлкен мешіттердің бірі саналатын аталмыш мешіт өткен жылы қасиетті жұма күні ашылған болатын. Жалпы сыйымдылығы он мың адамды құрайды. Ортасындағы күмбезі – 51 метр болса, төрт мұнарасының биіктігі – 77 метр.
VIII ғасырда көне исламдық қолжазба жәдігерінің нақты көшірмесі «Осман құранының» сынамалы күмістен жасалған нұсқасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мешіттің ашылу салтанатына тарту еткен. Құран мешіт қабырғасынан орын тапқан. Сондай-ақ, Онтүстік Қазақстанда сақталған қасиетті көне Құранның қолжазба нұсқасы да осы мешітте сақтаулы. Қолжазба шамамен XVIII ғасырдың 30-ыншы жылдарында жазылған.
Әзірет Сұлтан мешітінде болған ардагерлер Астананың одан әрі өркендеуін, қанатын кеңге жаюын бір Алладан тіледі.

БЕЙБІТШІЛІК – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ

Қазақ халқы бірлік пен татулықты Ту етіп ұстауды дәстүрге айналдырды. 2006 жылы Бейбітшілік және келісім сарайы ашылып, мұнда дүниежүзінің дін басылары әр үш жыл сайын бас қосып тұрады. Былтыр мамыр айында IV дүниежүзілік форум өткізілген болатын. Және Қазақстан халқы Ассамблеясының да съездері осы ғимаратта өтіп тұрады.
Атыраулық топ 1325 орындық опера және балет классикалық залын тамашалап, конференц залында болды.
Пирамида пішіндес ғимараттың басты элементі күмбезі болып табылады. Сарайдың аспан түстес күмбезінде 130 көгершіннің бейнесі көрініс тапқан. Бұл еліміздегі 130 ұлттың бір аспанның астында тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын аңғартса керек. Сондай-ақ, «Пирамиданың» лифтілері де ерекше. Өзге ғимараттардағыдай тіке бағытта жүрмейтін лифтілер Швейцариядан арнайы жасалған. Мұндай лифтілер әлемде тек үш қалада бар екен: Лас Вегас, Париж (Эйфель мұнарасы – ред.) және Астана қалаларында.
Астанаға келген ардагерлер қатарында теміржол саласының және Ұлы Отан соғысының ардагері Еспол Оңайбаев та болды. 1940 жылы 20 жасында майданға аттанып, Украина жерінде жауға қарсы соғысты. Отанға 17 жылдан кейін оралған ардагер ең басты құндылық – ашық аспан, бейбіт күн деп бағалайды. Астанаға екінші рет келіп отырған Ұлы Отан соғысының ардагері Бас қаланың бүгінгі сән-салтанатына ерекше тәнті болды.
– Жыл сайынғы мерекелерде аймақ басшылары ұмыт қалдырмай, үйімізге арнайы келіп, құттықтап, жағдайымызды сұрасып-білісіп жатады. Бұл да біздің Отанды жаудан құтқаруға қосқан үлесімізді бағалаудың бір көрінісі деп білемін. Жан-жақты қамқорлықты сезінудеміз. Ардагерлік алғысымды білдіремін. Бейбітшілік және келісім сарайында достық пен ынтымақтастықтың лебі еседі. Біріккен күштің арқасында зұлмат соғыс жылдарында жауды жеңдік. Аспанды қара бұлт енді торламасын, бейбіт күндеріміз жалғаса берсін, – деді ол.

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ МУЗЕЙІ

«Ханшатыр» сауда-ойын- сауық кешенін аралап, Жәнібек пен Керей ханның ескерткішінің алдында естелік суретке түскен соң, ардагерлер қаланың оң жақ жағалауындағы ҚР Тұңғыш Президентінің музейіне жол тартты.
Мұражай қызметкері Арайлым Жүнісова 1997-2004 жылдар аралығындағы Елбасының Ақмола қаласындағы резиденциясымен таныстырды.
1997 жылы салынған ғимарат төрт қабаттан тұрады. Аумағы 1200 шаршы метрді құрайды. Мұнда Елбасы мен қызметкерлердің жұмыс кабинеттері орналасқан.
Мұражайдың күміс залында Елбасына тапсырылған марапаттармен сенім грамоталары жинақталған. Сондай-ақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа 30 елден келген ең жоғарғы мемлекеттік наградаларын да осы залдан көруге болады. Мұның ішінде көбі екіжақты байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін берілген болатын. Атап айтсақ, «Әулие Апостол Первозванный» атындағы Ресей мемлекеттік орденің негізін 1698 жылы Петр І қалаған болатын. Алайда, 1937 жылы Ресейдің наградалар жүйесі таратылып, 1993 жылы қайтадан қалпына келтірілген кезде Ресейдің тұңғыш Президенті Борис Ельцин ҚР Президенті Н.Назарбаевқа табыс етті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы аталған награданы алған ІІІ кавалер болып табылады.
Сонымен қатар, дүниежүзінде ең алғашқылардың бірі болып ядролық қарудан бас тартуды қолға алған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Әулие Михаил және Әулие Георгий» орденінің үлкен кресі тапсырылған. Бұған қоса, «Үлкен лентадағы хризантема» ордені, «Ұлы Бадр алқасы» және тағы басқалары да Елбасына табыс етілген наградалар қатарында орын алған.
– Мұражайдың «Қарулар коллекциясы» қауіпсіздік кеңестерінің залында бұрын Елбасының төрағалық етуімен ҚР Қауіпсіздік кеңесінің мәжілістері өткізілген. Мұнда Елбасына шет мемлекеттердің басшылары, министрліктер мен ұйымдар жетекшілерінің және т.б. тарту еткен қарулар коллекциясы орналасқан. Бұл алдағы ең басты санайтын құндылығымыз – Абылай ханның қылышының бөлігі. Сонымен қатар, қазақ сарбазы, кавказ жігіттері мен араб әскерлерінің сауыт-саймандары, ат әбзелдері қойылған, – деді залды таныстырған Арайлым Жүнісова.
Ардагерлер аталған мұражайды аралай жүріп, әсіресе, Елбасының жұмыс кабинетінен ерекше сезімге бөленіп шықты. Кабинеттің интерьері өте бай. Кабинет қабырғалары қазақы ою-өрнектермен көмкеріліп, алтынмен әшекейленген. Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі тек тәуелсіз Қазақстан тарихымен ғана байланысты емес, сонымен қатар, президенттік институт тарихы да тұңғыш Президенттен бастау алды. Елбасының президенттік институтының атрибуттары, ҚР Ата Заңы. Елбасының блокноттары, қол қойған құжаттары, қаламсабы және Президенттің жеті жыл қызмет еткен жұмыс үстелі де дәл сол күйінде сақталған. Арайлым Жүнісованың айтуынша, осы уақыт аралығында бұл кабинетке ешқандай өзгерту, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

АРДАГЕРЛЕР ДЕПУТАТТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Мемлекетіміздің Заңдары қабылданатын, талқыға түсетін, жалпы еліміздің болашағы айқындалатын орындарда болу – әр азаматтың арманы десек артық айтқандық емес. Астанаға ат басын тіреген атыраулық ардагерлерге бұл бақ бұйырып, ҚР Парламенті Мәжілісінің және Сенатының депутаттарымен кездесіп, пленарлық мәжіліс өтетін залдарын, мұражайды аралады, депутаттардың қызмет орындарымен танысты. Атыраулық ел ағаларын қабылдаған ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев Парламент меценатының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
– Парламент Сенатының қатарында беделді, білгір, халыққа жақын көптеген мәселелерді көтеретін азаматтардың ішінде жерлестеріңіз Сәрсенбай Құрманұлы да бар, – деді Асқар Асанұлы кездесуді ұйымдастырған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновке алғысын білдіріп. – Парламенттің басты қызметі – Заң қабылдау. Қабылданған Заңдардың барлығы, Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясынан туындайтын мәселелерді орындауға бағытталуда.
Сонымен қатар, Асқан Бейсенбаевтың айтуынша, қазір көші-қон мәселесіне байланысты Заң қаралып жатыр. Бұған қоса, Қазақстанның сыртқы аренадағы үлкен жетістігінің бірі – «ЕXPO-2017» көрмесіне байланысты көптеген заңдар қаралу үстінде. Бұл – Парламенттің қазіргі таңда қолға алып жатқан үлкен жұмыстарының бірі.
– Үлкендерді қадірлеу – басты парызымыз. Еліміздің бүгінгі күнгі қол жеткізген табысы, ең біріншіден, аға буын өкілдерінің үлесінде. Сондықтан, сіздерге тағзым етеміз. Осы ардагерлер ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқан 94 жасар Еспол Оңайбаев ағамыз да бар екен. Сіздің жанкешті ерлігіңіз жас буынға үлгі. Сол сұрапыл соғыс жылдарында атыраулықтар ерекше ерлік пен табандылық көрсетті. 42 мың жас соғысқа аттанып, соның 17 мыңы қан майданнан оралмаған. Отан үшін, келесі ұрпақ үшін жанын берді. Бұл – үлкен ерліктің белгісі. Бүгінгі бейбіт күнді ата-бабаларымыз армандап кетті. Қазір Қазақстан қарыштап дамып, үлкен дәрежеге қол жеткізуде. Мұнда қиын-қыстау кезінде еңбек еткен ардагерлердің еңбегі өлшеусіз, – деді вице-спикер.
Ардагерлерді қабылдауға, «қош келдіңіз» айтуға уақыт тапқан Асқар Асанұлына алғысын білдірген облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Қатимолла Ризуанов ардагерлердің қай-қайсысы да Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясын қолдайтынын, өңірдің, мемлекеттің дамуына қосқан үлестері сүбелі екендігін жеткізді.
Сонымен қатар, облыста ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған аталған сала ардагері Мұрат Ищанов бензин бағасының өсуі, жастардың жұмыссыздық мәселелерін көтерді.
– Бүгін Қазақстан өзінің дамуының жаңа сатысында тұр, – деді сенатор Сәрсенбай Еңсегенов. – Негізгі атқарылатын жұмыстар Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында айқын көрсетілген. Осы стратегияда Президентіміз мемлекеттің алдында тұрған басты бағыттарды анықтай келе, бүгінгі Қазақстанның үш буын ұрпағына сөз арнады. Соның ішінде, аға буын ұрпақтың атқарған ісіне оң бағасын беріп, Елбасы аға буынға болашақ жастарды осы елдегі тыныштықты сақтауға тәрбиелеуге үндеген болатын. Орта буынды қажырлы еңбек жасауға, ал, жастарды терең білім алуға шақырды. Бүгін Атырау облысының бір топ ардагері, әр саланың қызметкерлері Астанаға келіп, Елорданың әсем жерлерімен танысып, мұндағы биліктің бір өкілі – Парламентте болды. Депутаттардың жұмыс орындарын көзімен көріп, елге барған соң келесі ұрпаққа жеткізсе, бұл еліміздің болашақта дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын.
Сонымен қатар, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттары Асхат Бекенов, Еркін Шпанов және Жалғас Дүйсембаевтар да жерлес ардагерлерді қабылдап, құрмет көрсетті. Ардагерлер игілікті шараның ұйытқысы бола білген облыс басшыларына, облыстық ардагерлер ұйымына, қарсы алып, құрмет көрсеткен жерлес депутаттарға алғыс айтып, ақ батасын берді.

«ҚАРТТАРЫМ,
АМАН-САУ ЖҮРШІ!»

Арман қалаға сапарларын игі іспен ұштастыра білген қариялар республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінде болып, кеңес төрағасы Өмірзақ Озғанбаевпен кездесті.
– Құрметті ағайындар, Астанаға қош келдіңіздер! Сіздермен жүздескенімізге біз де қуанып жатырмыз. Өткен ғасырда сыршыл ақын Сағи Жиенбаев «Қарттарым, аман-сау жүрші» деген екен. Сол сияқты, біз де елдегі ағаларымыз, жайсаң замандастарымыз аман-сау жүрсе екен деп тілеп отырамыз. Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің қатары сиреп, көзі тірілердің де біразы төсекке таңылған. Қазір елімізде 1 миллион жеті жүз мыңдай ардагер бар, соның ішінде 7500-ден астам Ұлы Отан соғысының ардагері қалды, – дей келе Өмірзақ Озғанбаев атыраулық ардагерлердің ішінде болған Еспол Оңайбаевқа қонақжайлылық білдіріп, шапан жапты. – Атырау өңірі – қасиетті жер, киелі ел. Ал, ардагерлер – елдің мәйегі, құты. Себебі, олар тәуелсіздіктің ең алғашқы туын көтерген, бүгінгі күнді жақындатқан азаматтар, қариялардың қоғамдағы орнының ерекше екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, республикалық ардагерлер ұйымының құрылымы туралы тарқатып айтып берді. Бұған қоса, ардагерлердің мәртебесін бекіту мақсатында қазір ҚР Парламентінде «Ардагерлер туралы» Заң жобасының қаралып жатқандығын айтты.
– Жас қаламыз, бас қаламыз Астананың ең көрікті жерлерін араладық, қаланың тарихымен толықтай таныстық, – деді білім беру саласының ардагері Қадим Оңғарсынов. – Парламент үйінде болдық. Елбасының бұрынғы жұмыс кабинетіне де бардық. Теледидардан көріп, газет-радиодан естіп жүрген Бейбітшілік және келісім сарайымен таныстық. «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық кешенінде қыдырдық. Астана опера театрын да араладық. Бұл әсемдікті сөзбен жеткізу мүмкін емес. Астана көз алдымызда көркейіп келе жатыр. Қуанышымызда шек жоқ. Әркімнің әртүрлі жағдайы бар. Кейде адамға дүние жетіп жатса да, мәрттік, жомарттық, кеңжүректілік, уақыт жетпей жатады. Облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовке және бізді бастап алып келген облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Қатимолла Ризуановқа айтар алғысымыз шексіз. Елордамыз дами берсін. Елдің қуанышы, мақтанышына айналған қаланы көріп, көңіліміз әбден толды.
Сонымен қатар, көрсетілген құрметке алғыс білдірген Қилыбай Қуанышбаев та қарттарды сыйлау дәстүрін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қолға алып отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар, «Ардагерлер туралы» Заң жобасы қариялар арасында да талқыланса екен деген тілегін жеткізді.
– Облыс әкімінің қолдауымен Астанаға әр саланың 22 ардагерін алып келіп отырмыз. Ішінде көбі бұрын Елордаға келмеген. Аймақ басшысының тапсырмасымен қарттарға барлық жағдай жасалды. Ардагерлер Парламентте болып, атқарылып жатқан жұмыстармен толықтай танысты. Сапарымыздың басты ерекшелігі де осы болды. Облыста жетпістің үстінде бастауыш ұйымдары бар. бірлескен жұмыстарымыз одан әрі жалғасын таба береді деген сенімдеміз, – деп облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Қатимолла Ризуанов «Ардагерлер Атырау тұлпарларымен Астанада» атты картинаны табыс етті.

ТҮЙІН
Астанадағы әр ғимараттың тарихымен танысып, қаланың өткенінен сыр шертетін көрмелерді тамашалаған қариялар «Тұлпар-Тальго» пойызына мініп, Астанадан Атырауға бір тәулікке жетпес уақыттың ішінде жетіп келді. Әр ардагер Астанадан мақтаныш сезімімен оралды. Жас ұрпақтың ертеңгі күндеріне сеніммен қарап, келешек ұрпақтың болашағымыздың жарқын болатынына көз жеткізді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ,
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Атырау – Астана – Атырау.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Максат

    Облыс әкімдігі ардагерлерге жақсы құрмет көрсеткен екен. Бір жасап қалған шығар қариялар. Осылай жасап тұру керек қой анда-санда, ақшаны жей бергенше…
    Жеу көрге кіргенше тоймайтын көз топыраққа ғана тояды.