НҰРСАЯДА ТАҒЫ ДА ҚОНЫС ТОЙЫ
— Президентіміз Н.Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында облыс көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылуда, — деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. — Соның бірі – бүгін тапсырылғалы тұрған тұрғын үй. Бүгін 100 пәтер кілті ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тиесілі болып отыр. Мұндай жоба жалғасатын болады. Биыл облыста 1734 пәтерлі 27 тұрғын үй тапсырылады. Соның ішінде облыс орталығында 1194 пәтерлі 18 тұрғын үй пайдалануға берілмекші. Шілде айында жас отбасыларға арналған 90 пәтерлік үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап аудандарда да көп қабатты үйлердің құрылыстарын бастадық. Соңғы он жылдық ішінде аймақта мұндай құрылыстар жүргізілген емес.
Тоғыз қабатты бір бөлмелі пәтерлерге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған – 100, апатты деп танылған Баймұқанов көшесіндегі №39 үйінің 65 пәтер иесі және мүгедектер мен ауған соғысы ардагерлері қол жеткізді. Пәтер бөлмелері кең, жарық, әрі ыңғайлы.
С.Қазыбаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Қайырғали Шаймардан 2011 жылдан бері бес жыл бойы Атырау сервис колледжінің жатақханасында тұрып келген. Аталған оқу орнының жатақханасы студенттерге лайықталып салынған. Қайырғали бүгін көптен күткен қуанышқа қол жеткізді. Кеше жеке пәтерінің кілтін қолына алғанда оның қуанышында шек болмады. Ол облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен қала әкімі Нұрлыбек Ожаевқа ризашылығын білдіріп, өз атынан Алғыс хат ұсынды.
Сол сияқты, баспаналы болған жаңа қоныс иелерінің қатарында апатты деп танылған Атырау қаласындағы Баймұқанов көшесі №39 үй — жатақхананың тұрғыны Ақжамал Махмұтқызы да болды.
— Жатақханамыздағы жағдай бәріміздің төбемізге жай түсіргендей болған еді. Жасыратыны жоқ, далада қаламыз ба деген қауіп те болды. Алайда, облыс басшылығы қиын жағдайымызға түсіністікпен қарап, шұғыл түрде мәселені шешуге кірісті. Бүгін тағы бір қолдаудың куәсі болып отырмыз. Шексіз қуаныштымыз. Елбасына, облыс басшыларына шексіз алғысымызды білдіреміз, — дейді ол қуанышын бізбен бірге бөлісіп.
Облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов аймақта жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндап, сондай-ақ, апатты деп танылған баспана иелері Шолпан Әбілқызы мен Гүлмайра Жамановаға салтанатты түрде пәтер кілттерін табыс етіп, жаңа қоныстарын аралап, жағдайымен танысты.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.