Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев Атырау қаласындағы кардиологиялық орталыққа барды

img 1845 1 scaled Жаңалықтар

Atr.kz/17 қаңтар, 2020 жыл. Бүгінде біздің медицина өзінің жүйесіз дамуынан өз-өзіне кедергі келтіруде.

Бұл туралы аймаққа іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев Атырау қаласындағы кардиологиялық орталықта болған кездесуінде айтты.

Медициналық орталықтың заманауи мүмкіндіктерімен танысқан депутат дәрігерлермен әңгімелесіп, жаңадан салынып жатқан ғимараттың жұмысын да қадағалады. Аталмыш медициналық ұйым бүгінде озық жабдықтармен жабдықталған.

Мұнда операциялық-хирургиялық блоктар, жансақтау бөлімшесі, қарқынды терапия және диагностикалық бөлімше жұмыс істеп тұр. Бұлардың барлығында қазіргі заманғы рентген-ангиографикалық кешен бар. Сондықтан, қолда бар құралдар арқылы жүректің ишемиялық ауруына шалдыққан науқастарға коронарлық-ангиографикалық және рентгеноэндоваскулярлық  ота жасауға мүмкіндік зор.

Кардиологиялық орталықтың осынау тыныс-тіршілігімен таныстырған денсаулық сақтау ұйымының директоры Марат Қонысов жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалауда қол жеткізген табыстарымен де бөлісті.

Қазіргі уақытта жыл сайын қан айналысы жүйесі бұзылған адамдар, яғни, миокард инфарктісі, артериалдық гипертензия, ми тамырының зақымдануы, стенокардия, жүректің ишемиялық ауруы секілді дерттер көбеюде. Елімізде медициналық көмек көрсетудің біріктірілген моделін енгізу  нәтижесінде миокард ауруының өткір инфарктісін ертерек анықтауға мүмкіндік туды, – деді ол.

Сондай-ақ, кездесуде  кадр тапшылығы жөнінде де айтылды. Орталық басшысының сөзінше, мұнда маман тапшылығы сезілмейді. «Кардиология – енді ғана көтеріліп келе жатқан сала. Сондықтан, жастар бұл салаға әлі де қызығушылық танытып, қызметке келеді деп ойлаймыз. Оларға мұнда жұмыс жасаған ұнайды, жалақысы да қатардағы терапевтімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары» деді Марат Нұрышұлы.

Осы тұста депутат бүгінгі медицинаның орта деңгейіне баса назар аударды. Оның сөзінше, америкалық мейірбикелер жүрекке тікелей ине салуды біледі. Ал, біздің мейірбикелерге мұндай қызметті жасауға әлі мүмкіндік берілмеген.

«Біздің медицина өзінің жүйесіз дамуынан өз-өзіне кедергі келтіруде. Медицина мамандары да өздерінің біліксіздіктерін кейбір тұстарда көрсетіп қалуы салдарынан қадірін жоғалтты. Мұның барлығын алдын алу үшін менің ойымша, өзге мемлекеттердегідей, Қазақстанда да екі-үш клиника университеттермен тығыз байланысып, бірлесе жұмыс жасаса, бұл үлкен іс болар еді. Себебі, маман даярлауда теория мен тәжірибе қатар жүрсе, медицинада біршама табыстарға қол жеткізер едік» деді Бейбіт Мамраев.   

img 1841
img 1843

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

http://atr.kz/bez-rubriki/zh%D2%B1mys-istejtin-adam-kez-kelgen-%D2%9Balada-meditsinaly%D2%9B-k%D3%A9mekti-tegin-ala-alady/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз