Нарыққа тура жол таппай…
ДАҒДАРЫС АЛҚЫМНАН АЛЫП, ТҰРАҚСЫЗДЫҚ БЕЛЕҢ АЛҒАН СӘТТЕ МҰНАЙ ТАСЫМАЛЫНДА ІРКІЛІС ПАЙДА БОЛДЫ. ҚАТТЫ ДАУЫЛДЫҢ САЛДАРЫНАН «КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫНЫҢ» ТЕҢІЗ АСТЫНДАҒЫ ҚҰБЫР ЖЕЛІЛЕРІ ЗАҚЫМДАЛДЫ. АЛ, «ҚАРА АЛТЫНЫМЫЗДЫҢ» БАСЫМ БӨЛІГІ ЭКСПОРТҚА РЕСЕЙ АРҚЫЛЫ ШЫҒАТЫНДЫҚТАН, АПАТТЫҢ КЕСІРІ БІЗДІ ДЕ АЙНАЛЫП ӨТПЕЙТІНІ АНЫҚ. БҮГІНДЕ ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ АҚАУ КӨЛЕМІН АНЫҚТАУ ШАРАЛАРЫН БАСТАП ТА КЕТТІ. ӘЗІРГЕ МҰНАЙ КЕНІШТЕРІ РЕЗЕРВУАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ МӘЖБҮР. БІРАҚ, ОЛ ДА УАҚЫТША АМАЛ. КЕЙБІР САРАПШЫЛАР БҰЛ АХУАЛДАН САЯСИ АСТАР ІЗДЕСЕ, ЕНДІ БІРІ МҰНАЙ ӨНДІРУ КӨЛЕМІН ТӨМЕНДЕТУГЕ ТУРА КЕЛЕТІНІН АЙТЫП ДАБЫЛ ҚАҒУДА. ҚАЙТКЕН КҮНДЕ ДЕ, ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ӘЛЕМДІК НАРЫҚҚА ШЫҚПАЙ ҚАЛУЫ ОТАНДЫҚ ЭКОНОМИКАҒА АЙТАРЛЫҚТАЙ СОҚҚЫ БОЛАРЫ СӨЗСІЗ.
Баршамызға белгілі, Теңіз кенішінен өндірілетін мұнай «Новороссийск» порты арқылы экспортталады. Былтыр «Каспий құбыр консорциумында» 585 танкер тиелген. Айталық, кейбір елдерді қоспағанның өзінде Италияға 213, Францияға 39, Америка Құрама Штаттарына 26, Испанияға 41 танкер жөнелтілген. Құбыр желісінің зақымдалуы салдарынан тиеу жұмыстары тоқтап, қысқарса, бұл елдерге шығарылатын мұнай көлемі де айтарлықтай азаяды деген сөз. Консорциум бас директоры Николай Горбанның хабарлауынша, тексеру барысын[1]да ақау табылуына байланысты үш жылжы[1]малы айлақ қондырғысы жұмысын тоқтатты. Сондықтан, тиеу шаралары да кідіреді. Бас директордың мəліметінше, анықталған зақымдарды тез арада жою мүмкін емес. Ол үшін сүңгуір бригадаларды, көпфункционалды кемелерді тарту қажет.
– Бұл – қиын процесс жəне жоғары технологиялы операцияларды қажет етеді. Алайда бізге, ең алдымен, құбыр желісін шаюға арналған танкер керек. Жүйені шайып алмай, негізгі жұмыстарға кірісе алмаймыз. Зақымдар да аз емес. Егер біз осы ақауларға қарамай жұмысты жалғастыра берсек, экологиялық зардаптар болатын еді. Сондықтан, оны уақытында тоқтаттық. Нақтырақ айтсақ, мұнайды тікелей танкерлерге жеткізетін жүзбелі шлангілер зақымдалған. Енді бір айлақ құрылғысында релингті құбыршектің күштік тірегі бұзылған. Бұларды əрі қарай пайдалануға болмайды,-деген Николай Горбань желілерді қалпына келтіруде өткір проблемалар туындап отырғанын жасырмады.
Шетелдік серіктестер жөндеу жұмыстарына қажетті қосалқы бөлшектерді беруден бас тартқан. «Олар бізге жүзбелі құбыршектердің барлық түрлері мен көлемдерін, сондай-ақ, гидрокомпенсатор жеткізуден бас тартты. Бұл – айлаққа аса қажет тетік. Сонымен қатар, серіктестер топсаларға арналған қосалқы бөлшектерді де жеткізбей отыр. Бұған дейін қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етіп келген Imodco, Blue Water, GoldThompson сияқты шетелдік жеткізушілер өткен жылдың желтоқсан айында аванстық төлем жүргізіліп қойылғанына қарамастан келісім-шартты ресми түрде бұзды,- дейді консорциумның бас директоры Н.Горбань.
Апат айтып келе ме? Оқыс оқиғаның зарда[1]бы толық шешілмейінше, біздің тарап мұнайды балама жолмен жеткізу шараларын қарастырып жатыр.
– Біріншіден, Атыраудан Ресейдің Самара қаласына дейін баратын мұнай құбыры бар. Ол Ресей жүйесіне қосылып, Қара теңіз бен Балтық теңізіне дейін жетеді. Сол құбыр арқылы 6,5-7 миллион тоннаға дейін қосымша мұнай жіберуге болады. Бірақ, оның сапасы өзгереді. Бұрын біз консорциум арқылы «CPC Blend» деген сапа стандартының мұнайын тасымалдасақ, Атырау – Самар арқылы ол «Urals» стандартты мұнай болып шығады, — деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Ведомство басшысының айтуынша, Ақтау теңіз портының қуаттылығы бұрын 12 млн. тоннаға дейін кеңейтілгенмен, қазір мүмкіндігі шектеулі. Бұл порт арқылы тек 5 млн. тоннаға дейін мұнай тасымалдауға болады. Əрі қарай Баку арқылы Қара теңізге дейін, кейін тұтынушыларға кемемен ғана жеткізіледі. Ал, теміржолмен тасымалдауға вагондар саны шектеулі болып тұр.
«Теміржол қатынасын ішкі нарықта пайдаланатындықтан, тек Теңіз портына ғана жеткізуге мүмкіндігіміз бар» деген Болат Ақшолақов Атасу–Алашанкоу маршрутының əлеуеті де төмен екендігін жасырмады. Себебі, Ресеймен арада бекітілген келісім[1]шарттар бар. Атасудан Алашанкоуға дейін баратын құбырдың қуаттылығы 20 млн. тоннаға жеткенімен, қазіргі уақытта тасымалданатын 11,5 миллион тонна мұнайдың 10 миллион тоннасы көрші елдің транзиттік шикізаты. Қалған 1,5-2 миллион тонна – өзіміздің мұнай. Ал, Алашанкоу бойынша өткен жылдары рейверс жұмыстары жасалған болатын. Яғни, бұрын Ақтөбе облысынан Атырауға дейін барған құбыр рейверс арқылы Атыраудан Кеңқияққа дейін бағытын бұрған. Ішкі нарықта мұнай тасымалдауға арналған құбырдың қуаттылығы – 6 млн. тонна. Сондай-ақ, министр оқыс жағдай кезінде мұнайшылар жұмыстан қысқармайтынын, Қашаған кеніші де жұмысын тоқтатпайтынын айтты. Ведомство басшысы ақау екі-үш апта көлемінде қалпына келетініне сенім білдіргенімен, сарапшылар «бұл жұмыс екі-үш айсыз аяқталмайды» дейді.
Айбөпе САБЫРОВА